Батыс Қазақстан облысында алимент төлемеген 14 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды
Батыс Қазақстан облысында алимент төлемеген 14 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды
Батыс Қазақстан облысында 2016 жылдың күзінен бері алимент төлеуден жалтарып жүрген 80 адам әкімшілік, ал 14 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған, – деп хабарлайды 24.kz арнасы.
Айта кетейік, бұл шара «Алимент төле!» жобасының арқасында жүзеге асырылып отыр. Қазіргі таңда прокурорлар жауапкершілікке тартылған азаматтарға түсінік жұмыстарын жүргізіп, тіпті жұмысқа ораналастыруға да ықпал етуді қолға алыпты.
9 айда 786 әкенің есебінен өз балаларының пайдасына 120 миллион теңгеден астам қаржы өндіріліп алынды. Көлемді тексеру жұмыстарының нәтижесінде 500 астам борышкердің тұрақты түрде табыс табатыны анықталды. Тағы осыншама адамның жеке мал-мүлкі мен көлігі бар. Прокурорлардың сөзінше, егер ақшалай өтей алмаған жағдайда мүлікпен есептесу жағдайлары да қарастырылады.
«Біз жалпы саны 11 мыңдай құжатты қайтадан тексеріп шықтық. Ауқымды жұмыспен біздің қатардағы прокурорлар мен сот орындаушылары айналысты. Біздің есебімізше, борышкерлердің жалпы қарызы 800 миллион теңге. Осы жобаны іске асыру барысындағы 9 ай ішінде оның көлемі 500 миллион теңгеге дейін төмендеді», – дейді Батыс Қазақстан облыстық прокурорының аға көмекшісі Бауыржан Ахметжан.