Жаңалықтар

Отбасы татулығы - кемел келешектің бастауы

ашық дереккөзі

Отбасы татулығы - кемел келешектің бастауы

Заманымыздың заңғар жазушысы Ғабит Мүсіреповтің: «Мал баласын бауырында өсіреді, ағаш біткен ұрығын ығына қарай төгеді. Адам баласы аялы алақанда ержетіп, қоғамның шылауында тәрбиеленеді» деп айтқаны бар. Осы тұрғыдан келгенде қазақ елі өз тәуелсіздігінің 25 жылында ел іргесін толық бекемдеуден өткізіп, әлеуметтік-экономикалық саладағы жаңғыруларды ұрпақ тәрбиесімен орайластыра жүргізіп келеді. Құқық қорғау органдары, оның ішінде прокуратура органдарының да бұл мәселеге айрықша көңіл бөліп отыруы тегіннен тегін емес. ҚР Бас Прокуратурасының бастамасымен қолға алынған «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» атты республикалық пилоттық жобаның өз көтерер жүгі, айқын мақсаты бар. Онда көзделген іс-шаралар жастарға, келешек жеткіншекке салауатты өмір салтын насихаттаумен бірге, оларды өнерге, спортқа баулып, қызығушылықтарын арттыруды мақсат тұтады. Пилоттық жобаның аясында өткізілген іс-шараға республикамызға ғана емес, әлемге аты танымал спортшыларымыздың келгені жері жәннат, суы емге шипа Сарыағаш өңірінің халқын елең еткізгені анық. Атап айтар болсақ олар: күрестен «Қазақстан Барысы» кубогының жүлдегері Жұманазар Ерсұлтанов, бокстан әлем чемпионы Біржан Жақыпов, қол күресінен әлемнің, Азия біріншіліктерінің бірнеше дүркін жеңімпаздары Шыңболат Райханов пен Мағжан Шәмиевтер еді. Атақты спортшыларымыз жас жеткіншектермен бірге өнер көрсетіп қана қоймай, естеліктер айтып, жинақтаған тәжірибелерімен бөлісті. «Спортта жетістікке қол жеткізу үшін алдымен өз еліңнің, содан кейін өзге де мемлекеттердің тарихын білу керек. Спорттың арқасында талай керемет жерлерді көресің. Спорт қашанда бастаған ісіңді соңына дейін жеткізуге үндеп, еңбекқорлыққа, жауапкершілікке үйретеді» - дейді спортшылар.