Балқашқа келетін туристер қатары 20-30 пайызға артады

Балқашқа келетін туристер қатары 20-30 пайызға артады

Балқашқа келетін туристер қатары 20-30 пайызға артады
ашық дереккөзі
Қазақстанда туризм саласы қалай дамып келеді, тамылжыған табиғатымызды тиімді пайдаланып отырмыз ба? Осы мәселелер Балқаш қаласында өткен туристік форумда кеңінен талқыланды. Жиынға туристік операторлар, кәсіпкерлер, атқарушы билік өкілдері қатысты, деп хабарлайды 24.kz. «Тарихы бай, табиғаты көркем Қазақстанды келешекте туристік елге айналдыруға әбден болады», – дейді форумға қатысушылар. Ол үшін еліміздің әлеуеті жеткілікті. Айталық, бір ғана Қарағанды облысында 12 табиғи қорық, 2 ұлттық парк және 2700-ден астам тарихи-мәдени ескерткіш бар екен. Ендігі басты міндет – инфрақұрылымды жетілдіру, қызмет көрсету сапасын арттыру. Биыл Балқаш қаласында осы бағытта 15 жоба қолға алыныпты. Байзақ Әлмағанбетов, қалалық кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімінің басшысы: - Қазіргі кезде бізде Балқаш қаласына қарайтын 4 демалыс орны үздіксіз жұмыс жасап тұр. Биыл, ендігі жылы тағы 4 демалыс орнын ашуды көздеп отырмыз. Бізде тілек білдірушілер, туристік жобаны әрі қарай апарамын дейтін кәсіпкерлер көп, біз оларды қолдап отырмыз.  Бір ғана Балқаш қаласына өткен жылы 33 мың турист келіпті. Олардан жергілікті қазынаға түскен қаржы көлемі 330 млн теңгеден асады. Ал биыл ЕХРО көрмесінің өтуіне орай, жиһанкездердің саны 20-30%-ға артады деп болжануда. Демалушылардың негізгі легі шілде мен тамыз айларында келеді деп күтіліп отыр. Олардың арасында ЕХРО қонақтары да бар. Ең бастысы, Балқаш қаласы туристерді қабылдауға дайын. Мұндағы қонақ үйлер мен демалыс орындарына тәулігіне шамамен 2000 адам тоқтай алады. Мамандардың айтуынша, соңғы үш жыл ішінде Балқаш қаласында қонақтарды қабылдайтын орындардың саны 22%-ға артқан. Жуырда мұнда бірнеше әуе рейсі ашылыпты. Ал Балқашты кесіп өтетін 4 жолақты күре жол 2019-2021 жылдары салынбақ. Дей тұрғанымен көлге келетін қонақтардың қатары жыл сайын ұлғайып отыр. Мәркен Еңсегенов, Астана қаласының тұрғыны: - 5 жылда келсек, жылда-жылда осы жердің істелген істері көп. Жағадағы тазалықтары да жақсы. Міне, осылай алға басып, осылай дамып кетеміз. Отандық туризмді халық қолдауы керек. Ақшамызды сыртқа шығара беруге болмайды, елге қосу керек. Форум соңында Балқаш қаласының кәсіпкерлері мен туристік компаниялар арасында өзара ынтымақтастық жөнінде екіжақты бірнеше келісімге қол қойылды. «Бұл құжат алдағы жылдары туристердің Балқаш қаласына көптеп келуіне, осылайша ішкі туризмнің ілгері басуына ықпал етеді», – дейді қос тарап.