Жаңалықтар

Министр: Ғимаратқа кіргенде мені де тексереді

ашық дереккөзі

Министр: Ғимаратқа кіргенде мені де тексереді

Бүгін халыққа есеп беру кездесуі кезінде Әділет министрі Марат Бекетаев әкімшілік ғимараттарда ұялы телефонды пайдалануға салынған тыйымға қатысты сауалға жауап берді, деп хабарлайды Baq.kz. «Адвокаттық қызмет туралы заңға сәйкес, адвокаттың мүлкі, заттары мен құжаттарын жіті тексеруге, алып қоюға болмайды. Алайда бұл норма үзілді-кесілді бұзылып отыр, себебі сот процесі кезінде, мемлекеттік органдарға кірген кезде біздің видео, аудитехникамызды, компьютерімізді алып қояды. Бұл сапалы заңгерлік көмек көрсетуге айтарлықтай кері әсерін тигізеді. Себебі сот процесі кезінде бізге заңнаманың белгілі бір нормасына жүгіну қажет болып жатады. Ал бізде ондай мүмкіндік болмайды. Осындай әрекеттер қаншалықты заңды?», - деп сұрады министрден Ақмола облыстық адвокаттар алқасы президиумының төрайымы Ғалия Ибраева. Министр мұның заңға қайшы еместігін және тек қауіпсіздік мақсатында жасалатын шара екенін атап өтті. «Менің позициям – бұл әрекеттер заңды. Мәселен, әуежайда жүгіңізді тексергенде, ешкім шағымданбайды ғой. Себебі бұл қауіпсіздік үшін қажет. Әуежай ерекше бақыланатын нысандарға жатады, соттар мен әкімшілік мемлекеттік органдардың ғимараттары да – ерекше күзетілетін нысандар. Бұл азаматтардың қауіпсіздігі үшін жасалады. Мәселен, үкімет ғимаратына кіргенде мені де тексереді, мен наразылық білдірмеймін. Меніңше, қауіпсіздік мәселесі ең бірінші орында тұруы тиіс», - дейді министр. «Мен де ғимаратқа кіргенде ұялы телефонымды қалдырып кетемін, қауіпсіздік талабы сондай», - деп жауап берді Марат Бекетаев.