Жаңалықтар

Қызықты жаз, қымбат жолдама

ашық дереккөзі

Қызықты жаз, қымбат жолдама

Жаз айларында жұртшылық жақсылап демалғанды жөн санайды. Мектеп оқушылары да өздерінің жазғы каникулдарын ерекше өткізуді қалайды. Биыл балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруға билік те ерекше назар аударып отыр. Бірақ барлық ата-ананың баласының жазғы демалыстағы әр күнін мерекеге айналдыруға мүмкіндігі жете бермейді. Бірінің жұмыстан қолы босамайды, енді бірінің әлеуметтік жағдайы келіспейді. Өйткені ақылы лагерьлердің көпшілігіне жолдама құны қымбат. 

Биыл 1 млн 655 мың бала жазғы лагерьге барады

Ел ертеңі – бүгінгі балалар. Балалардың денінің сау болуына, сапалы білім алуына баса назар аударатындығымыз да сондықтан. Ел үкіметі балалардың білім алуын ғана қадағалап қоймай, жазғы демалысын ұйымдастыруға да барынша атсалысуы қажет. Білім және ғылым министрлігі балалардың жазғы демалыс уақытын өткізуіне тыңғылықты дайындалады. Мәселен, биыл жазғы лагерьдегі демалыспен 1 млн 655 мың бала қамтылмақ. Айта кетейік, 2017 жылы 1-10 сынып оқушыларының саны 2 млн 671 мыңға жетті. «Каникул кезiнде балалар үшiн қосымша сабақпен айналысудың әртүрлi жолдары қарастырылып отыр. Жазда 600-ден астам олимпиялық мектеп, 2 мың тiлдiк мектеп, 10 мың шығармашылық орталық, 14 мың спорттық-туристiк бағыттағы ұйым, 15 мың еңбек және демалыс орманшылық лагерi мен топтары жұмыс iстейдi», – деген болатын Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев. Министрдің айтуынша, жазғы уақытта балалардың бос уақытын тиімді өткізу үшін мектеп ғимараттарын барынша тиімді пайдаланған жөн.  «Бүгінде балалар мектеп жанындағы лагерьлерде тек 10 күн ғана жүре алады. Ал каникулдардың мерзімі – 90 күн. Біздіңше, бұл жерде үлкен  резерв бар. Балалар жаз бойы мектеп жанындағы спорттық және өзге де лагерьлерге бара алады. Ол үшін не істеу керек? Алдымен тиісті жағдайларды жасау қажет. Одан кейін кәсіби мамандар, еріктілер мен студенттер керек. Бос кабинеттер мен залдар бар. Алайда осының бәрін ұйымдастыру үшін  «Білім туралы» заңға өзгерістер енгізу қажет. Сонда  мектептер материалдық-теxникалық базаны өздігімен пайдаланып, жаз бойы балалардың демалысын ұйымдастыра алады. Ал қамқоршылық кеңестері мен  ата-аналар бақылау шараларын жүргізеді», – деген министр мамыр айында өткен Үкімет отырысында.

Өңірлер министр тапсырмасын орындауда

Білім саласына жауапты бас ұстаз жыл сайын оқушылардың жазғы демалысын балалардың денсаулығын нығайтуға, білімін арттыруға, шығармашылық өнерді меңгеруге мүмкіндік беретіндей етіп ұйымдастыру туралы тапсырма береді. Биыл да министр дәстүрден жаңылған жоқ. Жергілікті білім басқармалары да қарап қалмақ емес. Мәселен, биылғы жылы Оңтүстік Қазақстан облысында балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру мақсатында аймақтағы 1858 түрлі бағыттағы лагерьлер жұмыс жасайды. Ал оларда 244 мыңнан астам бала демалады. Бұл жалпы оқушылардың 42 пайызын құрайды. Оның ішінде 32 мыңға жуық оқушы лагерьлерге тегін жіберіледі. Қала сыртындағы 22 сауықтыру лагерінде 28 мыңнан астам бала демалса, 15 мың бала өзге өңірлер мен шет мемлекеттердегі лагерьлерге барады. Ал Ақмола облысында осы жылы 100 мыңнан астам бала жазғы лагерьде демалады. Ақмола облыстық білім басқармасының мəліметі бойынша, биылғы жылы облыста бірінші сыныптан оныншы сыныпқа дейін оқып, білім алып жатқан 110 480 оқушы бар. Балалардың жазғы демалысы кезінде 107 228 оқушыны қамту көзделіп отыр. Өткен жылмен салыстырғанда, 0,7 пайыз өсім бар. Ал еңбекке баулу ісімен 93 900 оқушы қамтылмақ. Осынша оқушыға жазғы демалыстары кезінде 17 қала сыртындағы балаларды сауықтыру орталықтары қызмет көрсетеді. Биыл 20 бала «Бөбек» сауықтыру орталығында денсаулықтарын нығайтады, 85 оқушы Бурабай баурайындағы республикалық оқу-сауықтыру орталығында кезекпен демалады. Жетпіске жуық оқушы Қапшағай қаласындағы сауықтыру орталықтарына бармақшы. Оның үстіне, балалардың жазғы демалысы кезінде әрқилы үйірмелер мен 98 аула клубы жұмыс істейді. Оған қоса, «Жас ұлан», «Жас қыран», олимпиада резервтері мектептерінің жазғы демалыс лагерьлері, 314 тіл үйрететін лагерьлер жұмыс істейді. «Туған жер» бағдарламасы бойынша «Ұлы дала елі» экспедициясы ұйымдастырылмақ. Осылай Қазақстанның 14 облысында да балалардың демалысы үшін қолдан келгеннің бәрі жасалмақшы. Бірақ...

Жолдама құны неге қымбат?

Балалардың демалып, келесі оқу жылына дейін күш жинауына ыңғайлы жаз мезгілінде оқушылардың бәрі де демалыс орындары мен лагерьлерге барғысы келеді. Мұны ата-аналар да құптайды. Себебі мұндай орталықтарда балалар өздерінің бос уақыттарын тиімді пайдаланады, шығармашылықпен айналысып, ортамен қарым-қатынас жасауды меңгереді. Тіпті, денсаулықтарын да нығайтуға мүмкіндік бар. Биылғы жылы мектеп оқушыларының жазғы демалысын ұйымдастыру үшін республика бойынша 14 мыңға жуық денсаулық лагері мен алаңдары жұмыс істейді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 пайызға артық. Алайда мұндай тегін орталықтар балалардың барлығын бірдей қабылдай алмайды. Сондықтан, кейбір ата-аналар балаларын ақылы лагерьлерге жібереді. Ақылы демалысты қалтасы көтермейтін отбасындағы балаларға таң атқаннан күн батқанға дейін ауланың шаңын шығарып ойнағаннан өзге амал қалмайды.  Тіпті, күн ұзақ уақытын бос өткізіп, ата-анасы жұмыста болғанда үйде қамалып отыратын балалар да бар. Кейбір балалар компьютерлік клубтарды жағалап, ғаламтордағы  ойындардан бас алмай  уақытын өткізеді. Сондай-ақ, ата-аналардың біразы жаз айларында балаларын қаладан ауылға, ауылдан қалаға жібергенді құп көреді. Әрине, ақылы демалыс орындары мен лагерьлерге әрбір ата-ана балаларын өз қалауынша және қалтасына қарай жібереді. Айта кетейік, лагерьлерге берілетін жолдама бағасы олардың ұсынып отырған қызметі мен орналасқан жеріне байланысты. Деректерге сүйенсек, қазіргі уақытта лагерьлер жолдамасының орташа құны күніне 5-7 мың теңгені құрайды екен. Ал баласын 10 күнге лагерьге жіберу үшін 50-70 мың теңге қажет. Тіпті, елімізде күндік ақысы 15-20 мың теңгені құрайтын демалыс орындары мен лагерьлер де бар. Мұндай орталықта баласының 10 күн демалуын қалаған ата-ана 150-200 мың теңге көлемінде қаражат жұмсайды. Ал айлығы шайлығынан артылмайтын кей отбасылар үшін лагерьге мұншалықты қаражат жұмсау ақылға сыйымсыз болып көрінетіні анық. Құны қымбат болғанымен, мұндай ақылы орталықтар балалардың дамуына, салауатты өмір салтын ұстануына, шығармашылыққа бейімделуіне үлкен мүмкіндік береді. Сондай-ақ, жолдама құны 20-30 мың теңге аралығын қамтитын қала сыртындағы лагерьлер де бар. Бірақ мұндай лагерьлердің ұсынатын қызмет түрлерін жоғарыдағы қымбат орталықтармен салыстыруға келмейді. Үкімет 2,5 миллион баланың 1,5 миллионнан астамын жазғы демалыспен қамтамасыз ететіндігін мәлімдеді. Ал қалған 1 миллион бала қайтпек? Қалғандарын ата-аналары ақылы лагерьлерге жіберді делік. Жолдама ақысын қалтасы көтермейтін отбасылар ше? Мұндай отбасындағы балалардың да қатарынан қалғысы келмейтіні, өзгелер секілді лагерьге барып, демалыс орындарында тыныққысы келетіндігі белгілі. Ал баласының бұл тілегін орындай алмайтын ата-аналарға неге жеңілдіктер қарастырылмайды? Жеңілдікті былай қойғанда, балалардың 10 күндік демалысына 50-70 мың теңге (мұның өзі орташа есеппен) сұрау қаншалықты орынды? Балалардың жазғы демалысын ұйымдастырып, бос уақытын тиімді пайдалануы үшін жағдай жасауға ниетті ведомство басшылығы осы мәселені шешуге қауқарсыз ба? Онсыз да қымбатшылық алқымнан алып тұрған шақта лагерьлердің мұншалықты көп қаржы сұрауы ата-аналарды одан сайын титықтады. Бұдан бөлек жыл сайын елімізде жазғы лагерьлерде орын жетпей жататыны тағы бар. Әр маусым сайын кезек күтетін балалардың қарасы қалың. Әрине, бала санының көп болғаны осындай ақылы орталықтардың жұмысын дөңгелетіп отырғандар үшін тиімді. Лагерьлер саны аз болғандықтан, ақысының да қымбат болары сөзсіз. Егер Үкімет сауықтыру орталықтары мен лагерьлер санын арттыруға күш салса, мынадай шарықтаған баға да болмас па еді, кім білсін?!

Бос уақыттың көптігі – қылмыстың артуына себеп

Соңғы уақытта мектепте оқитын жас­өспірімдер арасындағы қылмыстың азаймай отырғандығы жиі айтылатын болды. Кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың көбеюіне не себеп? Басты себептердің бірі – бос уақытты тиімді пайдаланбау. Кейбір ата-аналар демалыста баласының немен айналысатындығына назар да аудармайды. Бірінің жұмыстан қолы босамайды. Енді бірі бала тәрбиесіне жауапсыз қарайтындар. Егер бала бос уақытында түрлі үйірмелерге жазылып, спортпен айналысса, тіпті, ата-анасына үй шаруасына көмектесер болса, теріс әрекетке мойын бұруға шамасы да келмейді. Әсіресе, жасөспірімдер арасындағы қылмыстар мен түрлі құқық бұзушылықтар жаз мезгілінде жиі тіркеледі. Өйткені жазғы демалыста бос сенделіп жүретіндер көп. Жасөспірімдер  көбінесе бұзақылық, ұрлық, алаяқтық жасауға үйір. Сондықтан, осы мезгілде мамандар тарапынан күндізгі және түнгі рейд жұмыстары жоспарлы түрде жүргізіледі. Ендігі бір түйткіл жасөспірімдердің ғаламторға тәуелділігі де олардың психологиясына кері әсер етеді. Үш ай бойы қолы бос оқушылардың компьютерлік ойындарға беріліп, әлеуметтік желілердің қызығына түсіп кетуі де қауіпті. Бірақ көпшілік ата-аналар бұған баса мән бере бермейді. Баласының бір сәт танымын кеңейтіп, дүниеге көзқарасын қалыптастырудың орнына ғаламторға телміріп, ешбір бәлеге басы шатылмай жүргенін құп көретін ата-аналар қаншама. Осындай жағдайларды ескерер болсақ, балалардың үш айлық жазғы каникул кезінде арнайы орталықтар мен лагерьлерде уақытын тиімді өткізгені өте дұрыс екендігін ұғынамыз. Бірақ жазғы лагерьлер жолдамасының қымбаттығы тағы да аяққа тұсау болуда. Сондықтан, Үкімет осы мәселеге баса назар аударып, лагерьлер жолдамасының бағасын арзандатса, талай ата-ана мен балаларды қуантар еді.