Жаңалықтар

Маңғыстаудан акулалардың тісі табылды

ашық дереккөзі

Маңғыстаудан акулалардың тісі табылды

Тарихи жәдігерді «Киелі Қазақстан» экспедициясының өлкетанушылары анықтап отыр. Айтуларынша, қазір адамдар тұрып жатқан жерде бұрын мұхит болған. Еліміздің жалпақ жұртқа белгісіз осындай тұстарын зерттеуге шыққан өлкетанушылар тобы Астанадан Маңғыстауға жеткенше 3 жарым мың шақырымнан астам жолды жүріп өтті деп хабарлады КТК арнасы. Каспий – туристерді Маңғыстау облысына тартатын негізгі орындардың бірі болуы тиіс дейді археологтар. Өйткені, бағзы замандарда оның орнында басқа елдермен байланыс орнатқан құрлық жолы болыпты. Ал Шетпе ауылының маңы бір кездері мұхиттың тұңғиық түбі болған. Бұл жерден акулалар тісінің табылуы да бекер емес. Виталий Шуптар, тарихи-географиялық қоғамының жетекшісі: -Бұл жай ғана болжам емес, нақты дерек. Мұндай айғақтарды бүкіл Маңғыстаудан да, тіпті Арал теңізінен де табуға болады. Сондықтан, бұл тек жай туристер үшін ғана емес, тарихшылар үшін де қызықты дүние. «Киелі Қазақстан» экспедициясының өкілдеріне Астанадан Маңғыстау облысына, одан әрі Маңғыстау түбегіне жету оңайға соқпапты. Аптап ыстықта техникалар сыр беріп, картаға түспеген жерде жол табу да саяхатшыларды біраз әуреге салған. Экспедицияның мақсаты – өңірлердегі киелі жерлерді аралап, оларды туристер жиі қолданатын карталарға енгізу. «Қасиетті Қазақстан» ұжымы қазірдің өзінде «Шақпақ Ата», «Сұлтан Апа» жерасты мешіттерінде болып үлгерген. Олардың ендігі бағыты «Бекет Ата» мешітінде түнеу.