Құрылтайға 7 елдегі қандастарымыз арнайы пойызбен келді
Құрылтайға 7 елдегі қандастарымыз арнайы пойызбен келді
Елордадағы Құрылтайға 7 елден қандастарымыз арнайы пойызбен келді. Бүгін «Нұрлы жол» жаңа вокзалында Астанадағы бесінші Дүниежүзі қазақтарының құрылтайына қатысушыларды салтанатты күтіп алу рәсімі өткізілді.
«ҚТЖ» ҰК» АҚ елордада маусымның 22-25 күндері өткізілетін бесінші Дүниежүзі қазақтарының құрылтайына бес жаңа үлгідегі жолаушылар вагонын бөлді. Алматы-Астана- Нұрлы жол бағдарымен келіп тоқтаған арнайы пойызбен Тәжікстан, Түрікменстан, Ауғанстан, Иран, Монғолия, Қытай, Германиядан этникалық қазақтар келіп жетті, деп хабарлайды «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі. «Әр келген сайын Астананың жасарып, жаңғырғанына таң қалумен келемін. Бүгін бізді жаңа заманауи ғажайып вокзалда құшақ жая күтіп алды. Мұнда жолаушылар үшін барлық жағдайлар жасалған екен», - дейді моңғолиялық Лашын Әукетайқызы.
Құрылтай қонақтары Астанада Халықаралық мамандандырылған ЭКСПО-2017 көрмесінде, «Қазанат» этноауылында, Ұлттық мұражайда болып, бірқатар мәдени орындарды араламақ. Бесінші Дүниежүзі қазақтарының құрылтайына 750 қонақ мен делегаттар, оның ішінде 39 алыс та жақын шет елдерден 350 адам келеді.