Елбасы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 30-пленарлық отырысына қатысты
Елбасы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 30-пленарлық отырысына қатысты
Мемлекет басшысы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 30-пленарлық отырысына қатысты, деп хабарлайды akorda.kz.
Қазақстан Президенті әлемдік қоғамдастық энергияның жаңа көздерін белсенді түрде іздестіріп жатқанын әрі технологиялық ілгерілеу қарсаңында тұрғанын атап өтті. – Биыл Астанада «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізудің идеологиясы мемлекеттердің таза энергияны дамытуға бағытталған күш-жігерін тоғыстыруға негізделген, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы энергия өндірудің аралас жүйесі еліміз үшін ең қолайлы екенін айтты. – Бұл жаңартылатын энергетиканы қоса дамыта отырып, дәстүрлі қуат көздерінен энергия өндіру дегенді білдіреді. Бізде жаңартылатын энергия көздерінің әлеуеті зор. Жел энергетикасы жылына 920 миллиард киловатт/сағат өндіреді деп бағаланады. Еліміздің су энергия әлеуеті 62 миллиард киловатт/сағатты құрайды. Күн энергиясының әлеуеті жылына 2,5 миллиард киловатт/сағатқа дейін жетеді, – деді Қазақстан Президенті.
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев «Астана ЭКСПО-2017» көрмесінің базасында «Болашақтың энергиясы» деген атаумен «Жасыл» технологиялар мен инвестицияларды дамыту жөніндегі халықаралық орталық құрылатынын атап өтті. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы бизнес ахуалын жақсарту, «жасыл» технологияларға арналған қаражат жүйесін, жер қойнауында сирек кездесетін металдарды қолдану технологиясын, өзіндік ғылыми-техникалық әлеуетті дамыту жөніндегі жұмыстарды жалғастыру қажеттігіне тоқталып, жаңартылатын энергия көздері секторын одан әрі қалыптастыру мәселесіне назар аударды. Соңында Қазақстан Президенті Кеңестің көп жылғы жұмысын жоғары бағалап, жиынға қатысушылардың барлығына табыс тіледі. Сонымен қатар, отырыста айтылған барлық ұсыныс Үкіметте қаралып, алдағы жұмыс барысында ескерілетінін айтты.