Айналамыздың бәрі қуат көзіне толы
Айналамыздың бәрі қуат көзіне толы
Қазір ақпарат айдынында не көп, ЭКСПО-2017 туралы сандық көрсеткіштер, түрлі тарихи дерек, түрлі хабар-ошар көп. Бірақ соның ішінде Астанадан алыстау жатқан ағайынға ЭКСПО-да нақты не бар екенін тәптіштей баяндап, түсіндіріп беретін материал некен-саяқ сияқты. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін әр аптада ЭКСПО-қалашықта көрген-білген елден ерек дүние, таңдай қақтырар ғылыми-инновациялық жаңалықтарды таныстырып отырғанды жөн көрдік. 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйымның павильоны орналасқан, өзі 174 гектар аумақты алып жатқан көрмені бастан-аяқ аралап шығу оңай шаруа емес. Оның үстіне, әр ел өзінің барын жарқырата көрсетуге ұмтылған интеллектуалды жарыс алаңқайына ұқсайды. Түптің түбінде, осындай көрмелер әлемдік ғылыми ойдағы жауһар дүниелерді жарыққа шығару үшін өткізіледі емес пе?!
Біз астаналық ЭКСПО-қалашықтың таңғажайыптарын теруді көрменің тұсауы кесілген алғашқы күндердің бірінде жолымыз түскен Израиль павильонын сипаттаудан бастағанды жөн көрдік. Себебі осы жолы дәл осы халықтың қазақтармен ұқсастығын байқағандаймыз. Бұл павильон осы елдің баламалы қуат көздерін дамытуда қандай жетістіктерге қол жеткізгенін баяндайтын шағын фильммен қарсы алады екен. Қабырғаларға жағалай ілінген 12-метрлік үлкен LED-экрандағы бейнебаяннан түйсінгеніміз – Израиль қуатты кез келген нәрседен алуға болады деп санайды. Яғни, күн, жел немесе биомасса, ғарыш қуат көздерімен шектеліп қалмай, кешегі тамақ қалдығы, сиырдың тезегі сияқты нәрселерден қуат өндіруді қолға алған. Осы орайда, ауылда тезек теріп өскен балалық шақ еске түсті ме, әйтеуір, қазақтың байырғы тұрмысы қазір ұран болған қайталанбалы қуат көздерін тұтынуға ежелден бейімделген екен ғой деген ой келді. Расында, қазақ ысырапты білетін, қоршаған ортаны барынша күтіп ұстайтын, бұл тұрғыда өз заманына сай түрлі инновациялық жаңалықтарға бай халық. Тек өзімізде барды жарқырата көрсету, әуелі өзімізді өзімізге мойындатуда кенже қалып жататынымыз бар...
Израильдің бар аумағы Қазақстан жерінің бір пайызына да жетпейді екен. Бұл ел табиғи қорға да, жерге де онша бай емес. «Біздің ең басты қорымыз – адам», – дейді Израиль павильонының комиссары Элазар Коэн. «Израильді инновациялық, технологиялық жетістіктерге жетелеп келе жатқан – осы адами ресурсы», – дейді ол.
Израиль 2020 жылы тұтынатын энергияның 10 пайызын қайталанбалы қуат көздерінен алуды жоспарлап отыр. Бұл – заманауи технологиялар жетістігін ұтымды пайдаланып, адамның ақыл-ойын барынша пайдаланып, қолдағы аз қорды үнемдеп, ұқсатып, қазақша айтқанда, «қалауын тапса, қар жанады» дегенді іс жүзінде дәлелдеп жүрген халық. Мысалы, су тапшылығынан құтылу үшін Израиль инновациялық шешімдер тапқан. Өсімдік шаруашылығындағы тамшылап суару әдісінің Израильде ойлап табылғаны мәлім. Қазір бұл технологияны қазақ диқандары да қолданып жүр. Тұқым шаруашылығында Израиль агрономдары өнімділікті арттыруға қол жеткізетін жаңалық ашты.
Сонымен, Израиль павильонында биші қыздың өнерін мөлдір экрандағы бейне кесіндемелермен және ауаға жазылған жазулармен көркемдеген ерешке шоуды тамашаладық. «Креативті қуат көздері» деген тақырыпты таңдаған павильон осылайша адамның қуаты мен өнерін заманауи технологияларға астастырып, көрме тақырыбын ашуда барынша ұшқырлық танытуды және қуат көздерін іздеуде табиғаттың әрбір құбылысын пайдалануды ұсынады. Өзгеше тұрпатты пәлсапалық пайымымен ЭКСПО көрмесіне жасампаздық реңк берген павильонды тамашалап болған соң, осы павильонның комиссары Элазар Коэн мырзаға жолығып, арнайы сұхбат жасадық.
Комиссар Элазар КОЭН:
Астаналық ЭКСПО туралы тон пішуге әлі ерте
– Павильон идеясын кеңірек түсіндіріп беріңізші. «Креативті қуат көздері» ұраны көрме тақырыбына астас секілді көрінді. Астана ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысқанда Израильдің ұтары не? – Біз бұл павильон арқылы Израиль халқының рухын көрсетуді мақсат еттік. Қолдағысын ұқсатып, барын одан әрі жақсартуға бейім жасампаз халықтың рухын паш еткіміз келді. Ақыл-ой қуатына сүйеніп, ақиқатты іздеуге ұмтылған халықты таныстыруды көздедік. Шындығын айтқанда, Қазақстан мен Израильдің тыныс-тіршілігі бір-бірімен қабысып жатыр деуге келмейді. Сондықтан бұл ЭКСПО Израиль үшін қазақ халқына ілтипат білдіріп, өзін таныстырудың мүмкіндігі. Халқымыздың бойындағы ізгі қасиеттері жасампаздық, инновациялық жаңа технологияларды дамытуға сеп болды. Павильон табалдырығынан аттай бере біздің жасампаздығымыздың нәтижесін көре аласыздар, яғни кез келген нәрседен қуат өндіруді сипаттайды. Одан соң сіз би өнері мен технологияның кірігуінен құралған шоу-бағдарламаны тамашалай аласыз. Би үстінде биші қыз кейде әуеде қалықтап жүргендей әсер қалдырады, бұл адамның ақыл-ойының кейде аспандауын, бірақ әркез жерге қайта түсетінін меңзейді. Жерден тамыр алдық, бірақ біздің ақыл-ойымыз көкке ұмтылады, яғни аяғымыз жерде тұрғанымен, қиялымыз бен ойымыз арқылы біз кез келген қиянға жетіп, көкке көтеріле аламыз деген идея. Осылайша біз жасампаздық пен нақты өмірді байланыстыра аламыз. – Израиль бұған дейін бірталай ЭКСПО көрмелеріне қатысқанын білеміз. – Иә, 2010 жылы Израиль Қытайдағы Шанхай көрмесіне, 2012 жылы Оңтүстік Кореядағы Есу, ал 2015 жылы Италиядағы Милан көрмесіне қатысты. – Яғни, осы көрмелерге қатысу тәжірибесін қорытып, өзара салыстыра алатын тәжірибеңіз бар ғой... – Шынымды айтсам, мен алдыңғы көрмелерді тек Миландағы ЭКСПО-мен салыстыра аламын. Оның үстіне, әрбір елдегі ЭКСПО-ның өзіндік қайталанбас қолтаңбасы болады. Мысалы, бір отбасындағы екі баланы салыстыра алмайтыныңыз сияқты ғой. Ашығын айтқанда, астаналық ЭКСПО-ның шын сипаты қандай дегенді айтуға әлі ерте шығар, себебі оның шымылдығы түрілгеніне санаулы күндер ғана өтті. Бірақ оның сәтті өтеріне сенімім кәміл. – Осы ЭКСПО-ның Қазақстан үшін және қатысушы 115 мемлекет үшін ауыз толтырып айтуға татитын нәтижесі болады деп ойлайсыз ба? – Әрине. Мен адамдар арасындағы, топтар арасындағы, мемлекеттер арасындағы кездесулер белгілі бір деңгейде бірлескен қуат тудырады деп санаймын. Астаналық ЭКСПО-да жүздеген елдер мен ұйымдар жүздесіп, бір мезгілде бір жерде тоқайласуы міндетті түрде игі нәтиже әкеледі. – Павильонда қанша адам жұмыс істейді? – 35 адам. – Павильонды құру, көркемдеу шығыны қанша болды? – Егер тек павильонға жұмсалған нақты шығынды айтсақ, ол 4 миллион доллардан асты. Бұл көрмені ұйымдастыруға Израиль ғана емес, көптеген елдер көп қаржы жұмсады, оның ішінде Қазақстан үкіметі де қыруар инвестиция құйды. Сондықтан қазақ халқы бұл көрмені тамашалауға тайлы-тұяғы қалмай келеді деп үміттенеміз. Көрменің ойдағыдай өтуі оның көрермендерінің санының көптігіне тығыз байланысты. 29 маусым ЭКСПО аясында Израильдің ұлттық күні деп жарияланған. Бұл күні көрме қонақтары Израильден келген әртістердің өнерін тамашалап, ұлттық ән-күйін тыңдай алады.