Ғалам - ортақ үйіміз

Ғалам - ортақ үйіміз

Ғалам - ортақ үйіміз
ашық дереккөзі
Осы күндері Астанада Нобель сыйлығы лауреаттарын көшеде кезіктіруге болады. Олардың бірсыпырасы Астана экономикалық форумына келсе, басқалары Дүниежүзілік инженерлер мен ғалымдар конгресінің жұмысына қатысу үшін арнайы ат басын бұрған. Әлбетте, олардың бәрі – ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің құрметті қонақтары. Үш күндік Дүниежүзілік инженерлер мен ғалымдардың конгресі елордада бірінші рет өткізіліп отыр. WSEC-2017 Халықаралық бағдарламалық комитетінің төрағасы, Қазақстан ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының президенті, академик Нұртай Әбіқаевтың айтуынша, бұл Конгресті өткізу идеясы осыдан үш жыл бұрын ойға алынған жоба екен. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Конгресс қатысушыларына жолдаған үндеуін Н.Әбіқаев оқып берді. Бастан-аяқ қазақ тілінде оқылған үндеудің түйінінде – бұл жиын ғаламдық «таза энергетиканың қалыптасуына септігін тигізеді» және «энергетикалық проблемалардың тиімді шешімдерін іздеуге тың серпін беріп, экономикалық өсімнің жаһандық моделін жетілдіруге елеулі үлес қосады» делінген. Осы Конгресте баяндама жасаған Нобель сыйлығының лауреаты Раджендра Кумар Пачауридің «Ғалам – ортақ үйіміз» деген сөзін тақырыпқа шығаруымыздың себебі бар. Себебі мына дөңгеленген ғаламшар баршамыздың ортақ үйіміз болғанда, үнемді, баламалы қуат көздерін табу – бірге ойласып, бәріміз бір кісідей уайымдауға татитын баршаға ортақ мәселе. Апта басында Астанада өткен Тұңғыш Конгресс 51 елден келген 1000-нан аса ғалымның осы мәселелер бойынша пікір алысуына жол ашты. Оңтүстік Кореядан келген ғалым, Нобель сыйлығының лауреаты Раэ Чунг Квон Конгрестің бірінші күні «Жасыл экономиканың драйвері ретінде төмен көміртекті технологияларды дамыту» атты баяндама жасады. Өз сөзінде ол Орталық Азияда экоқала салу туралы тың идея айтқан болатын. Үзіліс кезінде ғалымға жолығып, экоқаланы салу шығыны туралы және бұл идеяны жүзеге асыру қаншалықты ықтимал екенін сұрадық.   Нобель сыйлығының лауреаты Раэ Чунг Квон:

ЖЕРДІҢ АСТЫ-ҮСТІНДЕ ЭКОҚАЛАЛАР САЛАЙЫҚ

 width=

– Чунг Квон мырза, сіз экоқала туралы жақсы идея айттыңыз. Мұндай жобаның қаржылық шығыны қандай болады екен? – Шығыны дейсіз бе? Меніңше, экоқаланы салу қымбатқа түспейді, себебі ол өте шағын әрі жинақы қала болады. Егер алдын ала дайындық жұмыстарын ойдағыдай жүргізсе және дизайнын ойластырса, онда оның құрылыс шығыны осыған ұқсас басқа жобалардан әлдеқайда аз болады, мысалы, Бразилиядағы Куритиба деп аталатын қаладан арзанға түсуі тиіс.  Куритиба – дамушы елдегі өте тартымды экологиялық жоба. Қазір оның бар жай-жапсарын бүге-шігесіне дейін талдап беруге уақыт тығыз, бірақ Куритибаны салуға көп қаржы жұмсалған жоқ, ал экоқалашықтың құрылысы одан да арзан. – Сонда экоқала қай мемлекетте салынуы мүмкін деп ойлайсыз? – Мұндай экоқалалар барлық елдерде салынуы тиіс. Себебі біз әлем бойынша қуат көздерін ысырап етіп жатырмыз. Қазіргі кезде қалаларда тұтынылатын қуаттың көбісі ысырап болып жатыр, қала ғимараттарында тұтынатын қуаттың 60 пайызы терезе арқылы, шатыр арқылы далаға кетеді. Сондықтан ғимараттарды салуда қуат көздерін ысырап етпейтін, керісінше, барынша үнемдейтін жаңа дизайн жасауымыз керек. Осы жоба аясында қаланың инфрақұрылымын жақсартуға болады, қазіргі таңда қалалардағы көлік кептелістерінде қаншама жанар-жағармай босқа жағылады және көлікке қамалған адамдар сағаттап өз уақытын жоғалтады. Сонда біз қала дизайнын дұрыс ойластырмағандықтан қаншама қуат көздері мен алтын уақытымызды ысырап етіп жүрміз. Ал экоқалада адамдар көлік айдамайды, көшелер жаяу жүруге ыңғайлы етіп салынады, яғни көлік кептелісі, ауаның ластануы болмайды. Мұның мысалын Куритибадан көріп отырмыз, онда адамдар қоғамдық көліктерді пайдаланады, бірақ көлік айдамайды. Біз осындай экоқалалар салуға көшуіміз керек. – Қазіргі  кезде  экоқаланы салуға  қаржылық-материалдық тұрғыдан дайын  елдер бар ма? Олай  болмаған жағдайда   саяси шешім  бірінші  орынға  шығады  ғой... – Иә, бұл саяси шешім қабылдауды қажет етеді. Басқаша айтқанда, адамдардың ойлау жүйесін өзгерту керек. Себебі шағын әрі жинақы қалалардың көлемі кішкентай әрі ауқымы тар болады. Бұл мүлде жаңаша тұрпаттағы қала, Астана сияқты емес, бірақ Сингапурдағы, Канададағы, Қытай мен Кореядағы кейбір шағын қалаларға ұқсас. Мұндай қалалардың етек-жеңі жинақы, оның жолдары тар етіп салынады, яғни көлік айдауға қолайсыз, бірақ велосипед тебуге, жаяу жүруге өте ыңғайлы. Есесіне, экоқаланың ауасы таза әрі табиғатқа біртабан жақын болады. Егер Еуропаға саяхаттасаңыз, шежіресі мол ескі қалаларды аралап көріңіз, ондағы көшелер өте тар әрі кішкентай, ондағы адамдар тек жаяу жүреді немесе велосипед айдайды. Әсіресе, қала орталығындағы алаңдарда сейіл құратын айналмалы соқпақтар бар, бірақ ол жерлердің өзінде көлік айдайтын жол жоқ. Міне, экоқалалар салуда осындай дизайн негізге алынады, себебі қуат көздерін үнемді тұтыну басты назарда болуы тиіс. – Қуат көздерін үнемдеу туралы уәжіңіз көңілге қонымды. Себебі баламалы қуат көздерін алу және тұтыну бағасы өте қымбат екенін білеміз. Мысалы, күн қуатын, жел қуатын тұтынудың пайдасы оны өндіру шығынын өтемейді емес пе? – Сондықтан да төмен көміртекті баға саясатын ұсынып отырмын. Бұл саладағы баға саясатын өзгерту керек. Мысалы, қуатты басқаларға қарағанда көбірек тұтынатын адамдар үшін энергия бағасы соғұрлым жоғары болуы тиіс. Одан түскен қаржыны үкімет күн қуатын пайдаланушы шаруашылықтарға жұмсай алады. Сонда қазіргі қуат көздерінен түскен пайда баламалы қуат көздерін дамытуға жұмсалады, көміртекті баға саясаты идеясының мәнісі осы. – Сонда экоқалалар қашан салынуы мүмкін? Болжам жасай аласыз ба? – Қашан дейсіз бе? Бұл осы жобаны қолға алатын әр мемлекеттің өзіне байланысты ғой. – Дегенмен, он жылда, жиырма жылда? Қашан? – Бұл әрқайсымызға байланысты. Бәріміз де бұған атсалысуымыз керек. Сіздер өз үкіметтеріңізді осыған үгіттей аласыздар. – Болжам жасай алмайсыз ғой, шамасы... – Оған саяси шешім керек. – Әлбетте. Рахмет! Нобель сыйлығының лауреаты Риккардо Валентин ауылшаруашылық саласының маманы болғандықтан, өз баяндамасын «Ауыл шаруашылығы, су қорлары және климаттың өзгеруіне бейімдеу» деген күрделі тақырыпқа арнаған екен. Итальяндық ғалым Қазақ­­­ст­а­н­ жерінің кең екенін, бірақ ауылшаруашылығын дамыту үшін әлі талай шаруа тындыру керек екендігін айтып қалды. Пленарлық отырыстан соң ғалымды тауып алып, өз ойын таратып айтып беруін сұрадық.   Нобель сыйлығының лауреаты Риккардо Валентин:

ҚАЗАҚСТАНДЫ ИННОВАЦИЯЛЫҚ ХАБ ҚҰРУҒА ШАҚЫРАМЫЗ

 width=

– Валентин мырза, сіз өз баяндамаңызда «Қазақстан аграрлық ел ретінде ауыл шаруашылығы саласында бірталай іс тындыруы тиіс» дедіңіз. Сонда нақты қандай шаруаларға қам жасау керек? – Біз ғаламдық деңгейде үлкен қиындықтарға тап болдық, себебі жер шары тұрғындарының саны күн санап артып, ал өмір сүруге қолайлы жер көлемі тарлық ете бастады. Ауылшаруашылық жер көлемі одан да аз. Ауыл шаруашылығына қолайлы жерлер көптеген аймақтарда, әсіресе, тропикалық елдерде азайып барады. Оның үстіне, тропикалық ормандарды жойып, оларды ауыл шаруашылығына пайдалана бастадық. Егер бұл мәселеге ғаламдық тұрғыда қарасақ, меніңше, Қазақ-стан болашақта азық-түлік өндірісінде өте маңызды рөл атқарады. Бұл елдің Қытайға, Еуропаға және басқа елдерге азық-түлік тасымалдауға қауқары жеткілікті. Сондықтан мен Қазақстан аграрлық саласының келешегінен көп үміт күтемін. Әрине, бұл салада бірталай қиындықтар мен кедергілер бар. Оның бірі – ғаламдық климаттың өзгеруі және су тапшылығы.  Біз су көздерін молайту үшін инфрақұрылымға инвестиция құюымыз керек, сондай-ақ, ауылшаруашылығын модернизациялауға қаржы салу керек. Меніңше, қазір азық-түлік өндірісінің тізбегін қалыптастыру өте маңызды. Әлемде, оның ішінде Италияда фермерлер өздері шығарған өнімді нақты тамақ түрлерін жасау үшін өңдей алады, сол арқылы көп пайда табады. Осыны Қазақстанда енгізуге болады деп ойлаймын. Мұнда нан өнімдерін шығару жақсы жолға қойылғанын білемін, сондай-ақ ет өнімдерін шығару, ірімшік өндірісінде заманауи технологияларды кеңінен қолдану керек. Ғаламдық нарыққа шығу үшін сертификаттау да өте маңызды. Сіздерде жер көп, ал жермен жұмыс істейтін адамдар саны аз. Сондықтан сіздерге ауылшаруашылық саласын механизациялау және автоматтандыру керек. Мысалы, Қазақстан спутниктік және GPS қызметін пайдалану, жерді суару ісін компьютермен бақылау сияқты технологияларды ауыл шаруашылығын дамыту үшін қолдана алар еді деп ойлаймын. – Сонда Қазақстан ауыл шаруашылығын дамытуда қай елдерден үлгі алғаны дұрыс деп ойлайсыз? – Мысалы, Италиядан. Мұны итальяндық болғандықтан ғана айтып отырған жоқпын, мен екі ел арасында көптеген ұқсастықтарды  көремін. Мысалы,  климатында кейбір ұқсастықтар бар. Италияда тамақ өнеркәсібі табысты бизнес түрінде қалыптасты, себебі біз өндірілген тамақ өнімдерін өңдейміз. Фермерлердің тамақ өнеркәсібінде ұзақ жылдарғы тәжірибесі бар, мысалы, макарон өндірісі өте тиімді бизнес көзіне айналды, себебі макарон ұзақ уақыт бойы сақталатын өнім. Сол сияқты қызанақтан жасалған тамақ қоспасы, салями, қатты ірімшіктің түр-түрі итальяндық шағын фермерлердің қолынан шығады. Ұзақ сақталатын, тез бұзылмайтын, шығыны аз тамақ түрлерін ойлап шығару үшін көп жылдар мен инновациялық ізденіс керек болды. Қорыта айтқанда, Италия – тамақтың түр-түрін шығаруда және сапалы тамақ шығаруда тәжірибесі мол ел. Қазақстанда тамақ өнеркәсібінде жаппай өнім шығару қолға алынбаса да, мұнда сапалы, денсаулыққа пайдалы өнім шығаруды көздейтін сияқты. Қазір сапалы әрі адам ағзасына пайдалы өнім шығару сұранысқа ие. Еуропада органикалық тамақ өндірісі –  басты назарда. Мұнда органикалық тамақ өнеркәсібінің көлемі 40 пайызға дейін ұлғайды. Бұл тұрғыда Италия Қазақстан үшін өндіріс модельдерін алып келетін, инвестиция салатын белгілі бір деңгейде тиімді әріптес болар еді деп ойлаймын. – Италияда мемлекеттік бюджет кірісінің қанша пайызы ауыл шаруашылығының үлесінде? – Оны нақты айта алмаймын. Бірақ маңыздылығы жағынан ауыл шаруашылығы ұлттық экономикалық жүйеде үшінші орында тұр. Италия индустриялы ел, яғни, механикалық және электронды құрал-жабдықтарды шығару бірінші орында. Екінші орында – қызмет көрсету саласы, үшінші орында – ауыл шаруашылығы. 2008 жылғы қаржылық дағдарыстан кейін Италияның анағұрлым индустриаланған солтүстік-шығыс аймағы басқа өңірлерге қарағанда көбірек зардап шекті. Бірақ бұл аймақ біртіндеп ауылшаруашылығы саласына ден қойып, кәсіпорын иелері жер сатып алып, «Просекко» шарабын шығаруды қолға алды. Осылайша экономиканы диверсификациялағаннан кейін олардың табысы арта түсті. Экономикалық дағдарыс кезінде де ауыл шаруашылығы табыс табудың көзі бола алады екен. Индустрия мен ауыл шаруашылығын будандастырудың осындай моделі үлгі ретінде қарастыруға лайық. Меніңше, Қазақстан да экономиканы диверсификациялауға ойысуы тиіс, себебі ғаламдық экономиканың қатпарлары қалың, бір ғана салаға иек артып, бақуаттылыққа жетемін деу құр әурешілік. Қазақстан көмірсутектерге бай және бұл – экономиканың негізгі саласы. Дегенмен күні ертең ғаламдық экономикадағы жағдайдың қалай өзгеретінін ешкім білмейді. Менің түсінгенім, Қазақстанда ауыл шаруашылығы ұлттық экономиканың соншалықты маңызды саласы емес, қателеспесем, ЖІӨ-нің он пайызын ғана береді. Бірақ оның өсу әлеуеті әлдеқайда зор. – Әйткенмен, Қазақстан етті әлі де сырт елдерден алдырып отыр. – Иә, бұл жерде тағы бір түйткілді мәселенің құлағы қылтияды. Расында, өзгенікінің бәрі таңсық емес немесе шет елдердің тағамы түгел жеңсік ас емес. Италия мұндай өзгерістерді бастан өткеріп, қазір өзінің дәстүрлі тағам түрлерін шығаруға қайта ден қойды. Қазір онда «low food movement» (ауд. «жәй, ақырын пісірілетін тамақ қозғалысы» – ред.) белең ала бастады, бұл «fast food», яғни Макдональдс сияқты тез дайындалатын тамақ түрлерін өндірушілерді нарықтан ығыстырып шығаруды көздейді. Жастарымыздың өзі «фаст фудтан» жеріп, дәстүрлі тағам түрлерін тұтынуға көше бастады. Көптеген елдер, оның ішінде Қытай тұрғындары да  сапалы, денсаулыққа пайдалы тағам түрлерін тұтынуға мән бере бастады. Меніңше, бұл мәселені көтеру Қазақстан үшін өте маңызды. Халық өзінің дәстүрлі, ұлттық тағамын дәріптеуі тиіс. Оның үстіне, ұлттық тағам түрлерін кең тарату эскпорт үшін де маңызды, өзге халықтарға қазақтың ұлттық тамақтары таңсық болуы мүмкін. Адамдар қашан да жаңа нәрселерге ынтық қой. – Шамасы, бұл Қазақстанға алғашқы сапарыңыз болды ғой? – Иә, Қазақстанға да, Астанаға да бірінші рет келуім. Бұл қала маған өте ұнады. Палау, кәуап сияқты кейбір тағам түрлерін білемін, бірақ қазақтың дәстүрлі тағам түрлерімен әлі жетік таныс емеспін. Әлбетте, жергілікті тағам түрлерін әлі зерттей түсемін. Меніңше, дәстүрлі тағам түрлері адам ағзасына пайдалы дәрумендерге бай әрі оның сапасы да жоғары. Сапасы жоғары тамақтың өзінен бизнес жасауға да, экспорт көлемін арттыруға да болады. Қазір Италия өзінің шараптары, зәйтүні, ірімшігімен атақты, мұның бәрі дәстүрлі тағам түрлерінен шыққан. – Сіз Қазақстанда су тапшылығы бар екенін айтып қалдыңыз. Болашақта су көздері қазіргі мұнай сияқты құнды ресурсқа айналады деген пікірге қалай қарайсыз? – Дәл солай деп кесіп айта алмаймын. Бірақ судың адамзат үшін өте маңызды қор екенін жоққа шығара алмаймыз. Ауыз судан бөлек, күнделікті тұтынатын су, өндіріс пен ауылшаруашылығы қажеттіліктеріне қолданылатын суға мұқтажбыз. Ал жер шары халқының жалпы саны өсіп келеді. Осыған орай, біз климаттық өзгерістерге қатысты бағдарлама қабылдадық, яғни азық-түлік өндірісіне қажетті су көлемі арта түседі. Сондықтан біз су қорларын сақтауды, жаңа технологияларды қолдану арқылы су шығаруды үйренуіміз керек. Мысалы, мұзды еріту арқылы су алу, ауа құрамынан су шығару сияқты. – 2015 жылы Парижде климаттық өзгерістерге қатысты ғаламдық келісімге қол қойылды. Бұған мұрындық болған елдердің бірі АҚШ еді. Бірақ бұл елдің қазіргі президенті Дональд Трамп осы келісімнен шығатынын мәлімдеді. Ғаламдық деңгейдегі өзгерістерге, әсіресе, басқа елдердің климаттық өзгерістермен күресу саясатына Трамп шешімі қалай әсер етуі мүмкін деп ойлайсыз? – Меніңше, бұл істің нақты нәтижесінен гөрі саяси дақпырты басым сияқты. Мен әлемнің көптеген елдеріне сапар шегемін, сонда байқағаным, адамзат жасыл экономика мәселесінде енді артқа шегініс жасай алмайды. Осыдан санаулы жылдар бұрын «жасыл энергетика» біз үшін таңсық еді, ал «жасыл экономика» экзотикалық ұғым сияқты болатын, қазіргі жағдай басқаша. Әлемдегі ірі компаниялардың барлығы дерлік жасыл экономиканы дамытуға құлшыныс білдіріп отыр. Оның ішінде, алпауыт мұнай-газ компанияларының өздері Париж келісімінің алдында ғана қайталанбалы қуат көздерін дамыту жөніндегі келісімге қол қойды. Қазір әлемдік компаниялардың ішінде қоршаған ортаға залал келтірмеуді негізгі стратегиясына кіргізбегені кемде-кем. Сондықтан бұл мәселеде бізге тағы аздаған уақыт керек. Уақыт өте Трамп сияқты «біз ғаламдық жылынуға сенбейміз» дейтіндер саны азая береді. Себебі Қытайға қараңызшы, қазір бұл ел Еуропамен тізе қосып, жасыл экономиканы дамыту бағытында жұмыс істеп отыр. Осы орайда, әлемдік геосаясаттың келбетіне өзгеріс ене бастады: бұрын Еуропа мен АҚШ қарым-қатынасы маңызды болса, енді Еуропа мен Азия ара қатынасы талай мәселелердің күрмеуін шешуге түрткі бола бастағандай. Ал Қазақстан Қытай мен Еуропаның ортасында орналасқандықтан, мұндай әріптестіктен оның алар пайдасы көп болады деп ойлаймын. Сондықтан сіздің сұрағыңызға жауап берсем, мен бұл мәселенің теріс салдарынан гөрі жағымды жақтарын көбірек көремін. – Әлем елдері жасыл экономикаға жаппай қашан көшуі мүмкін деп ойлайсыз? – Менің білетінім, соңғы жылдары Еуропада, оның ішінде Италияда жасыл экономикадағы жұмыс орындарының саны күрт артты. АҚШ-та жасыл экономикадағы жұмыс орындарының саны бұрынғы, ескі саладағы жұмыс орындарынан әлдеқайда көп. Яғни, бұл салада ілгерілеу бар. Бірақ бұдан әрі ырғалып жүруге де уақытымыз жоқ па деп қорқамын. Әрі кетсе, жиырма жылдың ішінде біз ғаламдық экономиканы «жасылдандыруға» толықтай көшуіміз керек. Әйтпесе, ғаламдық жылынудың салдарынан жаппай зардап шегетін боламыз. – Нобель сыйлығының лауреатысыз.Лауреатпын деп  қол қусырып отырмайтын шығарсыз. Қазір қандай жобамен айналысып жүрсіз? – Мен ауылшаруашылығы бойынша орман шаруашылығының маманымын. Әу  баста  ғылыми жұмысым ормандардың ауаны қаншалықты тазартатынын есептеп шығаруға арналған болатын. Көмірсутектерді ормандардың қаншалықты жұтатынын есептейтін технология ойлап шығардым. Қазір бұл технология әлемнің түкпір-түкпірінде 800 станцияда қолданылады. Осы салада мен климаттық өзгерістер мәселесімен де шұғылданамын, қазір ағаштарға бақылау жасау жобасымен айналысып жүрмін. Қысқаша айтсам, ағаштың жасын, биомассасын, оның жемісті қаншалық беретінін, тіпті қанша су ішетініне дейін есептейтін құрал ойлап таптым. Бұл құрал шағын қорапша түрінде жасалған, оны ағаштың ішіне орналастырып, отыз минуттың ішінде өзіңізге керекті барлық мәліметті ала аласыз, оған қоса, бұл құрал ғаламтор желісіне қосылған, яғни сіз Нью-Йоркте отырып Астанадағы ағаштың жай-күйімен таныса аласыз. Менің мақсатым – әлемдегі он мың ағашқа осындай бақылау құрылғыларын орнату. Бұл құрылғыны шығару шығыны өте аз, сондықтан оны ғаламдық жоба ретінде қолға алып, жер бетіндегі барлық ағаштарды заманауи технологиялар арқылы, ғаламтор арқылы өзара «байланыстыруды» ойлап жүрмін. – Шамасы, осы Конгреске келгенде өз жобаларыңызға қатысты қандай да бір әріптестік орнатуды көздеген боларсыз? – Әлбетте, мен Астананың ЭКСПО-сын келіп көруге ынтықтым. Былайша айтқанда, ЭКСПО-ға қазақы көзқарастың қандай екенін танып-білу. – ЭКСПО-қалашықты аралап көрдіңіз бе? – Әлі көріп үлгергенім жоқ, Конгресс бағдарламасында көрмені үшінші күні тамашалайтынымыз жазылған. Бірақ қазақ үкіметінің «Болашақтың қуаты» атты өзекті тақырыпты ортаға салып отырғаны қатты қуантты.  Оның үстіне, осы сапарыма өзек болған мәселе – Қазақстан мен Италия арасында инновациялық хаб құру туралы идеяны жүзеге асыру жолдарын қарастыру еді. Мұнда Қазақстанда бизнес жасауға ниетті итальяндық кәсіпкерлермен бірге келдім. Біз осы елдегі университеттермен, ғылыми-зерттеу инситуттарымен және компаниялармен бірігіп бизнес модель жасасақ па деген ойдамыз. Біздің ұсынысымыз – өзекті мәселелердің шешімін іздейтін инновациялық хаб құру, яғни бұл хаб қуат көздері, су тапшылығын жою, смарт қала құру сияқты мәселелермен айналысса дейміз. Инновациялық хабтың мәнісі – мысалы, су тапшылығын алатын болсақ, ғалымдарды, инженерлерді, биологтарды, агрономдарды, әлеуметтанушыларды, экономистерді, тағысын тағы – барлық сала мамандарының басын бір жерге қосып, нақты мәселенің шешімін табуға жұмылдыру. Ал қазір ғылым мен өндірістің әр саласы әр түрлі департаменттерге, әр қилы мекемелерге тарап кеткен, бір-бірімен байланыссыз жұмыс істейді. Сондықтан біз зәру мәселелерді шұғыл зерттеп, оны өндіріспен байланыстырып, нақты жобаларды дереу жүзеге асырып отыруды көздейміз. Бұдан әрі енжарлыққа салынуға уақыт жоқ. – Бұл инновациялық хаб құрылатын болса, ол Қазақстанда орналаса ма? – Әрине, Қазақстанда. Италияда біз осындай инновациялық хаб құрып қойдық, ол қазір Римде жұмыс істеп жатыр. Енді оның филиалын Қазақстанда, бәлкім Астанада ашуды көздеп отырмыз. Бұл жобаны біз қазақ үкіметіне ұсынып көреміз, егер қолдау тауып жатса, онда қазақ және итальяндық ғалымдар бірлесе жұмыс істейтін болады. – Уақытыңызды бөліп, сұрақтарымызға жауап бергеніңіз үшін рахмет!

Сұхбаттасқан Гүлбиғаш Омар