Талайдың ақылшысы, адал неміс

Талайдың ақылшысы, адал неміс

Талайдың ақылшысы, адал неміс
ашық дереккөзі
88 жасқа қараған шағында неміс саясатының белді өкілдерінің бірі, біріккен Германияның сәулетшісі ретінде танылған белгілі қайраткер  Гельмут Коль дүние салды.  Германияның бірігуі ғана емес, елден кеңес әскерлерінің шығарылуы және Берлин қабырғасының құлауы да Гельмут Кольдың есімімен тығыз байланысты. Заманауи неміс тарихында айрықша із қалдырған айтулы оқиғалардың барлығында саясат серкесінің ізі бар.  Канцлер тағында ол 16 жыл, 1982 жылдан 1998 жылға дейін отырды. Бұл – Германияда Отто Бисмарктан кейінгі ел билеудің ең ұзақ мерзімі. Ұстазының өлімі жайлы суық хабарды Ангела Меркель Римдегі іссапары кезінде естіді. «Ол адал неміс және еуропалық еді. Германия мен Еуропаны біріктіруге сіңірген еңбегі зор. Жеке өзімнің және неміс халқының атынан оның біз үшін жасағанының бәріне алғыс айтамын!» – деді ресми мәлімдеме жасаған Меркель. Ангела ханым өзінің саяси мансабы үшін Гельмут Кольға қарыздар. Алайда билік үшін талас кезінде олардың аралары алшақтап, бір-біріне деген сенімге селкеу түсті. Кольдың қазасы Меркельді есеңгірете қоймаса да, Еурокомиссия төрағасы Жан-Клод Юнкерге ауыр тиген сияқты. Люксембургтың бұрынғы премьері оны өзінің ақылшысы, досы әрі «Еуропаның тірегі» деп атады. Юнкер әлеуметтік желідегі парақшасында «Оның қазасы жанымды жүдетті» деп жазды. Германияның Федералдық канцлері Ангела Меркельге жолдаған көңіл айту жеделхатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та Гельмут Кольдың қазасын зор күйзеліспен қабылдағанын айтты. «Өз халқының ардақты перзенті әрі патриоты, елін біріктіруде және еуропалық интеграцияны дамытуда негізгі рөл атқарған Г.Коль әлем тарихында аса көрнекті мемлекет қайраткері ретінде өшпес із қалдырды. Қазақстан халқы Г.Кольді екіжақты достық қарым-қатынасты орнатуға және нығайтуға зор үлес қосқан парасатты тұлға ретінде әрдайым есте сақтайтын болады. Қайғыға ортақтасып, марқұмның туған-туыстарына және барша Германия халқына көңіл айтамын», –  делінген жеделхатта. Шенеунік әкесінің тәрбиесін көрген Коль саясатқа Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған соң, Германия батыстық ГФР мен кеңестік ГДР-ға бөлінген уақытта келді. 1946 жылы Христиандық-демоктариялық одақ (ХДО) партиясының мүшесі болып, партияның жастар ұйымын басқарды. Партиялық мансап баспалдағымен жоғары өрлеген жас саясаткер 20 жылдан кейін Рейнланд-Пфальц жер үкіметінің премьер-министрі болып тағайындалды. Бұл оның елде саяси салмағы артып, өз күш-қайратын федералды саясатқа жұмылдыра бастаған шағы болатын. 1971 жылы Коль алғаш рет ХДО төрағасының сайлауына қатысып, партияласы Райнер Барцельге жол берді. 1973 жылы Барцельдің Германия халқын канцлер Вилли Брандқа қарсы қою жоспары сәтсіз аяқталып, Гельмут Кольдың асығы алшысынан түсті. Содан бері ол ширек ғасыр бойы ХДО-ны басқарды. Оның жұлдызды шағы 1982 жылдың қазанында туды. Тәуелсіз демократтар Германияның социал-демократиялық партиясымен келісімді бұзып, ХДО-ХСО-мен коалиция құрды. Соның арқасында Гельмут Коль сайлау өткізбей-ақ канцлер қызметіне тағайындалды. 1983 жылы өткен сайлауда басым дауысқа ие болып, өзінің беделін биіктетіп, билігін бекіте түскен Коль 1998 жылға дейін тізгінді ешкімге берген жоқ. Қырғи-қабақ соғыс жылдары ел басқарған канцлер екіге бөлінген мемлекеттің бірігуіне жол ашты. 90-жылдардың басындағы әлемдік саясаттағы күрделі өзгерістердің куәгері ғана емес, бастамашысы болды. Алмағайып кезеңде Германияның бірігуіне Батыс елдерінің көбі қарсы болғанына қарамастан, табандылық танытқан саясаткер өз мақсатына жетті. Ол Горбачевтың тілін тауып, Ельцинмен байыпты байланыс орната білді. Соның арқасында немістің бірлігін бекітіп қана қоймай, елден кеңестік/ресейлік әскерлерді шығару ісін жеделдетті. Германияның көршілері, ең әуелі Франция, Польша, Чехословакия өз қауіпсіздіктеріне кепілдік алды. Бұл олардың неміс халқына деген көзқарасын оңалтып, сенімін нығайтты. Қауіпсіз держава ретінде ғана емес, Еуроодақтың сенімді тірегі ретінде Германияны құрметтейтіндердің қатары артты. Мемлекеттің НАТО-дағы орнын сақтап қалған Гельмут Коль Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін ел мойнына ілінген шектеулерден құтылып, кең тыныстады. 2014 жылы жарық көрген мемуарларында Коль өзі билік еткен тұстағы саяси оқиғалар жайлы біраз құпияны ақтарды. Кеңес Одағымен қарым-қатынасы, Горбачев пен Ельцинге деген көзқарасы жайлы да ашып айтты. «Горбачев туралы сөз қозғағанда бір нәрсені ғана айтуға болады: ол коммунизмге нүкте қойды. Өз еркінен тыс болса да, ол мұны істеді. Қантөгіссіз, зорлық-зомбылықсыз. Ол туралы басқа ештеңе айта алмаймын» деп жазды саясаткер. Ал Ресей президенті болған Борис Ельцин туралы бұрынғы канцлер ерекше тебіреніспен баяндап, досым деп атаған. Екі саясаткердің достығы НАТО-ны кеңейту туралы келіссөздер кезінде бір емес, бірнеше мәрте сынға түсті. «Біз НАТО-ны кеңейтуге түбегейлі қарсымыз. Менің досым Гельмут Коль, бұл мәселенің шешімі біраз уақытқа шегеріледі деп сенеді», – деді Ресей президенті 1997 жылы неміс канцлерімен кездесуінде. Алайда оның бұл үміті ақталмады. Герман-Ресей форумының ғылыми директоры, белгілі сарапшы Александр Рардың пікірінше, Гельмут Коль Германия мен Еуропаның тұрақтылығы үшін кеңестік фактордың маңызын дер кезінде түсіне білді. Өйтпеген жағдайда ФГР мен ГДР жүйелік қайшылықтарды еңсеріп, бір бүтінге айнала алмас еді.  «Ол елде ішкі саяси тұрақтылық орнату үшін қолынан келгеннің бәрін жасады. Ол кезде Екінші дүниежүзілік соғыстың естелігі ұмытыла қоймаған болатын. Германия өз көршілеріне бұрынғы Германиямен ешқандай байланысы жоқ екенін, жаңа мемлекеттің арам пиғылы жоқ екенін дәлелдеу қажет болды», – дейді Рар. Гельмут Коль Эрих Хонеккердің таптаурын билігінен қажыған неміс қоғамына жаңалық, тың бетбұрыс керегін ұқты. Тарихи сәтке тап келген канцлер жүйені толығымен жаңарту үшін  аз тәуекелге барған жоқ. ФГР-ға Венгрия шекарасы арқылы Шығыс Германиядан босқындар легі ағыла бастаған шақта Берлин қабырғасының құлауы Шығыс пен Батыстың ынтымақтасуын тездетті. Марқұм саясаткердің Германия саясатына сіңірген тағы бір елеулі еңбегі – Ангела Меркельді билікке тартуы. ГДР-дың бұрынғы белсендісінен көшбасшылық қабілетті аңғарған Кольдің түйсігі алдаған жоқ. Меркель ханым Германия халқы ғана емес, бүкіл әлем танитын сарабдал саясаткерге, нағыз көшбасшыға айналды. Гельмут Кольдың өз партияластарының билігі тұсында өмірден өтуі назар аударарлық жайт. Тағы бір таңғаларлығы, жаратушы оған да әкесі мен анасы жасаған жасты нәсіп етіпті. Олар да 88 жастарында өмірден озған болатын. Кім біледі, сырқаты асқынбағанда бұдан да ұзақ өмір сүрер ме еді? Түрлі дерт жабысып, соңғы жылдары ел көзіне түспеген Кольдың қазасы неміс халқын есеңгіретіп тастады. Конрад Аденауэр және Вилли Брандтпен бірге Германияның ең ықпалды басшыларының қатарына кірген саясаткерді елі қарапайымдылығы үшін жақсы көрді. Өйткені қарапайымдылығының астарында немістің ұлттық мінезіне тән ізгі қасиеттер жататын.