Әлеуметтік желідегі пікір жарға жығуы мүмкін
Әлеуметтік желідегі пікір жарға жығуы мүмкін
Бүгін елордадағы Қазмедиа орталығында өтіп жатқан халықпен есептік кездесуі барысында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев әлеуметтік желідегі жалған ақпараттың жарға жығуы мүмкіндігін ескертті.
Кездесу барысында Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин министрден:
«Әлеуметтік желілердің жауапкершілігі туралы орынды айтып кеттіңіз. Шынында да әлеуметтік желінің кейбір пайдаланушылары кейде адамдардың жеке басының ар-намысына қоса, ресми тұлғалардың немесе мәдениет, әдебиет саласындағы елге танымал тұлғалардың ар-намысына тиіп жатады. Жалпы әлеуметтік желіде бұқаралық мәдениетті қалыптастыру өте күрделі мәселе деп ойлаймын. Осы мәселе жаңадан дайындалып жатқан бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңда қарастырылған ба?», - деп сұраған еді.
Өз кезегінде министр желілерде тексерілмеген ақпаратты жариялау немесе адамға тіл тигізу бүгінгі қоғамдағы үлкен проблема болып отырғандығын баса айтты.
«Бұл адамдардың деңгейін білдіреді деп ойлаймыз. Цифрлық із қалады деген мәселе бар. Біз мұны ұмытпауымыз керек. 10-15 жылдан кейін алдан шыға келуі мүмкін. Мәселен АҚШ виза беру үшін адамдардың Фейсбукте, әлеуметтік желіде не жазғанын тексереді. Соған сараптама жасай келе виза бермеуі де мүмкін», - деді Дәурен Абаев.