Нұрсұлтан Назарбаев Финляндияға шақырту алды
Нұрсұлтан Назарбаев Финляндияға шақырту алды
Сондай-ақ, мемлекеттер басшылары көрме кешенінің Конгресс-орталығында екіжақты келіссөз жүргізді. Нұрсұлтан Назарбаев С.Ниинистёге елімізге сапармен келіп, Финляндия павильонын ашуға қатысқаны үшін алғыс айтып, екі ел арасындағы қарым-қатынастың жоғары деңгейде екенін атап өтті. - Біздің қарым-қатынасымыз - үлгі етуге тұрарлық. Біз бірнеше рет түрлі әлемдік басқосуларда жүздестік. Финляндия «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізу орнын таңдап, сондай-ақ БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі мәртебесін алу кезінде бізге қолдау білдірді. Қазақстан да халықаралық аренада Финляндияны әрдайым қолдап келеді, - деді Мемлекет басшысы. Қазақстан Президенті екіжақты байланыстарды дамытудың маңыздылығына тоқталып, өнеркәсіп, фармацевтика, ақпараттық технологиялар, білім және медицина сияқты салалардағы қарым-қатынасты нығайтуға мүдделі екенімізді айтты. С.Ниинистё Нұрсұлтан Назарбаевқа кездесудің ұйымдастырылғаны үшін ризашылық білдіріп, Қазақстанның жаһандық және өңірлік өзекті мәселелерді шешудегі рөліне тоқталды. - Сіздің екіжақты қарым-қатынас мәселелеріне ғана емес, сонымен бірге жаһандық проблемаларға қатысты пікіріңіз де мен үшін әрдайым маңызды. Қазір бүкіл әлем Қазақстанда өтіп жатқан келіссөздерге көз тігіп отыр. Бұл - Астанадағы Сирияға қатысты келіссөздер, - деді Финляндия Президенті. С.Ниинистё Мемлекет басшысына ұлттық павильонмен танысқаны үшін алғыс айтып, Финляндияға сапармен келуге шақырды.