Жаңалықтар

Жас нәрестелі аналар сотталды

ашық дереккөзі

Жас нәрестелі аналар сотталды

Жүктілік жәрдемақысы туралы атышулы іс бойынша 11 әйелге шартты мерзім кесілді және 14 әйел жазадан толық босатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Тараптардың бітімге келуіне байланысты Қарағанды қаласы Қазыбек би аудандық сотының судьясы Манат Жұмақаева жас босанған 14 әйелді жазадан босату туралы қаулы шығарды. Әйелдер қаражатты мемлекетке қайтарып берді және зардап шегуші тарап - «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру орталығы» АҚ-мен бітімге келді. Сот барлық 14 әйелге қолданылған «сыртқа шықпау туралы тілхат» бұлтартпау шарасының күшін жойды. Жауапкершіліктен толық босатылса да, 14 әйел қылмыстық жауапкершілікке тартылған тұлғалар ретінде қала береді. Олар өз айыптарын мойындағандықтан, іс ақталмайтын негіздер бойынша тоқтатылады. Қалған 11 әйел шартты мерзімдер алды. Қылмыстық кодекстің 190-бабы - «алаяқтық» бойынша олардың әрқайсысына бір жыл және алты айдан берілді. «Сот айыпталушыларды кінәлі деп таныды және шартты түрде 3 жылға бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындайды. «ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңына орай, мерзімнің жартысын қысқартып, әрқайсысына шартты түрде 1 жыл 6 ай берілсін», - деп үкім шығарды Манат Жұмақаева. Сот оларға жәрдемақы есебінде алған ақшаны мемлекетке қайтаруды міндеттеді. Барлық 11 әйелдің жалпы сомасы 3 миллион 251 мың теңгені құрады. Одан бөлек, алаяқтықты ұйымдастырып, жалған құжаттар әзірлеген алматылық ерлі-зайыптылар да шартты түрде жазаланды. Ер адамға шартты түрде 4 жыл, оның әйеліне - шартты түрде екі жыл берілді. Қарағанды облысы жәрдемақы төлеу бойынша мемлекеттік орталық секторы меңгерушісі шартты түрде 4 жылға сотталды. Оның сыбайласы, жүкті әйелдерді алаяқтыққа итермелеген әйел шартты түрде 2 жылға жазаланды. Еске сала кетсек, қылмыстық іс материалдарына сәйкес, Алматы тұрғыны жалған құжаттармен жүктілік жәрдемақысы арқылы бюджеттік қаражатты жымқыру үшін Қарағандыдағы танысына жүкті әйелдерді табуды тапсырған. Тергеушілердің деректеріне сүйенсек, Қарағанды облысы Жәрдемақы төлеу бойынша мемлекеттік орталық секторы меңгерушісі құжаттарды жинауға көмектескен және әр әйелдің жөргекпұлынан 10 пайыз алып отырған. Алматылық ерлі-зайыптылар мен Қарағанды тұрғыны да декреттік жәрдемақылардан өз пайыздарын алған. Жаңа заңнамаға сәйкес, босанған әйелдерден жұмыс орнынан түпнұсқа анықтамалар жинау талап етілмейді. Іс бойынша, жас босанған 67 әйелдің алаяқтық жолмен жөргекпұл алғаны анықталды. Бірақ, 24 әйел «ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңы негізінде қылмыстық тергеуден босатылды. Тағы 18 әйел өз айыптарына өкініш білдіріп, тергеу органына көмектесіп, материалдық шығындарды мемлекетке толық қайтарғандары үшін босатылды.