«Эйр Астана» ардагерлерге құрмет көрсетті

«Эйр Астана» ардагерлерге құрмет көрсетті

«Эйр Астана» ардагерлерге құрмет көрсетті
ашық дереккөзі

Алматы қаласындағы Қазақстан Республи­касының Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік Өнер мұражайында «Эйр Астана» әуе компаниясының ұйымдастыруымен Екінші дүниежүзілік соғыс және тыл ардагерлеріне арналған іс-шара болып өтті. Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай өтіп отырған бұл мәдени шараға «Эйр Астана» әуе компаниясының президенті Питер Фостер мырза қатысып, соғыс және тылдағы еңбек ардагерлеріне арнап сөз сөйледі.

«1941-1945 жылдар аралығында болып өткен Екінші дүниежүзілік соғыс – адамзат тарихындағы үлкен қантөгіске әкелген алапат соғыс болып табылады. Ол соғыс бүкіл Еуропаны шарпып, миллиондаған адамдардың мезгілсіз көз жұмып, олардың балаларының ата-анасыз өсуіне алып келді. Менің қатарластарым бұл соғыс туралы тек кітаптардан оқып, кинолардан ғана көрген. Ал сіздерге, қан майданның тірі куәгерлері ретінде, ол соғысты еске алудың қаншалықты ауыр екенін білемін. Сіздердің бәріңіз отан қорғау жолында қан төккен батыр ретінде ардақталуға тиіссіздер. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан бері дүниеге келіп, ашық аспан астында бейбіт өмір сүріп жатқан адамдардың бәрі сіздерге қарыздар. Мен өзімнің және қатарластарымның атынан бүгінгі бейбіт күн үшін бәріңізге шынайы алғысымды білдіремін», – деді Питер Фостер мырза ардагерлерге арнаған сөзінде.

Осыдан соң киноэкраннан Екінші дүниежүзілік соғысты бейнелейтін деректі кадрлар көрсетіліп, «Эйр Астана» компаниясында қызмет істейтін әскери киім киген өнерлі жастар соғыс тақырыбындағы әндерді шырқады.

«Эйр Астана» компаниясы жайған мерекелік дастарқаннан дәм татқан соғыс және еңбек ардагерлері өздеріне етене таныс соғыс кезінің әнде­рін тыңдап, сұрапыл соғыс жылдарын еске түсірді.

Мерекелік іс-шара соңында омырауы орден-медальға толы ардагерлер жастармен естелік үшін суретке түсіп, «Эйр Астана» әуе компаниясы шараға қатысқан Екінші дүниежүзілік соғыс және тыл ардагерлеріне сыйлықтарын тапсырды.

 

А.ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ