«Дала тажалдары» немесе түркітектес сұрмергендер хақында

«Дала тажалдары» немесе түркітектес сұрмергендер хақында

«Дала тажалдары» немесе түркітектес сұрмергендер хақында
ашық дереккөзі

Бұрынғы Кеңес Одағы Ұлы Отан соғысы атаған тарихтағы ең сұрапыл қантөгістің аяқталғанына жетпіс жыл өтсе де, осы бір «адамды адам өлтіру» ойынына қатысты екіұдай талқылаулар мен пікірталастар ешқашан толастаған емес.

Бұл соғыс туралы айтқанда, біз ең алдымен кеңестік саясаттың кесірінен қасақана бұрмаланған, бұра тартқан, өңін айналдырып көрсеткен, әдейі кемсіткен, бірақ әлі күнге ақиқаты ашылмаған соғыс құпияларының көп екенін естен шығармауымыз керек. Әскери тарихшылар арасында талас тудырып жүрген сондай құпиялардың бірі – мергендердің ерлік істеріне қатысты.

[caption id="attachment_3456" align="alignleft" width="230"] width= Әлия Молдағұлова[/caption]

Кеңес жауынгерлері соғыстың алғашқы күнінен бастап-ақ ерліктің ерен үлгісін көрсетті. Әсіресе, «аз халықтардың» санатындағы ортаазиялықтар, сібірліктер, қапқаздықтар мен тағы басқалар майданның барлық шебінде жан-алысып, жан беріскені тарихи шындық. Осы жерде мынадай сұрақ туады. Ортаазиялықтар деген кімдер? Сібірліктер мен қапқаздықтар деген ше?.. Бұлардың көбі негізінен түбі бір, тілі мен тарихы ортақ түркітекті туысқан халықтар болатын. Бірі мен екіншісінің арасын мыңдаған шақырым жер бөліп жатса да, олар әу бастан тағдырлас еді: қарақалпақтар, түркімендер, қырғыздар, өзбектер, якуттар (сахалар), хакастар, алтайлықтар, тобалар, татарлар, башқұрттар, шуаштар, гагауыздар, қырым татарлары, ноғайлар, әзірбайжандар, қарашайлар, балқарлар, құмықтар, абқаздықтар, қазақтар тағы басқалар. Немесе, түркілерге жақын моңғолдар, қалмақтар, буряттар, нанайлар, эвенкілер, мордвалар, комилер болып созыла береді. Бұрынғы метрополия бұл халықтарды бір ауыз сөзбен – «азиаттар» деп атаған және «сенімсіз халықтардың» санатына жатқызған. Осы азиаттар аталған халықтардың арасында қаһарман қазақ баласының мерейі едәуір үстем болды десек, ақиқаттан алыс кете қоймаймыз. Мәселен, Мәскеуді қорғау кезінде де, Сталинград шайқасында да, Ржев иінінде де, Берлин операциясында да, Рейхстагқа Жеңіс туын тіккенде де ол айқын көрініп тұрды. Тіпті, дайындығы жоғары Вермахт жауынгерлерінің өзі азиат­тарды «дала тажалдары» (степные смерты) деп, олардан қатты үрейленген деседі. Айтқанымыз дәлелді болу үшін сол бір қаһарлы күндерге шегініс жасап, 1943 жылы «Правда» газетінде жарияланған тұтқын неміс солдатының жауабынан үзінді келтірейік: «Біз шабуылға шықтық. Бізге қарсы азиат нәсілді қара торы сарбаздар қарсы атылды. Олар шайқаста сондай бір ашумен және батырлықпен қарсыласқанда біз шыдамадық. Мұндай сұмдық шайқастан бізге кейін шегінуге тура келді. Кейін бізбен шайқасқа түскен қазақтар дегенді естідік. Мұндай қайтпас қайсар халықтың бар екенін бұған дейін естімеппіз...» («Правда», 6 ақпан, 1943 ж.). Алайда осынау ержүрек азиаттарды өркөкірек, менмен орыс қолбасшылары тарихтан тыс тұрған, ерлік істер жасауға қабілетсіз, екінші сортты халықтардың қатарына жатқызды. Соның кесірінен ер Түрік ұрпақтарының атадан дарыған қаһармандық мінезі шовинистер тарапынан онша еленбеді, ерлік істері тиісінше бағаланбады. Мысалы, Рейхстагқа алғашқы болып ту тіккендердің азиаттар екенін естіген маршал Г.Жуков «Қайдағы бір азиаттарға неге ту тіктірдіңдер? Оған лайық орыс құрып қалып па?! Дереу бір орыс пен грузин қайта ту тігетін болсын!», – деп бұлқан-талқан ашуға мінгенін қалай түсіндіруге болады?.. Қайткенде де қолбасшының ашу үстінде айтқан сөзінің астарына абайлап ден қойсаңыз, көп нәрсеге көзіңіз жетеді – менсінбеушілік, қызғаныш, менмендік, әсіреұлтшылдық, кемсітушілік... Өйткені фашизмнің соңғы ұясы Рейхстагқа алғашқы болып ту тіккендердің екеуі де азиаттар болатын. Лейтенант Рақымжан Қошқарбаев қазақ болса, Григорий Болатов татар ұлтының өкілі. Өкінішке қарай, тарихи маңызы зор осынау ерлік Жоғары қолбасшылық тарапынан тиісінше ескерілмеді, қолдан жасалған қойылым мен орыс Егоров, грузин Кантарияның «жасанды ерліктерінің» көлеңкесінде қалып қойды. Керек десеңіз, ерлік атаулының ішіндегі ең ұлысы болып табылатын осы бір көзсіз ерлікке – Кеңес Одағының Батыры атағын да қимады. Есесіне, ұлы ерлікке түк қатысы жоқ командирлер мен генералдар бұл атақты арсыздықпен бөлісті: комбат В. Давыдов, комполк Плеходанов, комдив В. Шатилов, корпус командирі генерал Переверткин, армия қолбасшысы генерал Кузнецов, тіпті майдан қолбасшысы маршал Г. Жуков та уысқа өзі түсіп тұрған «Алтын Жұлдыздан» бас тартуға батылдары барған жоқ...

Ахат АхметжановЖоғары қолбасшылық неге мұндай әділетсіздікке жол берді? Тарихи ерлікті неге елемеуге тырысты? Шынтуайтында, бәріне кінәлі «ұлы орыстық» астамшылдық пиғыл. Бұл не деген сөз? Түсінгенге, саясат та жеке адамдардың ұлтшылдық амбициясына тәуелді. Мәселе мынада – өткен ғасырдың 30-жылдарынан бастау алған КСРО-ны орыстандыру саясатының түпкі негізінде жеке тұлғалардың «өзімбілемдік» амбициясынан туындаған империялық мүдде жатты. Яғни, соғыстың қарсаңында Жаратқан ие пенделерінің бәрі – түрі, түсі, тілі, діні, ділі басқа-басқа болғанымен, жаратылысында тең екенін, сол себептен құқықтары да тең болуы керектігін жоққа шығарып, бір нәсілді, соның ішінде бір халықты артық санау идеологиясымен және соның барлық технократтық әдіс-тәсілдерімен мұздай болып қаруланған сталиндік ұлт саясаты «аз» халықтарды өздеріне тең, құқықтары бірдей деп санаған жоқ. Олар коммунизмді орнатуға өлшеусіз үлес қосып жатқан орыс халқы болып табылатындықтан, сол ұлттың салмағы бәрінен асып, артық болып тұруы керек, «кіші» ұлттар содан үйреніп, соның төңірегінде топтасуы керек деген идеологияны насихаттады. Ал, ұлт мүддесін жоқтамақ болғандарды 1937-38 жылдары қолдан «қызыл террор» ұйымдастырып, баудай орып түсірді, бұл туралы ауыз ашу қылмыс болып есептелді, сөйтіп халықты әбден шошытып тастады. Кремль метрополиясының ұлттық саясаты осы террордан кейін жалған достыққа негізделген «интернационализм» деп аталып келе жатқан жолдан шұғыл бет бұрыс жасап, ашықтан-ашық орыс ұлтшылдығына ден қойды. Бұл туралы белгілі орыс тарихшысы А. Вдовин былай деп жазды: «Ұлы Отан соғысының алдында ВКП(б) басшылығы ұлтшылдыққа деген көзқарасты түбегейлі өзгеру керектігін ұқты». Осылайша «пролетарлық интернационализмді» жалаулатып келген атақты Комитернді КСРО басшылығы соғыс тұсында «қажетсіз» деп тауып, мүлде жауып тынды. Есесіне, орыс солдатының «жеңімпаз» образын жасауға көп күш жұмсады. Неге? Өйткені метрополия осы образ арқылы орыс халқын адамзатты фашистік езгіден «азат етуші», «құтқарушы», «бақытқа жеткізуші» бірден-бір ұлт ретінде көрсеткісі келді. Сөйтіп, әлемдегі ұлы халықтардың қатарына қосу үшін орыс ұлтына барынша басымдық беру керек болды. Ал, әлемдегі ұлы халықтардың арасына қосылған орыстың «кіші» халықтардың арасындағы «ағалық» мәртебесі өзінен көтерілетіні түсінікті ғой... Соғыс қортындысына қарасаңыз, орыстар әуел баста көздеген мақсаттарына жетті де. Ал, әсіре ұлтшыл кеңес генералитеті орыс­ты «ұлы» халықтардың қатарында көру үшін ештеңеден аянып қалмағаны анық. Оның ішінде «аз» ұлттардың еңбегін «аға» ұлттың мүддесіне пайдалану, кемсіту, ерлік істерін бұрмалау, немқұрайлылық таныту, төмендетіп көрсету олар үшін түкке де тұрмайтын әдеттегі іс болды.

Шын мәнінде, қаны сорғалаған КСРО тарихында ұлт факторы шет қалды, адам факторы да идеологиялық негізге алынбады. Айтқанымыз бос әңгіме болмас үшін, оның дәлел-тұздығы ретінде майданда маңызды рөл атқарған сұрмергендер өмірінен бірер мысалдар келтірейік. Жалпы, осы соғыста құралайды көзге атқан атақты сұрмергендердің көпшілігі азиаттар арасынан шыққанын атап өту – бізге мақтаныш. Алайда олардың көрсеткен ерлік істері қолдан жасалған «аға» ұлт мергендерінің көлеңкесінде еленбей қалып қойды. Өкініштісі де – осы.

Бұл мәселе қазақ оқырманы үшін әлі жеткілікті зерттелмеген, тың тақырып екендігін ескере келе, соғыс жылдарында бүкілхалықтық сипатқа ие болған мергендер қозғалысына қысқаша шолу жасап өткенді жөн көрдік.

[caption id="attachment_3463" align="alignleft" width="250"]Ыбырайым Сүлейменов Ыбырайым Сүлейменов[/caption]

Қай соғыста да құралайды көзге атқан сұрмергендерге деген сұраныс жоғары болған. Екінші дүниежүзілік қантөгісте оның бағасы тіпті арта түсті. Соғыс барысында мергендер қызметін пайдаланбаған бір де бір шайқас, бір де бір ұрыс, операция болған емес десек шындықтан алыс кетпейміз. Бірден айтып өтетін нәрсе, соғыс нәтижелерінің қортындысы әскери төзімділігі мен дайындығы жағынан әлемдегі ең мықты сұрмергендер Қызыл Армияның жауынгерлері екенін көрсетті. Кеңес мергендері қандай өлшемдік тұрғыдан алғанда да, әлемдегі кез келген армияның мергендерін артқа тастап, оқ бойы алға озып кетті. Біздіңше, оған таң қалудың қажеті шамалы. Өйткені жан-жақтан анталаған империалист – жыртқыштардың арасында жалғыз қалғандай сезінген Кеңес Одағы азаматтарды мылтық атуға да­йындауы былай тұрсын, көздегенін атып түсіретін мергендікке үйрету мәселесін мемлекеттік тұрғыда жаппай жолға қойған дүниежүзіндегі бірден бір ел болды. Жасы үлкен кісілердің есінде шығар, азаматтарға мылтық ату дағдысын қалыптастыру мектеп қабырғасынан бастап міндеттелетін. Үздік шыққандарды «Ворошилов атқышы» деген төсбелгімен марапаттап, көтермелейтін. Көп ұзамай соғыс өрті тұтанып, арнайы дайындықтан өткен кеңістік мергендер мектебінің түлектері өз тәжірбиелерін нағыз қан майданда сынауға мүмкіндік алды. Шайқас барысында кеңес мергендері шын мәнінде өз ісінің теңдесі жоқ шеберлері екенін дәлелдеді. Мысалмен дәйектейік. Алғашқы үздік ондықтың құрамына кіретін мергендердің «өлім» тізімінде – 4200 жау солдаты мен офицері болса, алғашқы үздік жиырмалықтың үлесіндегі бұл көрсеткіш – 7400-ді құраған. Соғыстағы мергендік қызметтің қаншалықты маңызды болғанын осы арифметикадан-ақ байқауға болар. Оған ондаған дзот, танк, миномет, самолет нысандарын қосыңыз. Ал, Вермахт армиясы мұндай көрсеткішке жетпек түгелі, көлеңкесі де болған емес. Неге? Себебі, кеңес қолбасшылары пулеметші, минометші сияқты мергендер даярлайтын атқыштар орталықтарын ашу қажеттігін ерте түсінді. Сөйтіп, 1941 жылы-ақ КСРО Қорғаныс министрлігі Кеңес азаматтарын өзін-өзі қорғауға жұмылдыру деген желеу­мен мергендікке үйрететін арнаулы мектептер ұйымдастыруға шешім шығарған. Ол «Школы отличных стрелков снайперский подготовки» (ШОССП) деп аталды. Сонымен бірге соғыс кезінде құпия мекемелер мен мемлекеттік маңызы бар нысандарды (қару-жарақ, жанармай қоймалары мен эшелондар) күзететін НКВД-ның өз алдына жеке мергендер мектебі жұмыс істегенін де айта кетуіміз керек.

Мергендер мектебі демекші, мергендік – тек қалтқысыз дәлдік қана емес, сонымен бірге ол батылдықты, төзімділікті, айлакерлікті, тапқырлықты, қысқасы ақыл-ойды қажет ететін әскери мамандықтың түрі. Сондықтан, бұл мамандыққа мықтылардың ішіндегі мықтысы ғана іріктеліп, сұрыпталып алынатын болған.

[caption id="attachment_3459" align="alignleft" width="300"]Төлеутай Әбдібеков Төлеутай Әбдібеков[/caption]

Соғыс кезінде барлығы 428335 мерген арнаулы дайындық мектебінен өтті. Әлемнің бір де бір армиясының құрамында дәл мұншама көп мерген күші болған емес. Сөз жоқ, кеңес мергендерінің дайындығының жоғары дәрежелі болуы әскери құрамалардағы көңіл-күйдің де жақсы, сергек болуына септігі зор болды. Мергендер қозғалысының жолға қойылуына генерал лейтенант Г.Ф. Морозов ерекше еңбек сіңіргенін атап өтуге тиіспіз. Бас штабта бөлім басқарған генерал соғыс барысында «өнер» көрсеткен барлық кеңестік мергендердің ұрыстағы әдіс-тәсілдері мен тәжірбиелерін жинақтап, анализ жасап отырған.

1942 жылдың ортасына таман кеңес мергендері майдан шебінің барлық тұсында белсенділік таныта бастаған. «Орыс мергені – өте қорқынышты, одан қашып тығылатын жер жоқ. Тышқан болып інге кіріп кетсең де, оның атқан оғынан құтыла алмайсың. Басыңды қылтитсаң бітті – оқ қақ маңдайдан қадалады» немесе «Біздің окоптарда мынадай мазмұнда хабарландырулар ілінген: Абайла, орыс мергені атқалы тұр!». Мінеки, осыдан-ақ немістердің кеңес мергенінен қаншалықты үрейленгенін білуге болатындай.

Мына мәлімет те ешкімді бейжай қалдырмайды деп ойлаймын: 500-ден аса неміс солдаты мен офицерін сұлатып түсірген кеңес сұрмергендерінің саны 5 болса, оны 400-ден асырғандардың саны 12, 300-ден әріге апарғандар 25, ал 200-ден асыра жаудың көзін жойғандардың жалпы саны 36 мергенге тең.

Кеңес тарихшыларының көрсетуінше, жеке жетістік бойынша 702 жауды жер жастандырған Михаил Сурков ең үздік мергендер көшін бастап тұр. Алайда Сурковтың «айрықша мергендігіне» энциклопециялық еңбектер тұрмақ, әскери тарихшылардың өздері де үлкен күмәнмен қарайды. Одан кейінгі үздік он сұрмергеннің орны былайша тізіледі: Владимир Селбиев (601), Василий Квачантарадзе (534), Ахат Ахметжанов (502), Иван Құлбердинов (487), Владимир Пчелинцев (456), Николай Казюк (446), Петр Гончаров (445).

[caption id="attachment_3455" align="alignleft" width="196"]Валит Ғалимов Валит Ғалимов[/caption]

Астын сызып айтатын жайт, зерттеушілер көптеген мергендердің көрсеткіші бұрмаланғанын айтады. Біз қараған «Википидия» энциклопедиясы да осындай пікірде. Мысалы, тарихи ұлттардың «ұлылығын» көрсету мақсатында М. Сурков (орыс), В. Селбиев (осетин), В. Квачантирадзенің (грузин) «өлім дәптерлеріндегі» көрсеткіштері сол кездегі саясаттың ыңғайымен көтермелеп көрсетілсе, есесіне «тарихтан тыс тұрған аз халықтардың» өкілі болып табылатын мергендердің көрсеткіштері кемітіп көрсетілген. Осы жерде сахалық Ф.Охлопковтың ерлігі жайлы жеке дара айтып өтуге тиіспіз. Оның «өлім дәптерінде» 429 жауды атып түсірген деген белгі соғылған. Бұл ресми мәлімет. Алайда архив материалдарының деректеріне көз жүгіртсек, оның жасаған ерлігін тым сүмірейтіп көрсеткені байқалады. Шын мәнінде осы бір суыққанды сахалық батыр 1200-ден астам неміс солдаты мен офицерінің көзін жойған екен, оның ішінде 70-ке жуығы мерген – «кукушкалар» болыпты. Бұл не деген сөз? Яғни, бір өзі тұтас бір қолды жер жастандырған деген сөз. Бұл түсіне білгенге, батырлардың ішіндегі нағыз қас батырлардың ғана қолынан келетін қаһармандық іс! Өйткені Охлопков құралайды көзге атқан мергендігі өз алдына, сонымен бірге пулеметші де, автоматшы да, қолма-қол айқаста да ешкімге дес бермеген әмбебап жауынгер болыпты. Кеңес Одағының маршалы И.Х. Баграмян 1980 жылы жазған естелігінде ол туралы былай дейді: «Федор Охлопков... был в самых жестких боях, вступал в рукопашный бой, ходил в разведку. Как пулеметчик и автоматчик уничтожил не одну сотню врагов, как разведчик привел более десятка «языков».

Потрясающая точность огня солдата – якута была так высока, что его было решено переквалифицировать в снайперы.

[caption id="attachment_3462" align="alignleft" width="198"]Филип Рубахо Филип Рубахо[/caption]

Универсальный боец – разведчик, рукопашник, автоматчик, пулеметчик, снайпер, настоячий «охотник за головами». Біреуді біреу біліп болмайтын қиян-кескі ұрыс кезінде ол сұлатып түсірген жаудың бәрі бірдей тізімге алына бермегенге ұқсайды. Тізімге алынса да, әдейі ескерілмеген сияқты. Ал, кеңес қолбасшылығынан бәрін де күтуге болатын еді. Соғыс алдында КСРО Жоғары Кеңесі Президиумының мүшелері мараппаттау тәртібі туралы мәселені қайта қарап, дұшпанның 100 солдатын атып түсірген мергенге Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі деген шешім қабылдаған екен. Алайда соғыс барысында бұл шешім «аға» ұлттың жауынгерлеріне келгенде бұлжымаған қағида ретінде қалғанымен, «кіші» халықтардың арасынан шыққандардың ерлік істеріне келгенде солқылдақтық танытқан, батырлық еңбектері тиісінше ескеріле бермеген. Олардың ерлік істеріне орыс командирлер көбіне көз жұма қараған. Егер кеңес қолбасшылары әділетті шешім шығарғанда, сөз жоқ, Ф. Охлопков он екі мәрте Кеңес Одағының Батыры деген жоғары атаққа ие әлемдегі бірден-бір қаһарман болар еді! Шын мағынасында ол соған лайық жан-тұғын (Бұл жоғары атақ үш адамға – Буденный, Кожедуб, Покрышкинге үш мәрте, екі адамға – Жуков пен Брежневке төрт мәрте берілген). Әрине, ол атақсыз қалған жоқ, 1944 жылы Батыр атағы берілді. Бірақ, қызыл командирлер тарапынан ерліктің әділетсіз бағаланғанын мойындау керек. Айта кететіні, саха халқының арасынан үш Кеңес Одағының Батыры шықты. Оның екеуі мергендер сапынан. Алғашқысы, Ф.Охлопков болса, екіншісі 129 (кейде 148) жауды атып түсірген Алексей Миронов еді. Амал не, соғыста жоғары көрсеткішке қол жеткізген, айыбы «тарихтан тыс тұрған» халықтар арасынан шыққан басқа да көптеген мергендерге бұл атақ бұйырмады. Мысалы, 502 неміс солдаты мен офицерін атып түсірген башқұрт ұланы Ахат Ахметжанов марапаттау тәртібі бойынша кем дегенде бес мәрте Кеңес Одағының Батыры атану керек еді, нәтижесінде бұл жоғары атақтан мүлдем қалыс қалды. Жаудың 487 солдатының көзін жойған тағы бір сахалық сұрмерген Иван Құлбердинов Батыр атағын төрт мәрте алу керек болатын, ол да орысшыл генералиттеттің тақиясына тар келді. Сол секілді 397 жау солдатын сұлатқан, немістер «қара тажал» деп атаған Төлеутай Әбдібеков пен 341 фашисті жер жастандырған Ыбырай Сүлейменов сияқты қазақ мергендері үш мәрте Батыр болуға лайық еді, өкінішке қарай, бұлар да жоғарыдағы қандас әріптестерінің кебін киді. Қазақ ұлтының өкілдері Қайыржан Адамбеков (239), Ғалым Қойшыбаев (126), Жұман Есіркеев(106), татарлар Фахретдин Атнағұлов (202), Загид Рахматуллин (177), әзірбайжан қызы Зиба Ғаниева (129), қырғыз Әшірәлі Османалиев (128), башқұрт Амат Ералиев (100-ден аса), Алексей Құрбанов (150), өзбек Абдолла Сапарбеков (110), тағы басқаларды да осы қатарда атауға болады. Сондай-ақ, эвенкі Семен Номоконов (368), нанай Максим Пассар (230) (бұл мергенге 2010 жылы Ресей Батыры атағы берілді), шешен Махмұт Амаев (177), тәжік Сайд Әлиев (130) бұл жоғары атаққа ілінбеді. Осы аталған мергендердің көпшілігі кезінде Батыр атағына ұсынылған, алайда шовинистік көзқарастағы қолбасшылықтың құлықсыздық танытуынан ол «өзінен-өзі» аяқсыз қалып отырды. Мұндай кезінде Батыр атағына ұсынылған, бірақ оны түрлі себептермен ала алмай қалған азиат нәсілді жауынгерлердің нақты есебіне жеткен ешкім жоқ. Неліктен бұлай болды? Генралитет неге «аз» халықтардың ерлік істеріне көз жұма қарады? Кемсітушілікке қалайша жол берді?!. Бұл сұрақтарға былайша жауап беруге болар еді. Соғыс кезінде еуропа нәсілді халықтардан басқалардың көзсіз ерліктеріне күдікпен қарау, кездейсоқтық деп бағалау, менсінбеу – орыс қолбасшылары мен қызыл командирлердің әдеттегі ісі болатын. Өйткені олар ең алдымен өз қандастарының ерлігін асқақтата көрсету арқылы, жалпы орыс ұлтының «құтқарушылық» миссиясын насихаттауды мақсат тұтты. Сөйтіп түймедейді түйедей етіп көрсетіп, ұрыс үстіндегі бүкіл абырой- атақты орайы келсе соларға жұлып әперу үшін белсенді. Ол өз нәтижесін берді де. Тіпті, орыс жауынгеріне автоматпен 20-30 жаудың солдатын жайратып салғаны үшін ғана Батыр атағын бергені туралы мәліметтер жетіп артылады. Оған көз жеткізгіңіз келсе, «Кеңес Одағының Батырлары» деген екі томдық кітапты парақтап шықсаңыз көп шындыққа қанық боласыз. Есесіне, жалғыз оқты мылтықпен бір батальон, бір полк жауды жайратып салған нағыз ерлерге Батыр атағын беруді қимаған. Бұл әділетсіздік емей, немене?..

[caption id="attachment_3460" align="alignleft" width="199"]Фахритдин Атнағұлов Фахритдин Атнағұлов[/caption]

Олай болса, дәл осы жерде алапат соғыста түркітекті халықтар арасынан үздік шыққан алғашқы он сұрмергеннің аты-жөнін атап, «өлім дәптеріндегі» көрсеткіштерін қоса келтіре кетудің реті келіп тұр. Олар: сахалық Ф. Охлопков – 1200, башқұрт А. Ахметжанов – 502, сахалық И. Құлбердинов – 487, қазақтар Т.Әбдібеков – 397, Ф. Рубахо – 346 (кейбір деректерде 392), Ы. Сүлейменов – 341, Қ.Адамбеков – 239, татарлар К. Зейнотдинов – 226, В. Ғалиев – 207, Ф. Атнағұлов – 200. Барлығын қоссақ, 4191. Бұл небәрі он мергеннің көрсеткіші, жаудың 3 полк солдатының көзін жойып жіберген. Бұл біздің білетініміз ғана, білмейтініміз қаншама!

Ойды-ой қозғайды. Мынадай бір ойға ерік беріп көрейік. Немістер «орыс мергені» деп зәресі кете қорқып жүргендердің көпшілігі шын мәнінде «аз» халықтар санатындағы «ажал адуындары» емес пе екен?!. Мүмкін. Бірақ, оны қазір анықтау мүмкін емес. Себебі, соғыста мергендердің көпшілігі лақап атпен (Мысалы, 241 жауды жер жастандырған Жиган деген лақап атпен ерлік іс көрсеткен мергеннің шын аты-жөні қазірге дейін белгісіз) қатысқан. Оның үстіне аты-жөні орыс тілінің заңдылықтарына сәйкестендіре, бұрмалап аталғандары да аз емес. Сондықтан, «орыс» мергендерінің шын ұлтың ажырату кім-кімге де оңайға түспейді. Керек десеңіз, олардың ұлттық құрамын анықтайтын құжаттар мен мәліметтер «орталық» тарапынан әлдеқашан жойып жіберілуі де мүмкін. Не қайта жасалуы кәдік. Оған дәйек – мысалдар жеткілікті.

Кеңестік идеология мен насихаттың бұдан басқа да соғыста қалдырған құйтырқы істері мен зұлымдықтары аз емес.

[caption id="attachment_3461" align="alignleft" width="200"]Федор_Охлопков Федор_Охлопков[/caption]

Тағы да қайталай айтуға тура келіп тұр. Соғыс кезінде әскери құрамалардың ұлттық құрамы туралы ешқандай мағлұматтар таратылмады және жарияланбады. Сол сияқты Батыр атағын алғандардың ұлты туралы айтуға да қолбасшылық соншалық құштар бола бермеген. Бұл мәліметтердің бәрі архив құжаттарында өте құпия сақталды. Әрине, бұлай істегенде командование оны өз империялық мүддесі тұрғысынан жасағаны сөзсіз. Тек уақыт өте келе әскери құрамалар мен ондағы ұлттың құрамы, Батыр атағына ұсынылғандар мен алғандардың ұлты туралы ақтаңдақтармен танысуға мүмкіндік туды. Онда да метрополия ол мүмкіндікті қолдан жасады. Тағы да сол ұлы орыс ұлтының «батыр халық» екенін дәлелдеу үшін... Айтып өтейік, Ұлы Отан соғысы кезінде 7998 орыс ұлтының өкілі Кеңес Одағының Батыры атағын алған екен. Бірақ, бұл Батырлардың қаншасы таза орыс нәсілді, қаншасы «шала» орыстар, яғни орыстанған өзге ұлт өкілдері екенін ешкім нақты білмейді. Жасыратыны жоқ, Кеңес Одағы тұсында орыс халқы «авангард» ұлт ретінде танылды. Сондықтан «авангард» ұлтқа икемделіп, соның дәстүрінде ат қою, шаш қою, мәдениет ұстану (Мысалы, Аманкелдінің – Аликке, Құдайбердінің – Коляға, Серікжанның – Сережаға айналуы секілді) сәнге айналғаны белгілі. Бұл, сөз жоқ, Ресей метрополиясының КСРО-дағы халықтарды орыстандыруды көксеген солақай саясатының жемісі еді. Соның кесірінен шоқынғаны бар, шоқынбағаны бар, бодан халықтардың көпшілігі ныспысын христиан – орыс дәстүрінде қоюға мәжбүр болған. Ал, кейбіреулерінің аты-жөндері айтылуға ауыр болғандықтан, шала сауатты құжат толтырушылар қалай естісе солай өзгертіп жаза берген. Бұл азаматтардың көпшілігі ақыр соңында біреуді біреу біліп болмайтын аласапыран кезеңде «орыс ұлтынан шыққан Батырлар» ретінде жазылып кеткен. Мысалы, жау дзотын кеудесімен жауып, көзсіз ерлік жасаған Александр Матросов кеңес зерттеушілері жазғандай ешқандай да орыс ұлтының өкілі емес, бөрілі байрақты башқұрт ұлтының ұланы Шакирьян Мухаметьянов (қазақшасы Шәкіржан Мұхаметжанов – Б.Ш.) болып шықты емес пе?! Жас кезінен жетімдіктің зардабын тартқан ол орыс ныспысын балалар үйінде жүргенде алыпты. Кеңес Одағы тарихында мұндай бұрмалаулар мен бұра тартулар аз болмаған. Сол секілді бұлардың қаншасы шын Батыр, қаншасы «жалған» Батыр екені де анық емес. Анығы – кәсіби тарихшылардың көпшілігі бұл дерекке күмәнмен қарайтыны. Бір қуанарлық нәрсе, кеңес қолбасшыларының соғыс жылдары «тарихтан тыс тұрған» халықтарға жасаған зұлымдықтары мен қиянаттары туралы тың болжамдар айтылып, біртіндеп беті ашылып, бұл жайында жаңа зерттеулер жолға қойылып жатыр.

Ал, түркітектес халықтар арасынан Батыр атағын алғандардың ұлттық құрамына келетін болсақ, былайша өріледі: 161 татар, 105 қазақ, 69 өзбек, 63 мордва, 45 гуваш, 43 әзірбайжан, 39 башқұрт, 18 түркімен, 12 қырғыз, 8 қабарды, 6 қырым татарлары, 5 абқаз, 3 саха, 1 ұйғыр, 1 тоба, 1 ханты-мансы, 1 хақас. Барлығы – 581 Батыр!

[caption id="attachment_3457" align="alignleft" width="239"]Иван Құлбердинов Иван Құлбердинов[/caption]

Кейде осылай, бірді айтып отырып, бірге кетесің. Тақырыпқа оралайық. Жалпы, әлем тарихындағы ең үздік сұрмерген фин Сима Хайке болып табылады. Ол 1939 – 40 жылдардағы орыс-фин қақтығысында 742 қызыл әскер мен комиссарды жер жастандырған. Зерттеулерге қарағанда, ол «жемтігінің» көпшілігін қақаған қыс мезгілінде атып түсірген екен. Сол себептен болу керек, қызылдар Симо Хайкені «ақ тажал» деп атапты. Ал, Вермахт жауынгерлері «қара тажал» деп Төлеуғали Әбдібековті атаған. Тіпті, «қара тажалдың» басына қомақты неміс маркасын тіккен деген де сөз бар. Расында, соғыс уақытындағы барлық атақты мергендердің лақап аттары болған. Мысалы, Охлопков «Тунгус» лақап атымен белгілі болса, Пассардың лақабы «нанаец» еді. Ал, немістің ең әйгілі сұрмергені, 345 қызыл әскерді сұлатып түсірген Матиас Хатзенаэр мен 257 дұшпанын қапы қалдырған Сепп Аллерберг екен. (http://www.wio.ru/galgard/sniper/sniperru.htm).

***

[caption id="attachment_3458" align="alignleft" width="192"]Калимолла Зейнотдинов Калимолла Зейнотдинов[/caption]

Соғыс кезінде (әсіресе, 1943 жылдан кейін) кеңес жауынгерлерінің арасында мыңнан аса мерген әйел қызмет істеген. Олар 12000-нан астам жау солдаты мен офицерлерінің көзін жойған. Түсіне білгенге, бұл үлкен арифметика! Әйелдер арасынан шыққан ең үздік сұрмерген Людмила Павлюченко болып есептеледі, оның қолынан 309 жау солдаты өлім құшқан екен. Соғыста көрсеткен қаһармандығы үшін оған 1943 жылы Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Осы жоғары атаққа ие болған (1944 жылы) мерген қыздардың ішінде қазақ аруы Әлия Молдағұлова да бар. Ол өз әріптестерінің ішіндегі ең жас болғанына қарамай жаудың 78 солдатын жер жастандырып, батыл да жаужүректілігімен ерекше көзге түскен. Айта кететіні, осынау мергендер қатарында басқа да азиат нәсілді қыздар көп болды. Бірақ, олардың ішінде Батыр атағын алған қыздар туралы мәлімет бізге мәлім емес. Ескеретін факт: Қызыл Армия қатарында 300 мыңнан аса жауынгер әйелдер қызмет еткен, 86-сы Кеңес Одағының Батыры атағына ие болған. Соның екеуі – қазақ қыздары. Шығыстың қос шынары атанған екеудің біріншісі – пулеметші Мәншүк Мәметова да, екіншісі – мерген Әлия Молдағұлова. Шетелдік әйелдер арасынан шыққан жалғыз Батыр қыз – Польша әскерінің жауынгері А.Кживонь болыпты.

Соғыс барысында барлығы 87 мерген Кеңес Одағының Батыры атағын алса, 39-ы Даңқ орденінің толық иегері атанған екен. Оның ішінде біздің Филипп Рубахо мен Әлия Молдағұлова бар. Әрине, түркітекті халықтар арасынан суырылып шыққан, батыр атануға лайық сұрмергендердің өте-мөте көп болғанын жоғарыда айтып өттік. Өкінішке қарай, оның көпшілігінің ерлік істері қызыл идеологияның қитұрқы, зымиян іс-әрекетінің құрбандығына айналып, тиісті бағасын ала алмады. Қадірлі жұртымыз игіліктің ерте-кеші жоқ демей ме? Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында тарихи қателікке түзету енгізіп, бір кезде еленбеген ерлікті мойындап, атақсыз қалған батырларға тәуелсіз елдердің ең жоғарғы атақтары (Қазақстанда «Халық Қаһарманы», Ресейде «Ресей Федерациясының Батыры», Өзбекстанда «Узбекистон Қахрамони», тағы басқалар) беріліп жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Даңқты жауынгер ағаларымыз бен апаларымыздың Отан алдындағы еңбегі мен ерлік істері осылайша әділ бағасын алса, сөйтіп тарихи әділеттілік қалпына келтірілсе, қаһармандықты өнеге тұтатын жұртшылық ерекше қуанышқа кенелер еді.

P.S. Иә, біз ең алдымен қазақ баласының қаһармандығын паш етіп, ерлік істерін мақтаныш тұтып, соны үлгі етуге тиіспіз. Ал, «ерлік», «батырлық» деген ұғымдар «елдік» ұғымымен етене егіз. «Ер жігіт ел үшін туады, Ел үшін өледі» дейді қазақ. «Отан үшін отқа түс, күймейсің» дейді қаһарман Бауыржан Момышұлы. Ал, елдік – ер түріктің заманынан бері өшпей келе жатқан киелі ұғым. Елдік ұғымын ұрпаққа мәңгі қалдыру үшін Иоллығтегін «Білге қаған», «Тоныкөк», «Күлтегін» жырларын тасқа қашап жаздырды. Бұл – азаттық пен ерлік философиясы еді. «Бәрібір адам баласының бәрі өлгелі туған», – дейді Иоллығтегін. Бұл не деген сөз? Бұл – осы дүниедегі өмірде өз жұртыңа сөз қалдырып, керек болса елің үшін жан қиюға даяр болу әр ердің міндеті деген сөз. Ал, о дүниедегі өмірді – мәңгілік тіршілік идеограммасы деп түсінген. Яғни, түркілердің өмір философиясындағы тіршіліктің өзегі – осы дүниедегі ерлік өмір деген оптимистік философия болды. Түркі халықтарының жойылып кетпей, тәуелсіз мемлекеттер құрып отыруы осы елдік идеясы мен азаттық философиясының өміршеңдігін бойында сақтағандығынан. Анығырағы, ерлік пен батырлық – елдікті сақтап отырудың негізі. Оның қажеттігін ер Түріктің ұрпағы ертеден түсініп, оны өміршең ұлттық идеяға өзек еткен. Ал, ұлттық идея атадан балаға сезім арқылы, генетикалық жалғастық арқылы берілетіндігін ескерсек, бұл асыл қасиеттердің әрбір түркітекті ұлттың бойында бар екендігіне шек келтіруге болмайды. Әр түркі баласының бойында тығылып жатқан ерлік пен батырлық кез келген сәтте жанартаудай атқылай жөнелуі ғажап емес. Ол оның ішкі дайындығы мен сана-сезіміне тікелей байланысты. Ақылмен ерлік жасалмайды, ерлік – көзсіз жасалады.

Мұндағы айтпағымыз, қазақпен қандас, тағдырлас, мұңдас өзге түркітекті халық ұландарының да ерлік істер жасауға, батырлық көрсетуге қабілетті екенін жеткізу.

Ендеше, «Ердің ісі – елдің мойнында, Елдің ісі – ердің мойнында» екенін ер Түріктің әрбір баласы ұмытпай мықтап есте ұстаса, мұндай байрақты жұрттың тізесін ешбір жау бүктіре алмайтынына кәрі тарих куә.

БОЛАТ ШАРАХЫМБАЙ, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты