Тарихшы дауды қойып, тарихпен айналысса екен...

Тарихшы дауды қойып, тарихпен айналысса екен...

Тарихшы дауды қойып, тарихпен айналысса екен...
ашық дереккөзі
Барлық тұлғаны жоққа шығару – тарихқа қиянат

Газетте жарық көрген мақалам оқылып, оған жауап хат келіп жатса, қатты қуанам. Бұл жолы да Әлімғазы Дәулетхан ағаның "Қазақ дипломатиясының ханшайымы" атты мақалаға жауап жазғаны бір ширатып тастады. Abai.kz сайтына «Советтік мансап иелері Тәуелсіз қазаққа тұтқа бола алмайды» деген жауап мақаласын жариялағаны мақаламның тағы бір мәрте оқырманмен қауышуына өз ықпалын тигізді.

Әлімғазы аға бұған дейін «Балжан деген қатыннан тұлға жасаудың қажеті жоқ», «Қайдағы бір әйелді сонша мадақтап» деп бірнеше мәрте қоңырау шалған да еді. Өкінішке қарай, тарихшы ағамыз кеңестік кезеңдегі тұлғаларды тарихтан біржола сызып тастағысы келетін сияқты. Балжан Бөлтірікова, Алма Оразбаева сынды қайраткерлер әйел заты болғандықтан ба, тұлғалықты қимайтын көрінеді. Зады, компартияның қыспағына қарамастан қазаққа болысқан, қазақтың титтей де болса мұңын мұңдап, жоғын түгендеген тұлғалардың еңбегін жоққа шығару – сауатсыздық. Аштықтан, соғыстан кейін елге титімдей пайдасын тигізер азаматтар саусақпен санарлық еді. Соғыс жылдарында 70 келілік қанар қаппен бидай тасып, бауырындағы сәбиін төсекке таңып, жетімге білім беріп, жалаңаяқ қара домалақтарға жылу сыйлаған әрбір ана – тұлға! Олар атақ-даңқты ойлаған жоқ, олардың мақсаты – ұрпақты сақтап қалу еді. Ал Балжан Бөлтірікова соғыстан кейін сол аналардың ізін жаңылмай жалғастырған нағыз қайсар қазақ қызы. Алматыдағы №12 мектепте қызмет істеп, мектеп үйін жапон тұтқындарымен бірге жөндеген жан. Қамығулы қазақ балаларының маңдайынан аялы алақанымен сипап, жүректерінде білім отын жақты. Қазақтың бір баласын маңдайынан сипап, жүрегінде білім отын жаққан әрбір адам – тұлға! Қазақта дипломатия болмаған дейсіз. Ал Нәзір Төреқұлов, Төлеген Тәжібаев, Әди Шәріпов, Мәлік Фазылов, Мүсілім Базарбаев, Михаил (Хакім) Есенәлиев сияқты қазақ дипломатиясына еңбегі сіңген ірі тұлғалардың есімін де тарихтан сызып тастауымыз керек пе? Адам құқықтары жөніндегі комиссия Балжан болса да, болмаса да сол жылдары құрылмас еді. Неге дерсіз?
  • Біріншіден, 50 жылдары Кореяда – соғыс, 60 жылдары Въетнамда – соғыс, 70 жылдары Ауғанстанда – соғыс, Кариб аралдарында Үшінші дүниежүізілік соғыстың басталу қаупі тұрды. Осындай соғыс кезінде комиссияның құрылуы тіпті мүмкін емес еді.
  • Екіншіден, Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссия құрылған күннің өзінде, Кеңестер одағының он бес одақтас республикаларындағы халықтың арыз-шағымын БҰҰ-на кім жеткізер еді?
  • Үшіншіден, 1993 жылы ғана құрылған Комиссия қазір қандай мәселе шешіп отыр? Ливиядан бастап, Сирия, Ирак, Ауғанстанда болып жатқан қырғында есепсіз қырылып жатқан бейбіт тұрғындарға БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссия қандай көмек беріп отыр?
Балжан Бөлтірікова – тұлға. Оның Сыртқы істер министрлігіне дейін тындырған істері сол кездегі кез келген ер азаматтың да қолынан келмес еді. Сөзімді салмақтай түсу үшін бірнеше мысал. Қазақ дипломатиясына ғана емес, елімізде ойсырап тұрған басқа да салаларды реттеп, қалпына келтірген еңбегін, ерлігін бір мақалада тізіп шығу мүмкін емес. Оның әлеумет, білім-ғылым, денсаулық саласына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Ол туралы  толығырақ «Қазақ дипломатиясының ханшайымы» атты мақаладан оқуға болады. Сонымен:
  • Балжан Бөлтірікова БҰҰ Бас ассамблеясының XXI және XXV сессияларына Кеңес Одағының ресми делегациясын бастап барды;
  • Балжан Бөлтірікова БҰҰ сессиясында КСРО делегациясының атынан сөз сөйлеген. КСРО бұл міндетті кез келгенге тапсырмайтыны айқын;
  • Жапония, АҚШ, Корея, ІІІвейцария, Чехословакия, Сирия, Мысыр, Цейлон (Шри-Ланка), сондай-ақ әлемнің басқа да елдеріне жұмыс сапарларымен барып, барлық жерде Қазақстан атынан лайықты түрде өкілдік етті;
  • 12 мектептің ғимараты екіауыз там болатын. Осы үйдің бір бөлмесінде өзі тұрып, бір бөлмесінде бала оқытып, жолдасымен бірге әр кірпішін өзі тасып, мектеп ғимаратын тұрғызды;
  • Алматыда Протезді ортопедиялық зауыт ашты;
  • Әлеуметтік қорғау туралы тұңғыш заң жобасын қабылдады;
  • Қазақ мектептерінде бастауыш сыныпты сақтап қалу туралы ұсынысын Қазақстан Жоғарғы Кеңесі президиумында қорғап, сақтап қалды;
  • Мектептерде жоғары білімді педагогтардың сабақ беруін талап етіп, Қазақстанның жоғарғы оқу орнын Ағарту министрінің құзырына беріп, жоғарғы және орта білім министрлігін бөлдіртіп алды.
  •  width=
Кеңестер одағы кезінде қазақтан шыққан тұлғаларды жоққа шығару қиянат. Тарихшы бола тұра сол кездегі тұлғалардың атын даттауды ағамыз әдетке айналдырып алған ба? Әлде, олардың ешқашан жауап қатпайтыны тарихшының оң жамбасына келіп тұр ма? Әділғазы аға, қазақ тарихының зерттелмеген тұстары әлі көп. Қаншама тарихи шындықтың беті ашылған жоқ. Ол өзіңізге де мәлім. Ендеше тарихшылар дау іздегенді доғарып, шын тарихпен қашан айналысады? Нағыз тұлғаны жоққа шығарғысы келетін адамдарға айқын нәрсені дәлелдеп, жаға жыртысудың бұдан былай қажеті шамалы.