Жаңалықтар

Темір Сариевке қойылған талап

ашық дереккөзі

Темір Сариевке қойылған талап

Өткен сенбі жұмыс күні болмаса да, Қырғызстанда 2 мамыр күні жаңа үкімет жұмысқа кірісіп кетті. 30 сәуірде күні бойғы талқылаудан кейін, кешқұрым өлкенің Жоғарғы Кеңешінің депутаттары парламенттің партиялық фракцияларының көпшілік коалициясы жақтаған премьер-министрлік қызметке талапкер Темір Сариевке қолдау көрсетіп, дәйектемелерін мемлекет басшысына жіберген соң, 2 мамырда президент Алмазбек Атамбаев оны үкімет басшысы етіп тағайындау және жаңа үкіметтің құрамын бекіту туралы жарлыққа қол қойды.

Темір Сариев мұның алдында экономика министрі болатын. 2015 жыл Қырғызстанда «Ұлттық экономиканы нығайту жылы» деп жарияланған. Сөйтіп, экономика жылында экономика министрі бұдан былай министрлер кабинетін басқаратын болды. Сариевтің талапкерлігін ұсынған «Ар-Намыс» партиясының лидері Феликс Құлов болашақ үкімет басшысына бірнеше талап қойған. Соның бастысы – Сариев, оның «Ақ сұңқар» партиясы және жаңа үкіметтің мүшелері биылғы 4 қазанда өтетін парламенттік сайлауға депутаттыққа талапкер болмайды (1910 жылы Қырғызстанның Уақытша үкіметі Роза Отынбаеваны уақытша президенттік қызметке ұсынғанда, одан «президенттік сайлауға қатыспайсыз» деп талап еткені есте. Бұл шарт, негізінен үкіметтің алаңсыз жұмыс істеуіне және парламенттік сайлауда әкімшілік өктемдіктің болма­уына жағдай жасамақшы. Жақында жазғы демалысқа шығатын парламент депутаттары да, білек түрініп отырған саясаткерлер де күзгі сайлауға әзірлене бастады.

Сариевке дейін қызметін атқарған премьер-министр Жоомарт Оторбаев Қырғызстандағы ең ірі алтын кені «Құмтөр» мәселесін оң шеше алмағаны үшін өз еркімен 23 сәуірде қызметінен кетті. Қырғыз Республикасы Канада мемлекетінің іскер тұлғаларымен ширек ғасырдай бұрын бірлесіп ашқан «Құмтөр» кені республикаға азды-көпті кіріс әкелгенімен шатағы 24 жылдан бері бітпей келеді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы бірінші премьер-министр Насирдин Исанов 1991 жылдың қараша айында жол апатынан қайтыс болғанда, ол Канада өкілдерінің және оны жақтаған қырғыз билігінің келісіміне қарсы болғаны үшін «кісі қолынан өлді» деген сөз әлі күнге дейін айтылып келеді. Жоомарт Оторбаевтан бұрынғы премьер-министр Жантөрө Сатыбалдиевті де республиканың Жоғарғы Кеңеші «Құмтөрге» байланысты қызметінен кетірген.

Жаңа үкімет басшысына әзірше «Құмтөр» мәселесін шешу жүктелген жоқ. Бірақ, бұл мәселе келешекте жаңа премьер-министрдің де қызметтік тағдырын шешуі әбден мүмкін. Қырғыз билігінің қазіргі басты мақсаты – Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) ойдағыдай қосылу. Сариевтің талапкерлігі таңдалғанда да, оның Одақтың құжаттары және шарттарымен жете таныстығына мән берілген. Алдын ала межеленген жоспар бойынша Қырғызстан 8 мамырда Мәскеуде Одаққа кіру құжаттарын тапсыруы тиіс еді. 4 мамырда Темір Сариев үкіметтің жиынында бірнеше мәселенің басы шешілмегендіктен Қырғызстан Еуразиялық экономикалық одаққа үш аптадай кешігіп кіретіні туралы мәлімдеді. «Біз ЕАЭО-ға қосыламыз. Бұл шешім қабылданып қойған. Кәсіпкерлердің мазасызданбауын және өсек болмауын қалаймын. Мемлекетіміз тарапынан одаққа кіруге барлық құжат әзір, хаттамаларға қол қою ғана бірнеше аптаға кешігеді. Бұл хаттама ратификацияланған соң Қырғызстан ЕАЭО-ға ресми түрде кірді деп есептелінеді. Мамырдың ортасында Қырғыз-орыс инвестициялық қоры өлкеміздің экономикалық жобаларын қаржыландыра бастайды. Қазірдің өзінде қаржылардың үштен бір бөлігі елімізге келді», – деді Т. Сариев жиында. Президент аппаратында бөлім басшы болып істеп келген қандасымыз Нұрсұлу Ахметова Қырғызстан президентінің жарлығымен Қырғыз-орыс инвестициялық қорын басқаруға тағайындалғанын айта кеткеніміз де жөн болар.

4 мамырда президент Алмазбек Атамбаев Қырғызстанның Қорғау (Қауіпсіздік) кеңесінің мәжілісін өткізіп, өлкенің энергетикалық қауіп­сіздігін қамтамасыз етуге бағытталған Қорғау кеңесінің шешіміне қол қойды. Мұнда жоғарыда сөз болған Одаққа қосылу аясындағы басы толық ашылмаған мәселелер қозғалған. Атап айтқанда, шешімде республиканың энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша Үкіметтің атқарған істері қанағаттанарлық емес деп табылып, бірнеше міндеттер белгіленді. Олардың ішінде ЕАЭО құ­рамында энергетикалық нарықтық қатынастардың нысаны ретінде Қырғыз Республикасының орнын және рөлін белгілеу; ЕАЭО-да және оның мүшелерімен екі тарапты мәмілелерде энергия көздерінің импортын және экспортын кепілдікпен қамтамасыз етудің үйлесімді, өзара пайдалы, сондай-ақ Қырғыз Республикасының мүдделеріне сай келісімін жасау мәселелері бар.

Мәскеуде 9 мамырда өтетін Жеңіс шеруінің алдында ТМД елдерінің басшылары ЕАЭО мәселесіне байланысты бас қосатыны мәлім. Қырғызстан президенті 8 – 9 мамырда Мәскеуде болатынына байланысты Бішкекте Жеңіс шеруін 7 мамырда өткізу туралы сәуір айында шешім шығарылған, сол сол екен, ғаламтор бетін бұл шешімді айыптаған қырғызстандықтардың пікірлері басып қалды. «7 мамыр өлкеде – жұмыс күні, шеру өткізетін күн емес» деген көзқарастар басым болды.

Ұлы Отан соғысына Қырғызстанның 1,5 миллион халқының 365 мыңы (төрттен біріне жуығы) қатысқан. 95 мың жауынгер соғыс даласында қаза тапқан. 73 қырғызстандық Кеңес Одағының батыры атағымен марапатталған.

Қазіргі кезде Қырғызстанда соғыстың және тылдың 5991 ардагері қалып отыр. 1113-і соғысқа тікелей қатысқандар. Олар күн өткен сайын азаюда. Өткен жылдың 4 желтоқсанындағы ресми мәліметте қатысушылардың саны 1250 болатын. Бес айдың ішінде 100-ден астам ардагер қайтыс болған.

 

Назарбек БАЙЖІГІТОВ,

«Түркістанның» Қырғызстандағы тілшісі