Дю Солей циркі ЭКСПО қонақтарына ғажайып тарту жасады

Дю Солей циркі ЭКСПО қонақтарына ғажайып тарту жасады

Дю Солей циркі ЭКСПО қонақтарына ғажайып тарту жасады
ашық дереккөзі
Атақты Дю Соллей циркі «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне тарту ретінде алып келген «REFLEKT» атты арнайы бағдарламасын тоғыз ай бойы дайындаған екен. 15 маусымда тұсаукесері өткізілген бұл қойылымды тек  ЭКСПО қонақтары ғана көре алады, үш айда канадалық ұжым 71 мәрте өнер көрсетеді. ЭКСПО-қалашықта арнайы ғимараты салынып, өз атына отау құрған дю Солей циркі қойылымының билеттері пышақ үстінен үлестірілгендей тез сатылып жатыр. Қазірдің өзінде шілде-тамыз айындағы қойылымдарға ғана билет алуға болады. Көрерменнің ыстық ықыласын цирк ұжымының ерен еңбегі ақтайды: бір сағаттан асатын қойылымда театр, акробатика, балет, би, музыка, дыбыс, жарық пен от, тіпті пультпен жүретін электромобильдер мен техниканың түр-түрі бар. Ашып айтатын жайт, бұл цирктің қойылымдарына бірде-бір жануар қатыстырылмайды, бағдарламаның өзегі бастан-аяқ адамның ақыл-ой ұшқырлығы мен іс-қимыл шеберлігін көрсетуге арналған. 75 минут ішінде көрерменнің бар назары сахнада болады, көңілін суытатын не зеріктіретін бір сәт те жоқ. Оның үстіне, дәл осы бағдарламаны ЭКСПО-2017 тақырыбына орайластырып дайындағаны көрінді: қойылымның басында клоундар электромобильдерден қашып жүрсе, одан соң акробаттар қабырғаға өрлеп, аспанда ұшып, таңдай қақтырды. Тағы бір сәтінде мотоциклді зырғытып айдаған, биік әткеншектен секіріп, әуеде сальто жасаған, жылқы мүсіндеріне мініп, көшпенділер тұрмысын бейнелеген өнерпаздар қойылым мазмұнын қоюлатты. Екі қолына алаулаған шырақ ұстаған акробаттардың «отты биінен» соң ғарыш көгіне бет алған «астронавтар» ауада қалықтап, қойылымды қорытындылады. Ғылым мен техниканың жетістіктерін пайдалануды осылайша сахналаған дю Солей циркінің «ЭСКПО-2017» көрмесіне әкелген қойылымның көркемдік стилі қазақтың «Алтын адамы» мен Көк Тудағы бүркіт бейнесін еске түсіреді.