Екібастұзда Мәшһүр Жүсіп Көпейұлына ескерткіш қойылды

Екібастұзда Мәшһүр Жүсіп Көпейұлына ескерткіш қойылды

Екібастұзда Мәшһүр Жүсіп Көпейұлына ескерткіш қойылды
ашық дереккөзі
Ұлы ойшыл, фольклортанушы, этнограф, тарихшы, философ, қазақ мәдениеті мен әдебиетінің белгілі тұлғасы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлына арналған ескерткіш Екібастұз қаласына кіреберістегі ақынның есімімен аталатын көшеде орнатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап. Ескерткіштің ашылуы шаһардың 60 жылдық мерейтойына орайластырылған. Қоладан құйылған монументтің биіктігі тұғырымен бірге алты метрден асады. Мүсіншілер Жаубасар мен Жарылғасын Иғланбекұлы бұл жұмысқа бір жылдай уақыт жұмсаған. «Іске кіріспен бұрын біз Мәшһүр Жүсіптің өмірін тереңнен зерттедік. Ол өте жан-жақты адам болған», - дейді Жаубасар Иғланбекұлы. Ал облыс әкімі Болат Бақауов бүгінгі ұрпаққа бай мұра қалдырған ұлы тұлғаны құрмет тұтуы керек екенін атап өтті. «Өткені жоқтың болашағы да болмайды. Қазақтардың тоқшылықта өмір сүретінін Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы айтып кеткен. Бүгінде біз шынымен де молшылықта өмір сүрудеміз», - деді Болат Бақауов. Ескерткіштің ашылу салтанатына Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының немересі Зарауха Шарапиева, шөбересі Абай Шарапиев те қатысты. Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовпен бірге монументтің бетіндегі матаны қазақтың ұлы зерттеушісінің шөбересі Абай Шарапиев ашты. «Менің ата-анам Мәшһүр Жүсіп атамның талап қоя білетін адам болғанын айтатын. Ол еңбек еткен қарапайым адамдарды қатты сыйлаған. Баянауылда оның ұсталықпен айналысқан достары өте көп болған. Олардың төрінде менің атам әрдайым қонақ ретінде құрметке бөленген», - дейді Абай Шарапиев. Шара барысында мектеп оқушылары Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының бірнеше шығармасын орындап, соңынан ескерткішке гүл шоқтары қойылды.