Жаңалықтар

Аңсасы кепкен ауыл

ашық дереккөзі

Аңсасы кепкен ауыл

Алматы облысының Жамбыл ауданына қарасты Қарғалы елді мекеніне тиесілі «Наурыз» бау-бақша серіктестігі тұрғындарының жеке тұрғын үй құқығын алу үшін күресіп келе жатқандарына біраз уақыт болды. «Наурыз» тұрғындарының айтуынша, жеке тұрғын үй салу құқығына өтпегендіктен, көптеген түйткілге тап болып отырған көрінеді. Өйткені Үкімет мойнына ештеңені алмайды. Бәрін тұрғындар өзі шешуі керек. Қарғалы ауылынан өтіп, Ұзынағаш ауылына қарай жол тартып бара жатқанда, сол жағыңыздан «Наурыз» ауылын көресіз. Ауылға кіреберісте «Наурыз – бау-бақша серіктестігі» деген жазуы бар тақтайша көзіңізге түседі. Бұл ауылға апаратын жолға асфальт төселмеген, кіреберіс қоқысқа толы екен. Кіреберісте әкімшіліктің қоқыс тастаушыларға 50 мың теңге айыппұл салатыны жайлы ескертпесі тұрғанына қарамастан, мұндағы қоқыстан аяқ алып жүргісіз. Осының өзі ауылдың иесіз жатқандығынан хабар берсе керек.

Бұл бау-бақша серіктестігінің тарихы тым әріге, Кеңестер заманына кетеді. Қарғалы ауылындағы мақта-мата комбинатының жұмысшыларына бау-бақша өсіруге, қосымша шаруашылық жүргізуге бөлінген. Алайда бау-бақша серіктестігі деген аты ғана, мұндағы жер учаскесінің барлығына жеке меншік үй салынған. Халық тығыз орналасқан. Бұрын серіктестіктің жарғысы бойынша, алма бағын егу, қоян шаруашылығын дамыту, жеке бау-бақша шаруашылықтарын жүргізу көзделген.

2000 жылдардың басында «Наурыздағы» жер учаскелері сегіз сотықтан бөлініп, алыс-жақыннан келген тұрғындарға сатыла бастады. Бау-бақша серіктестігі 2002 жылы қайта тіркеуден өтіп, «Наурыз» деген атпен құрылған. Көлемі – 73 гектар жер. 742 учаскесі бар. Қазір мұнда уақытша салынған «құжырларды» есептемегенде 560 үй бой көтерген, 3 мыңға жуық адам өмір сүреді. Үй төлқұжатын қолына алған және ресми тіркеуге тұрғандарының саны – 262. Ауыл халқы негізінен Өзбекстаннан, Қарақалпақ жерінен, Моңғолиядан және Қазақстанның алыс ауылдарынан келген тұрғындар. Көбінің үйлері аяқталып, құжаттары рәсімделмегендіктен, тіркеуі де басқа жақта. Көшелерінде әлі ресми атау жоқ. Қарақалпақтан келгеніне 10 жылдан асқан, ауыл бой көтергелі тұрып келе жатқан Мұқамәди Қалбаев қолына құжаттарын алып, осы үйге тіркеліп алған. Оның қолына берілген құжатта көшенің атауы «2-көше» деп аталады. Бізге кездескен басқа ауыл тұрғындарының ешқайсысында үй құжаттары жоқ. Оның себебін олар үйлерінің әлі салынып бітпеуімен байланыстырды.

Бәрінің қолында заңды мемлекеттік актісі бар. Алайда осынша тұрғыны бар «Наурыздың» жеке тұрғын үй құрылысы құқығына қол жеткізе алмай келе жатқанына не кедергі?

Ауыл тұрғындарының да, бау-бақша серіктестігінің төрағасы Есті­бай Айдаровтың айтуы бойынша, ауылдағы ең бірінші түйткіл – ауыз су. «Наурыз» – «Наурыз» болғалы мұнда ауыз су келіп көрген емес. Жаздың бірнеше айына жерді суғару үшін, тоғаннан өзен суы босатылады.

– Алайда, – дейді Естібай Айдаров, – бұл ішуге жарамсыз. Ауылдың басынан су келмейді. «Наурыз» түгілі Қарғалы ауылының өзі толықтай сумен қамтамасыз етілмеген. Мұнда «Қарғалы Су» деген коммуналдық шаруашылық бар. Онда тек скважина бар. Ол суды 4 сағаттай айдайды. Су үйлерге тек құбыр арқылы жеткізіледі. Былтыр осы құбырларды ауыстырып, Қарғалы ауылының Қарғалы өзеніне жақын отырған шығыс бөлігін сумен қамтамасыз етті. Қалғандарына құбырды биыл тартпақ. Ал Наурызға судың қашан келетіні белгісіз. Тек жаз айларына бау-бақшаны суару мақсатымен су жіберіледі, ол да бір тоспадан алынады. Алайда бір-екі ашық жер бар. Сол ашық жерлерде жұрт малын суарады, балалар шомылады, егініне пайдаланады. Осы суды амалсыз «Наурыз» тұрғындары пайдалануға мәжбүр. Дегенмен, бұл су ішуге жарамсыз. Қандай да бір ішек аурулары таралуы мүмкін. Кейбір тұрғын ауыз суды дүкеннен сатып ішеді. Бірақ оған жұрттың бәрінің қолы жете бермейді ғой. Осы мәселені шешпейінше, ИЖС болмайтын сияқты.

«Қарғалы су» мекемесі биыл ауылдың жартысына су тартамыз, скважинаның орнына станция саламыз дейді. Скважинадан зиян шегіп отырған сыңайлы. Олар суды 350 метрден тартады. Жоғарыдағы тоспаға келетін су өзімен-өзі ағып келіп жатқан су. «Қарғалы су» осы тоспаның жанына мұнара орнатып, суды бақылауды өз қолына алмақ. Егер, мұнара тұрғызса судың жиналуы да, оны сүзгіден өткізу де жақсарар еді. Ондай мүмкіндік болса, Наурызға бірнеше жерден су берілуі мүмкін. Ол да біздің жағдайымызға, қолымыздағы ақшамызға байланыс­ты. Қазіргі есеп бойынша 150 миллион теңге қажет екен.

Екінші мәселе, жол мәселесі. Кезінде ауыл әкімшілігінен жерді өлшеп берушілер құрылыс нормаларын ескермеген. Ауыл тұрғындары архитекторлардың айтуы бойынша, өздеріне тиесілі жер телімдерін 1,5 метрге дейін жолға қалдырғандарын айтады. Алайда бұның өзі 8 метрге әрең жетеді екен. Ал стандарт бо­йынша, ауыл арасындағы жолдардың кеңдігі 10-15 метрге жетуі тиіс.

– Біз ИЖС-ке өтеміз деп қыңқылдай берген соң, жоғары жақтағылар да біздің өтінішімізге құлақ асып, құжаттарымызды дайындауға пәрмен берген болатын. Сөйтіп біз құжаттарын жинаумен айналыстық. Үйлердің санын шығарып, көшелерді санап, құжаттарды дайындап, жоғарыға жібергенбіз. Олар комиссия жіберді. Оның ішінде архитектор, санэпидстанция өкілі, жер комитетінен, аудандық, ауылдық әкімшілік өкілдері келді. Олар ауылды түгел аралап, өз қорытындыларын айтты. Айтуынша, біздің көшелер өте тар көрінеді. Тұрғын үй құрылысына өту үшін көшелердің кеңдігі кем дегенде, 10 метрден тар болмауы керек. Бір бағытта өрт сөндіру машинасы кетіп бара жатса, қарама қарсы бағытқа жедел жәрдем машинасы сиятындай болуы тиіс. 2000 жылдың басында жер тұрғындарға сатыла бастаған кезде, үй салуға жерді кім өлшеп берді? Аудандық Жер комитетінің мамандары! Ауыл тұрғындары өздіктерімен үй салмайды ғой. Сол кезде көшенің кеңдігі қарастырылуы керек еді. Бірақ ол кездегі құрылыс нысандарын салу нормасы ескі еді. Бәлкім архитекторлар сол нормаға сүйенген шығар, – дейді Естібай Айдаров.

Наурыздықтардың айтуынша, мұнда газ да келген. Қолынан келгендері үйіне көгілдір отынды да енгізіп алған.

«Наурыз» тұрғындарының айтқан тағы бір түйткілі – мектеп жайы. Мұнда «Наурызға» тиіп тұрған мектеп бар. Алайда ол дарынды балаларға арналған мектеп болғандықтан, тек 5 сыныптан бастап қабылдайды. Ал бастауыш сыныпта оқитын балаларын ата-аналар қыста ауылдан 3-4 шақырым алыстағы мектепке апаруға мәжбүр. Оларға арнайы автобус берілмегендіктен, ауыл таксистеріне жалынуға тура келеді. Әрбір баланы мектепке апарып-әкелу үшін күніне 140 теңге төленеді.

– Өткенде балаларға арналған ав­тоорындықтар туралы әңгіме шық­қанда таксистердің бәрі балаларды тасудан бас тартты. Сол кезде балаларымызды қалай апарарымызды білмей састық. Қазір де кейбір таксистер балаларды креслосыз алудан қорқады, – дейді үш баланың анасы Эльмира.

 Естібай Айдаров ауыл бала­ларының сұранысын өтеу мақ­сатында аудандық әкімшіліктің 1200 орындық мектеп салуға уәде бергендіктерін айтады. Алайда ауыл тұрғындары ол мектеп салынып болғанша, ауыл балалары студент атанатын шығар деп ойлайды. Қарғалыда 5 мектеп бар. Естібай мырза балаларды мектепке жеткізуге автобус шығарып беру туралы шағымдарын жазып, ата-аналардың қолын жинауда. Оған қашан құлақ асады, оны ешкім білмейді. Мұқамәди Қалбаевтың мектеп жасында төрт баласы бар. Оның екеуі ауыл іргесіндегі №5 дарынды балаларға арналған мектепке барады, бастауыш сынып жасындағы екеуін ауылдан 3-4 шақырым қашықтықта орналасқан Әсет Бейсеуов атындағы мектепке тасымалдауға мәжбүр. Оның айтуынша, ауыл балаларын мектепке тасымалдауға автобус шығарып берумен іс бітпейді. Жаңа мектеп салу деген де жақын күндері жүзеге аса қоятын іс емес. Сол себепті де, дарынды балаларға арналған 5 мектептен ауыл тұрғындарына арнап баста­уыш сыныптарын ашу керек. Олардың айтуына қарағанда, үш қабатты мектепте оқитын балалардың саны – 400-ге жетпейтін көрінеді. Алайда Талдықорғаннан келген білім бөлімінің басшылары бұл мектептің аудандық білім басқармасына қарамайтындығын, облыстық білім басқармасының иелігінде екендігін айтқан. Сөйтіп ауыл тұрғындарының іргедегі мектептен бастауыш сыныптарын ашып беру туралы ұсынысын қабылдамай тастаған.

Ауылда бастауыш сынып жасында қанша бала барын нақты ешкім білмейді. Тек білетіндері мектеп жасындағы балалардың саны – 461 екендігі.

Ауыл белсенділерінің бірі Тамара Құмар осы ауылға электр тогын тарту үшін әрбір тұрғынның 68 мың теңгеден жинағандығын айтады. Алайда қазір электр жарығы үшін төленетін сома да жоғары дейді ол:

– Біз электр жарығы үшін былтыр жыл соңында 18-19 теңге төлеп келсек, қазір ол 22 теңгеге шықты. Оның себебін мұндағылар электр жарығы үшін төлемейтін өзгелердің қарызын жабумен түсіндіреді. Оның сыртында ауыл тұрғындары бау-бақша серіктестігіне жылына 9 мың теңге төлеп тұрамыз, әрі жердің салығы бар. Егер ауылымыз тұрғын үй құрылысы дәрежесін алатын болса, біз мұндай көп ақшаны төлеп, шығынданбас едік.

– Егер, біз ИЖС-ке көшетін болсақ, Үкімет ауылдың инфра­құры­лым­дарының бәрін өз мойнына алады. Канализация жүргізіледі, электр жарығын, телекоммуникациясын тартады, ауыз суын реттейді, көшені асфальттайды, жарық орнатады. Біздің қазіргі мақтанатынымыз, электр тогын тартып алғанымыз. Әрбір тұрғыннан 68-61 мың теңге аралығында ақша жинап, электр бағандарын орнатып алдық, бірақ біз жарықты сатып аламыз. Тариф те өзгеріп тұрады, жазға таман сәл арзандайды, қыста қымбаттау болады, – дейді Естібай Айдаров.

Қала маңы ауылдарының түйткілі бір бұл емес. Бұл Алматы мен Астананың, басқа да облыс орталық­тарының, ірі қалаларының бәрінің басында бар жайт. Ал ол түйткілді реттеуде қала әкімшіліктері әзірге қауқарсыз секілді.

Есенгүл КӘПҚЫЗЫ