Мұнайлы елдердің мұңы бір
Мұнайлы елдердің мұңы бір
Әзірбайжан банкінің банкротқа ұшырауы қазақ ақпарат құралдарында жиі талқыланды. Себебі еліміздің зейнетақы қорындағы қомақты қаражат осы банкке аманатталған еді. Әзірбайжан үкіметі бұл қаражаттың қалай да қайтарылатынын жеткізді. Ал экономистер мен саясаткерлердің бір тобы әзірбайжан экономикасы мұнай бағасына тәуелді, берілген қаражат жақын жылдары қайтарылмайды десе, екінші тобы Бакудің қарыштап дамып келе жатқанын алға тартуда. Осы пікірдің дұрыс-бұрыстығын тарқату үшін Бакудің бүгінгі хал-жағдайына үңіліп көрдік.
Британдық «The Independent» басылымы бірнеше жыл бұрын Әзірбайжанның саяси-экономикалық және мәдени жетістіктеріне арналған көлемді материал жариялады. Әлемдік нарықта шарықтап дамып келе жатқан мемлекет туралы материалда беделді мемлекет қайраткерлері, министрлер мен халықаралық сарапшылар бұл елді «ғажайып экономика» иегері деп бағалады.
Кезінде он бес одақтас республикалардың бірі болған Әзірбайжан қазіргі таңда салыстырмалы түрде ең тартымды туристік орталыққа айналып отыр. Бакудегі шығыс пен батыс, түркі мәдениеті мен діни толеранттылық, заманауи инфрақұрылым туристерді көптеп тартуда. Баку – батыс пен шығыстың тоғысқан тұсы деп қабылданады.
Иә, Әзірбайжанның Қазақстан экономикасына ұқсас тұстары көп. Мысалы, Әзірбайжанның жалпы ішкі өнімінің 50 пайызын мұнай экспорты құрап келді. Дей тұрғанмен, бұл секторда халықтың 2 пайызы ғана жұмыс істейді.
90-жылдары Әзірбайжан шетелдік инвесторларды мұнай өндіруге көптеп шақырды. Бүгінге дейін бұл стратегия өз жемісін беріп келді де. Экономикалық өсім 25-35 пайызды құрады. 2005-2008 жылдары әзірбайжан елі ең ірі мұнай ошақтарынан мұнай ала бастады. Бағына орай, әлемдік нарықтағы шикізат бағасы да жоғары еді. Жылына 40 миллион тонна мұнай өндіріп, 2010 жылы рекордтық көрсеткішке қол жеткізді – 51 миллион тонна немесе 380 миллион баррель мұнай алды. Бұл көрсеткіш Қазақстандағы барлық мұнай ошақтарынан алынатын мұнайдың көлемімен парапар. Бар болғаны 10 миллионға жуық халқы бар мемлекет үшін бұл таптырмас олжа еді, ел экономикасы өрге жүзді, халықтың жағдайы түзелді. Посткеңестік елдер ішінде сытылып алға шыққан да осы Әзірбайжан мемлекеті. Жергілікті тұрғындар сырттан келген қонақтарға «Бакуге әппақ киім киіп келмеңдер, мұнай жағып аласыңдар» деп қалжыңдайтын болған.
Бірақ 2015 жылғы мұнай бағасының құлдырауы бұл елді де тығырыққа тіреп қойды. Әлемдік нарықтағы мұнай бағасы төмендеді. Сәйкесінше, мұнай өндіру көлемі де азайтылды. 2010 жылғы рекордтық өнімнен кейін үкімет мұнай өндіру көлемін анағұрлым кемітіп, жылына 35 миллион тоннаға дейін шектеу қойды. Ұлттық валютаны ұстап тұру үшін Орталық банк қорының басым бөлігі жұмсалып, 2016 жылы валюталық резерві 13,7 миллиард доллардан 4,1 миллиард долларға дейін қысқарды. Бірақ бұл шара да манаттың құнын сақтап тұруға көмектесе алған жоқ, қазіргі таңда 1,7 манат – 1 доллар тұрады. Ал осыдан екі жыл бұрын 1 доллар – 0,8 манат болған.
Негізі, Әзірбайжан мұндай жайтқа душар болам деп ойлаған жоқ. Бұл туралы президент Илхам Әлиев былай деген еді: «Шынын айтқанда, осындай жағдайға, яғни мұнай өндіруді азайтатын кезге тап болатынымызды болжаған едік, бірақ 15-20 жылдан кейін деп шамаладық. Біз бұл кезеңге дайын болған жоқпыз. Негізі, 2030 жылдан кейін ғана қолға аламыз деп жоспарладық. Бұған дейін айтқанымдай, мұнайдан кейінгі кезең басталды және аяқасты келді».
Дегенмен, Әзірбайжанның әлі де мұрты бұзылмаған мұнай қорлары баршылық. Мәселен, «Шах-Дениз-2» жобасын 2018-2019 жылдары іске қосу жоспарланған. Ал жақында президент Илхам Әлиев Каспий теңізінің қайраңында орналасқан «Гейдар Әлиев» бұрғылау құрылғысының ашылуына қатысты. Сонымен қатар алдағы уақытта TANAP (Трансанатолиялық) газ тасымалдау жобасы іске қосылса, оңтүстікке есік ашып, Грузия, Түркия мен Еуропаның бірқатар елдеріне газ жеткізбек. Аталмыш жобалар елдің қазіргі экономикасына титтей де болса ықпалы болады деп үміттеніп отыр.
Бірақ сыр бере бастаған қаржылық жағдайды қалыпты ұстап тұру үшін бірді-екілі жобаның жеткіліксіз екені айқын. Қазіргі таңда мұнайға балама ретінде ауыл шаруашылығы мен көліктік-логистика секторын дамытуды қолға алған. Бірақ әзірбайжандық сарапшылар, бұл секторлардың қай-қайсысы да мұнай экспортына балама бола алмайды деген пікірде.
Ұлттық әл-ауқат қорындағы қаражат та айтарлықтай азай-ды. Атап айтқанда, 2015 жылы 323 миллион доллар болса, 2016 жылы небәрі 64 миллион доллар қалған. Сарапшылардың пікірінше, қордағы қаражат азая бермек. Себебі Әзірбайжан әлі де болса мұнай мен газ өндіру және тасымалдау бойынша аймақтық орталыққа айналу амбициясынан бас тартар емес. Бұл идеядан бас тартып, халықтың әлеуметтік әл-ауқатына көңіл бөлу идеясын насихаттаған бірнеше ақпарат көздері жабылып қалды. Атап айтсақ, «Азаттық» радиосы, «Тұран» телеарнасы мен «Мейдан ТВ» сайты саяси көзқарастары үшін жабылған сияқты.
Шетелдік әншілерге шашылған ақша
Әзірбайжан сыртқы қарыздарын төлеуді уақытша тоқтатты. Бірақ бұл әлемдік деңгейдегі шараларды ұйымдастыруға кедергі болған жоқ. «EurasiaNet» ақпаратына сүйенсек, Әзірбайжан қыруар қаражатты халықаралық жарыстар өткізуге жұмсайды. Бәлкім,бұл елдің абыройын асқақтатып, беделін көтеру үшін қажет те шығар. Бірақ бұл шаралар мемлекет қазынасына оңай тиіп отырған жоқтығын айтады ел тұрғындары. 2015 жылдан бастап әзірбайжан валютасы – манат екі девальвацияны бастан өткерді. Сол жылы Әзірбайжанда Еуропа ойындары өтті, биыл «Formula-1» сайысын өткізеді. Бұл спорттық шаралар мемлекет бюджетіне өте қымбатқа түсті. Жарысты ұйымдастырлу, қонақтарды қабылдау, орналастыру жұмыстарынан тыс әлемге әйгілі поп-жұлдыздарды шақыру ең маңызды тапсырма. Мысалы, ел билігі Энрике Иглесиас пен Фаррелл Уильямсты шақыру үшін миллиондаған доллар бөлген. Ал биыл өткен Ислам ынтымақтастық ойындарының қонағы ретінде шақырылған Мэрая Кериге 3 миллион доллар оп-оңай тарту етілді. «Eurasianet» сайты «Formula-1» мен Мэрая Кэри әзірбайжанның банк секторын тұрақтандыра ала ма?» деп күйініп жазады. Ислам ынтымақтастық ойындары биыл төртінші рет өтті. Оған жергілікті бюджет 211 миллион доллар жұмсаған. Ал Еуропа ойындарының жалпы шығыны – 6,5 миллиард еуро болса, Бакуде салынған орталық стадионның құны – 710 миллион еуроға бағаланған. Сондай-ақ «Formula-1» жарысының ақтық сайысын өткізу үшін Баку 40 миллион доллар төлесе, оның арнайы тасжолын салуға да соншалықты қаражат жұмсаған. Экономикасы күйзеліп отырған шақта миллиондап атақ пен мәнсапқа қаражатты рәсуа ету посткеңестік елдерге ғана тән қасиет сияқты. Әзірбайжан экономикасын ұстап тұру үшін мұнайдың құны кемінде – 66 доллардан, ал Қазақстанның экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін мұнай кемінде 50 доллардан түспеуі тиіс. Қазіргі таңда Doing Business рейтингінде Әзірбайжан 65-орында. Ал жемқорлық көрсеткіші бойынша рейтингте бұл ел 119-орынға тұрақтаған. Дәл қазір мемлекеттің экономикасы тоқырау үстінде сияқты, саясаткерлер Әзірбайжанның бұрынғы дәурені бітті деп санайды. Алайда нарықта мұнай бағасы өссе, мемлекеттің де жағдайы оңалып шыға келмек. Әзірбайжанның қазіргі үміті осында.