Төрт тараптағы төрт қақпа
Төрт тараптағы төрт қақпа
Төрт тарапта – төрт қақпа. Әр қақпаның алды – мұздай қаруланып, темір тексергіш түрлі құралдармен жабдықталған күзет бекеті. Үсті-басыңыз бен қолыңыздағы сөмкеңіз, тіпті үйден алып шыққан тамақ-сусыныңызға дейін жіті тексеруден аман-есен өткен соң ғана қиял-ғажайыптың әлемі – ЭКСПО-қалашыққа енесіз. Қай қақпадан кірсеңіз де көзге әуелі түсетін нысан – алып көк шар. «Нұр Әлем» дегеніңіз осы. Ал оның алды-артын қоршай қонған, сөйтіп жарты шеңбер құрайтын павильондардың шекесінде қатысушы елдер мен ұйымдардың жалаулары биіктен желбіреп, әрқайсысы өзіне шақырып, «менмұндалап» тұр. Обалы нешік, әрбір павильонның сыртқы көрінісінен-ақ сол елдің қолтаңбасын жазбай тануға болады. Мысырдың павильоны пирамидалардың пішінін еске түсірсе, Катар павильонының сыртқы қабырғасы сары алтындай жалт-жұлт етіп, көздің жауын алады. Кариб қоғамдастығы елдерінің павильондары жаппай жасыл реңкке боялып, табалдырықтан-ақ теңіз әлеміне саяхаттауға шақыратындай. Бұлардан бөлек тақырыптық ірі екі павильон тағы бар: онда энергетиканың эволюциясы мен түйткілді мәселелері және энергетика саласындағы технологиялық өрлеу сатылары таныстырылады.
ЭКСПО көрмесі өткен соң бұл ғимараттар «Астана» халықаралық қаржы орталығына пайдалануға беріледі деседі. Бұдан бөлек, мұнда Жасыл технологиялар мен инвестицияларды дамыту орталығы құрылып, Ақпараттық технологиялардың халықаралық технопаркі ашылады деген мәлімет бар.
Айтып-айтпай не керек, көрме павильондарының маңдайшасында желбіреген жалаулар мен сыртқы пішін-көріністеріне қарап-ақ ішкі мазмұнды көруге асығасыз. Мұндайда ең қиыны қай елдің аумағына бірінші бас сұғу керек деген мәселеде таңдау жасау. Себебі жалтылдаған, жарқыраған, жалаулатқан жүзден көп павильонның қайсысында қандай қымбат идея, қайсысында қандай ерек жаңалық бар екенін алдын ала болжап білу мүмкін емес. Мұндайда қазақ «мың естігеннен бір көрген артық» дейді. Сондықтан ЭКСПО-ны көру керек, тамашалау керек, көңілге түю керек – бұл көрме туралы бар мақаланы осы бір ауыз сөзбен-ақ түйіндей салудың әбестігі жоқ, расында.
Әйтсе де, алғашқы бес күнде көргеніміз бен көңілге түйгенімізді ортаға салғанды жөн көрдік.
ЭКСПО қалашықтың қызықтары
ЭКСПО көрмесінің тарихы осыдан жүз елу жыл бұрын британ жерінде бастау алған. Сол кезден бері талай өнертапқыштық туынды осы аттас көрмелерде жоба мен сызба түрінде таныстырылған еді. Астаналық ЭКСПО-ның адамзат тарихындағы жаңа кезеңге берер жаңалығы қандай болмақ? Бұл Күн сәулесімен жүретін автокөлік немесе электробус па, әлде Күн сәулесінен қуат алатын ұшақ немесе суретші робот па – бұл сұраққа жауап беру үшін 131 павильонды түгел аралап, бірін қалдырмай адақтап шығу қажет-ақ. Ал бұған бірер күн түгілі, бір аптаның өзі аздық етеді. Шындығында, биіктігі жүз метрге жететін, өзі сегіз қабаттан тұратын Қазақстан павильоны – «Нұр Әлемді» аралап шығудың өзіне бірнеше күн жұмсау керек болар. Сондықтан соңғы технологиялық жаңалықтармен танысамын, заманауи ғылыми дамудың бағытын аңдаймын деген адамға ЭКСПО қалашыққа бірнеше қайта келуге тура келеді. Өзіміз көрген павильондарды сипаттасақ, ресейліктер Арктика тақырыбын таңдапты. Олар павильонды ашу салтанатында өзгелер сияқты лентаны қайшымен қиып әуре болмай, оны балғамен ұрып, кіруге жол ашты. Сөйтсе, арнайы лента сұйық азоттың көмегімен мұз болып қатырылған екен. Таңдалған тақырыбына сәйкес, павильонның ішінде нағыз Арктика мұзтауы тұр: оны көзбен көріп, қолмен ұстап байқауға болады. Ресейліктер бұл мұзтауды сонау Арктикадан Қазақстанға арнайы әкелгенін айтады. Мұзтаудың етегіндегі суда мұзжарғыш кемелердің макеттері жүзіп жүр. Өзбекстан бұл көрмеге Күн сәулесімен жүретін автокөлік әкелді. Павильонды ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай көліктер 2025 жылы сатуға шығарылады. Бұдан басқа өзбектер Күн сәулесінен қуат алатын эко-капсула макетін көрмеге қойған. Бұл – таулы жерде тынығып, бір мезгіл көз шырымын алатын, өзі оттегін шығаратын бір адамдық демалыс орны. Белорустық делегация электробус атты автобус айдап келген екен. Бес минут қана қуатталатын автобус төрт-бес сағат бойы тоқтаусыз жүріске шыдамды. Минск қаласында электр қуатымен жүретін осындай екі автобус іске қосылған көрінеді. Әйтсе де, бізді ерекше тәнті еткен Ұлыбританияның павильоны екенін айта кету керек. Өзгелердікі сияқты мұнда да жарқыраған лазерлік сәулелер мен LED-экрандардан көз тұнады. Бірақ британдық архитектордың ұтқыр идеясы – қазақша сегіз қанат киіз үйдің пішінін басты идея ретінде таңдағаны еді. Жарық өткізгіш пластикалық материалдарды иіп жасаған киіз үйдің біртұтас кереге-уықтары адамның қолы тигенде ғана сәуле шашады. Сонда қараңғы бөлме шұғылалы киіз үйдің сұлбасымен жарықтанып, әдемі көрініске куә боласыз. Павильон иелерінің айтуына қарағанда, киіз үйдің сұлбасы – болашақтың архитектурасы болуға лайық. Ең бастысы, барша ЭКСПО-қалашығынан қазақтың байырғы тұрмысы мен мәдениетіне тән ұлттық нышанды осы британдық павильоннан көріп, таң-тамаша болғанымызды несін жасырайық. Бұған қоса, британдықтар 2004 жылы Манчестер университетінде жасалған графендік шамдарды таныстыруға алып келген екен. Сегіз жылға дейін күймейтін, қатты ысымайтын үнемді шамдарды қазірдің өзінде ғаламтор арқылы тапсырыс беріп, сатып алуға болады. Обалы нешік, ЭКСПО көрмесінде ғылым мен инновацияны ысыра салып, сауда-саттықтың көрігін қыздырып жатқандар да бар. Мысалы, Үндістан павильонына кіре салысымен түрлі әшекейлердің жайма базарына тап болғандай күй кешесіз. Асыл тастармен көмкерілген жүзік, сырға, білезіктерден бөлек, үнді компаниялары мата-орамал, шәй мен басқа да тауарларды әкелетінін, бірақ әзірге кеденнен өткізе алмай жатқанын айтып қалды.«Нұр Әлем» – Көктен түскен көк шар
ЭКСПО-2017 көрмесінің салтанатты ашылу рәсімінің басты идеясы Көк-Ғарыштан түсіп, Астана төріне, ЭКСПО-қалашығына келіп орналасқан көк шарды сипаттау еді. Биіктігі жүз метрден асатын, сегіз қабаттан тұратын Қазақстан павильоны – ЭКСПО-ситидегі ең көрнекті нысан. Ұнамдысы – «Нұр Әлемнің» әр қабатының атқарып тұрған жүгі бөлек, тақырыбы ерек. Оның әрқайсысы әр түрлі қуат көздеріне арналған. Мысалы, жетінші қабат ғарыш қуатына арналса, алтыншы қабат күн сәулесінен шығарылатын қуат туралы баяндайды. Мұнда келген қонақтар алаулаған Күн макетінің ішіне кіріп, суретке түсумен әлек. Көзайым болып әрі қол тигізіп көретін алып Жер шары да – осы қабатта. Бұдан төменгі қабаттар су, жел қуат көздері, биомасса және кинетикалық қуат туралы әңгімелейді. Ал ең жоғарғы қабатта болашақтағы Астана келбетімен танысып, мультмедиалық еденмен жүріп өтесіз. Егер келешек қаланың ғажайып жобалары туралы мағұлматтарға қанықсаңыз, шардың ең төбесіндегі арнайы терезеден төменге көз тастаңыз: мұнда тұтас ЭКСПО-қалашық алақаныңызда тұрғандай анық көрінеді. Алайда аяғыңыздың астына қарауды да ұмытпаңыз, себебі түссіз әйнектен жасалған еденнен төменгі қабаттардың анық көрінетіні соншалық, өзіңізді ауада қалықтап тұрғандай сезінесіз.