Қаһармандардың есімін жаңғыртқан кітап
Қаһармандардың есімін жаңғыртқан кітап
Жуырда тарихшы Берік Әбдіғалидың «Забытые герои. Герои Советского союза» атты кітабы жарық көрген болатын. Дүйсенбі күні «Нұр Отан» партиясының Қоғамдық саясат институты мен «Байқадам Холдинг» компаниясының қолдауымен басып шығарылған туындының тұсаукесері өтті.
Берік Әбдіғалидың айтуынша, кітапты жазудағы басты мақсат – тарихи әділеттілікті қалпына келтіру және Отан үшін отқа түскен ерлердің есімін паш етіп, оларға «Халық Қаһарманы» дәрежесін алып беру. Қазақстандық жауынгерлер соғыс кезінде үлкен ерлік көрсетіп, ортақ Жеңіске зор үлес қосты. Атап айтқанда, 530 жерлесіміз Кеңес Одағының батыры, 124-і Даңқ орденінің иегері атанды. Бірақ төккен тері мен көрсеткен ерлігіне лайық марапат көрмей кеткендер де жетерлік. Аталмыш туындының мақсаты – майдан шебінде шайқасқан ержүрек жауынгерлердің ерлігіне ескерткіш орнату.
«Әзірше біз батыр дәрежесіне ұсынылған 10 отандасымызды таптық. Оларды туған-туыстарынан басқа ешкім танымайды да. Бұл батырлардың есімімен мектеп те, көше де аталмаған. Міне, солардың есімін ұрпағына таныстыру – біз үшін парыз», – деді Берік Әбдіғали.
Кітап 500 данамен басылып шыққан. Автор қазақстандық батырлардың өмірбаяндары мен ерліктеріне қатысты мәліметтерді іздеу мен саралауда көп ізденгенін айта кеткен жөн. Соның арқасында Балтабек Жетпісбаев, Жұмаш Рахметов, Ыбырайым Сүлейменов, Қасым Ахметов, Төлеуғали Әбдібеков, Григорий Постольников, Сембай Қалиев, Әбен Ахметов, Аманша Меңдіғалиев, Исатай Сүйеубаев сияқты есімі елеусіз қалған ерлердің еңбегіне лайықты баға берілді.
«Кітапта батырлардың ерліктері суреттелген. Ең бастысы, отандастарымыздың жанқиярлығын дәлелдейтін марапат қағаздары мен басқа да құжаттардың көшірмелері беріліп отыр. Деректердің көбі Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің мұрағатынан алынды және тұңғыш рет жарық көрді», – дейді Берік Әбдіғали.
Кітапта ерлігі ерекше суреттелетін лейтенант Рахметов – Екінші дүниежүзілік соғыстағы қазақ арасынан шыққан жалғыз аса шебер танкистер қатарындағы сарбаз. Оның есебінде қарсыластың 11 танкісі бар. Исатай Сүйеубаев 1942 жылғы 20 қарашадағы танктік десантқа қатыса отырып, автомат оқпанымен 182 фашистің көзін жойған. Оғы таусылғасын, Сүйеубаев танкистер ұсынған гранаттар арқылы тағы да 100 қаралы жауды жер жастандырған. Бұдан өзге жауынгерлердің ерлігі де ауыз толтырып айтарлық. Мысалы, мерген Ыбырайым Сүлейменов пен Төлеуғали Әбдібеков.
«Төлеуғали Әбдібеков Кеңес Одағындағы ең салымды мергендер жиырмалығына енген. Ол 397 жаудың көзін құртты. Әскери басшылық оны Кеңес Одағының батыры дәрежесіне ұсынған, алайда оның өз өмірбаянында ағасы Кемелбайдың репрессияға ұшырағанын ашық жазғандығы себепті басқа марапатқа ие болған. Г.Постольников пен С.Оразалинов Матросовтың ерлігін қайталап, пулемёт дзотын өз кеудесімен жапты. Оразалинов бұл үшін еш марапатқа ұсынылмаған», – деп атап өтті автор.
Тарихшы өскелең ұрпақ тәрбиесінде мұндай зерттеулердің ауадай қажет екендігін баса айтты. «Бүгінде біз, ата-бабаларымызға арман болған Тәуелсіздігіміздің сол бір сұрапыл жылдарында осындай ерлер бейнесінде көрініс тауып, сомдала бастағанын көріп отырмыз. Біз елі үшін жанын пида еткен қаһармандарымызға құрмет көрсетуге тиіспіз», – дейді Берік Әбдіғали. Расында да, мұндай еңбектер – жас ұрпақты тәрбиелеу үшін аса қажетті алғышарттың бірі.