Жаңалықтар

Алтын тақтан бас тартқан Акихито

ашық дереккөзі

Алтын тақтан бас тартқан Акихито

Жер бетіндегі жалғыз император тақтан бас тартты. Осыдан үш жыл бұрын да осы өтінішін айтып, император жапон халқынан рұқсат сұраған еді. Жапония  конституциясы бойынша император мәңгілікке сайланады,  көзі тірісінде тақтан кетуге құқы жоқ. Себебі  ұлт басшысы өмірінің соңына дейін халқымен бірге болуы тиіс. Былтыр император Акихито халық алдына шығып, өзінің денсаулығы нашарлағанын айтты. Халыққа осылай өз өтінішін жария етті. Кезінде Акихитоның әкесі Хирохито ел басқарудан бас тартып, барлық саяси міндеттемелерін Үкіметке өткізіп берген болатын. Қазір монарх қағаз жүзінде премьер-министрді тағайындайды, парламентті бекітеді. жалпыхалықтық сайлауға шақырады, награда тапсыру рәсімдеріне қатысады. Бірақ саяси мәлімдеме жасауға құқы жоқ. Парламент императордың ұсынысын ұзақ қарады. Шамамен үш жыл дегенде заңнамалық өзгерістер енгізді. Бірақ заң жобасындағы өзгертулер Акихитоға ғана қатысты. Тақтан бас тарту жапон тарихында екі жүз жылдан кейін ғана қайталанып тұр. Акихито – жер бетіндегі жалғыз император. Соңғы жылдары 83 жастағы императордың денсаулығы сыр бере бастаған. Нарихито есімді тұңғышы – тақ мұрагері. Әкесінің міндетін баласына беруді рәсімдеу бақандай үш жылға созылмақ. Нарухито – 57 жаста, Оксфорд университетінде жоғары білім алған. Халықаралық олимпиада комитетінің мүшесі, қоғамдық және қайырымдылық шаралармен айналысады. Жары – Масако жапон дипломатының қызы. Сирек психологиялық ауруға шалдыққандықтан көпшілік алдына көп шықпайды. Жергілікті басылымдардың жазуынша, дүниеге мұрагер ұл әкеле алмаған ханшайым халық алдына шығудан тартынады екен. Олардың Айко есімді қызы ғана бар. Сондықтан тақ мұрагері ретінде інісі Акисино белгіленеді.

Император – бірлік пен бейбітшілік белгісі

Император Акихито әкесінің көзі тірісінде-ақ талай соғысты көрді. Тақ мұрагері ретінде қуғынға да түсті, солшылдардың тоқпағын да татты. Жапонияның Манчжуриямен соғыстағы жеңісінен кейін, 1932 жылы Акихито дүниеге келді. Екінші Дүниежүзілік соғыста ол қауіпсіз жерде болды, соғыс біткен соң елге оралғанда күл-паршасы шыққан қалаларды ғана көріп, жүрегі қан жылады. 1989 жылы таққа отырған соң соғыс өрті жалмаған жерлерді аралап шығуды мақсат етеді. Сөйтіп, жапон халқы мен американдықтар арасында болған қантөгіс орындарын – Хиросима мен Нагасакиден бастап, жапон аралдарының оңтүстігіндегі Окинава мен Тынық мұхиттағы Сайпан аралын, басқа да қанды шайқастар өткен жерлерді аралап шығады. Жапония императорына жүктелген міндет ауыр. Таққа келген Акихито бірлік пен бейбітшіліктің ұйытқысына айналды. Оның өмірі, өмір сүру үлгісі мен өмірлік принциптері бұрынғы императорлардан мүлде бөлек қалыптасты. Тіпті, оның жары Митико ақсүйек емес, бай кәсіпкердің қызы. Жапонияда халықтың еңсесін көтеріп, орта тапты қалыптастыру үшін император отбасы да өмір сүру салтын басқа арнаға бұрды. Олар балаларын күтушіге берген жоқ, өздері тәрбиеледі. Басқа ақсүйектерге қарағанда Акихито отбасы өте қарапайым тұрады. Бұларға мемлекеттен жылына 300 миллион йена ғана бөлінеді, бұл шамамен 864 миллион теңге. Император сарайы ХХ ғасырда салынған.  Еуропалық патша сарайларымен терезе теңестіре алмайды. Теңіз жағасында екі вилласы мен бір фермасы бар. Акихитоның өзінің жеке мүлкі жоқ, сарайлар мемлекеттің меншігіндегі дүние. Өз меншігіне берілген Honda integra көлігін анда-санда қалаға айдап шығады. Император отбасы министрлермен, мемлекет қайраткерлері және елшілермен жиі кездесулер өткізеді. Сондықтан олардың достары аз, демалатын уақыты да жоқ. Император сарайының басқарушысы Макото Ватанабе бұл отбасының өте еңбекқор екенін айтады. «Олар өте ұқыпты. Сән-салтанат, сайран құруды  азғындық деп біледі. Олардың маңдайына өмір бақи осындай өмір салтын ұстану жазылған. Олар зейнетке де шыға алмайды. Көпшілік алдында зарын айтпайды, сырт көзге сезімін білдірмейді, бұл өте ауыр», – депті. Бәлкім, Акихитоның императорлықтан бас тартуының себебі де осы болар. Бірде Жапон банкінің басшысы есеп беріп отырғанда Акихито «банкомат деген не» деп таңданған көрінеді.

Патша ермегі – теңіз

Жер бетінде 41 мемлекет монархиялық басқару жүйесімен басқарылады. Айталық, Еуропаның бірқатар елдерінде патша тұқымдары патша сарайларында әлі де салтанат құрып отыр. Мысалы, жақында Астанаға келген Испания королі алтыншы Филипп әкесінен кейін патша тағына жайғасты. Алайда Испанияның ресми өкілі деген атағы бар монархтың саясатқа араласуға, өз бетімен шешім қабылдауға құқы жоқ. Дәл сол сияқты Нидерландтар, Бельгия, Ұлыбритания, Швеция, Норвегия, Люксембургтің патша отбасылары монархия шектеулі елдерде өмір сүреді. Кәрі құрлықта абсолютті монархияны сақтап отырған патшалықтар да бар. Олар – Монако, Лихтенштейн, Ватикан. Мәселен, Швецияда – конституциялық монархия. Мемлекет басшысы – король, үкіметті премьер-министр басқарады. Ал Монакода – ел тізгіні корольдің қолында, тақ әкеден балаға мұраға қалып отырады. Аталған патшалық корольдері елдің саясатына, мемлекеттік стратегиясына араласа алмаса да, елшілермен, шетелдік дипломаттармен саяси және экономикалық мәселелерге байланысты ресми кездесулер өткізеді. Сол сияқты елдің ақсүйектері, жалпы айтқанда элитасымен әлсін-әлсін кездесу кештерін, балл өткізуге міндетті. Жапония королі Акихитоның хоббиі – нағыз ғылым. Оның теңіз жануарлар әлемі туралы еңбегіне бірде-бір ғалымның зерттеуі тең келмейді. Оның биология ғылымына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Сарай қызметкерлерінің айтуынша, император мемлекет қайраткерлері, елшілермен кездесуден гөрі ғалымдармен жиі кездесіп, халықаралық симпозиумдарға жиі қатысады екен. Бристоль университетінің құрметті профессоры Питер Миллер Акихито туралы былай дейді. «Оның ғылымға қосқан үлесі ұшан-теңіз. Мұны ол император болған соң айтып отырған жоқпын. Оның теңіз балықтары туралы зерттеу еңбектерін ондаған ғалым бірлесіп жасай алмайды», – деген. Жапония императоры теңіз балықтары жайында 38 ғылыми еңбек жазып, балықтардың бір-бірінен айырмашылықтарын талдап берген. Жапон императорының отбасының жөні бөлек. Императордың немересі жақында тұрмысқа шықпақшы. Ақсүйек емес, қарапайым жанмен отбасын құрады. Құдаласу маусым айында, ал үйлену тойы 2018 жылы өтеді. Осыдан кейін Мако император отбасынан ресми түрде шығады да, қарапайым азаматшаға айналады. Мако император Акихитоның ұзатылатын бірінші немересі. Содан кейін император отбасында 18 адам қалады. Оның алтауы – тұрмысқа шықпаған ханшайымдар. 2005 жылы Жапония императорының жалғыз қызы Саяко ханшайым Курода есімді мемлекеттік шенеунікке тұрмысқа шықты. Содан кейін ол ханшайым санатынан шығып, билеуші отбасынан кеткені үшін 150 миллион йена (1,3 миллион доллар) өтемақы алған. Міне, осылай ың-шыңсыз шешіледі. Император сарайының заңдары бойынша, қара сүйекке қосылған ханшайымдар лауазымынан айырылады және ешқашан таққа үміткер бола алмайды. 2006 жылы императордың екінші ұлының әйелі Кико ханшайым ұл туды. Сөйтіп, император Акихито отбасының 40 жылдан аса уақыт күткен мұрагері дүниеге келіп, мұрагерлік мәселесі түбегейлі шешілді. Себебі заң бойынша таққа тек ер адамдар ғана отыра алатын болса, бұл отбасында 1965 жылдан бері мұрагер дүниеге келмеген. Содан кейін жапон үкіметі қыз балалардың да таққа ие болуына рұқсат беретін император мұрагерлігі туралы заңға өзгерістер енгізуді қарастыра бастаған. Ол өзгеріс ханзада Нарухитоның қызы ханшайым Айконың 300 жылдан кейін бірінші рет Жапония императоры ретінде таққа отыруына жол ашатын еді. Бірақ, жас мұрагердің дүниеге келуі ол реформаларды толығымен тоқтатып тастады. Сөйтіп, жапондық дәстүр бойынша елдің императорлық отбасына 125-ші мұрагер ұрпақ келіп, әулеттің сақталу келешегіне кепілдік жасалды.