Бірлік – ұлы сөз

Бірлік – ұлы сөз

Бірлік – ұлы сөз
ашық дереккөзі

Тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі экономикалық-әлеуметтік салаларындағы тұтас жетістіктері тек бірліктің, сол бірлік арқылы келетін тұрақтылықтың арқасында ғана орын алғаны ақиқат. Сондықтан мамыр айының бірінші күні – Қазақстан халқының бірлігі мерекесінің еліміз үшін орны ерекше. Осынау айтулы күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы «Қазақ елі» монументі алдындағы алаңға келіп, елдің тыныштығын, халықтың ынтымағын тілеген ақ пейіл жұртты мейраммен құттықтады.

«Нұрлы жол – жеңіс жолы» атты мерекелік шараға жиылған халықпен жүздескен Мемлекет басшысы Қазақстан халқын мерекемен құттықтай келе, өткен сайлауда еліміздің мызғымас бірлігін әлемге паш еткені үшін барлық қазақстандықтарға алғысын айтты.

– Мені қолдаған барлық қазақстандықтарға алғыс айтқым келеді! Маған осы күндері еліміз бен әлемнің сан тарапынан, түрлі сала өкілдерінен мыңдаған құттықтау хаттар мен жеделхаттар, телефон қоңыраулары келіп түсуде. Бәріне үлкен рақмет айтамын. Осындай халыққа қызмет ету – ұлы мәртебе! Мен өзімді осы жұмысқа арнаған адаммын және Қазақстанның алға ілгерілеуі үшін, бізді бүкіл әлем құрметтеуі үшін және ел алдында тұрған міндеттерді табысты жүзеге асыру үшін бәрін жасайтын боламын! Біз мұны елдің және болашақ ұрпақтың алдындағы парызымызды орындадық деп айту үшін атқаруға тиіспіз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

f90dae7a92483ec1be5fae751be2fb9f

Елбасы сайлаудың сәтті өтуіне Қазақстан халқы Ассамблеясы да үлкен үлес қосқанын атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан елдің ғана ырысы мен табысы мол болмақ.

– Жарқыраған көктемде жыл сайын халқымыздың бірлігі мерекесін атап өтеміз. Бірлік – ұлы сөз. Егер де отбасында бірлік болмаса, ерлі-зайыптылар ажырасып тынады. Егер де зауыт, фабрика, компанияда бірлік болмаса, кәсіпорын банкрот болып құриды. Егер де мемлекеттің ішінде бірлік болмаса, әр өңір әр жаққа тартатын болса, онда мемлекет күйрейді. Бірлік арқылы тәуелсіздігімізді сақтап қаламыз, бір­лік арқылы мемлекетті нығайтамыз, бірлік арқылы халықтың тұрмысын жақсартамыз. Халық болашаққа сенімді болып, елімізде тыныштық пен келісім болады, – деді Президент.

Мерекелік шара концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Кешке «МузАРТ», «Алашұлы» топтары, Маржан Арапбаева, Алмас Кішкенбаев, Әсел Сәдуақасова сынды эстрада жұлдыздары қатысып, халыққа әдемі әннен шашу шашты. Сонымен бірге елордалық және өңірлік этномәдени бірлестіктер өкілдері мен республиканың шығармашылық ұжымдары өнер көрсетті.

Алаң аумағында арнайы этноауыл бой көтеріп, оның аумағында елорданың ғана емес, елдің басқа қалаларының да этномәдени бірлес­тіктері өз этностарының мәде­ниетін, болмысын, достық дәстүрі мен қо­нақжайлылығын көрсетті. Ынтымақ пен бірліктің мерекесі ұлан байтақ республикамыздың барлық облысында жоғары деңгейде аталып өтті.