Табыс кілті - еңбекте
Табыс кілті - еңбекте
Таяуда Түркістанда қымыз бен қымыран ұнтағын шығаратын зауыт іске қосылады. Қазақстандағы теңдесі жоқ кәсіпорын бие мен түйе сүтін ұнтақ күйіне айналдырады. Қазір нысанның құрылысы қызу жүріп жатыр. Қаржылай қолдауды Қытай тарапы білдіруде.
Қытайлықтардың еншісіндегі компания кәсіпкерлікке қолайлы аймақ ретінде Түркістан қаласын таңдаған. Себебі қасиетті мекенде түйе көп өсіріледі. Кәсіпкерлер шикізатты Түркістан мен оған жақын Отырар ауданынан, Қызылорда облысынан алуға болады дейді. Әзірге жергілікті шаруалармен келіссөздер жүргізілуде. Мамандардың пікірінше, ұнтақталған қымыз бен қымыранның сақталу мерзімі 2 жылға дейін жетеді. Зауыт басшылығы бір тәулікте мың тоннаға дейін өнім өндіруді жоспарлаған. Тың жаңалық ең алдымен түркістандық шаруалар үшін қолайлы болмақ.
«Түркістан қаласы әкімдігі бізге 10 гектар жер бөлді. Осы жылы қаңтар айында құрылыс жұмыстары басталған. Қазір бұл жұмыстар қарқынды түрде жүргізілуде. Зауыт салынып біткенде осы жерде тәулігіне 100 тоннадай қымыз бен қымыраннан ұнтақ дайындалатын болады», – дейді компанияның басқарушы директоры Жазира Озатқызы. Жалпы, серіктестіктің алға қойған жоспары ауқымды. Тек ұнтақталған қымыз бен қымыран өндіріп қана қоймай, ұлттық сусындарды соңғы процеске дейін өңдемек ниетте. Сөйтіп, косметикалық өнімдер мен тұрмыстық химиялық сұйықтықтар шығаруды жоспарлап қойған. Қазір инвесторларға жергілікті билік тарапынан мейлінше қолдау көрсетілуде. Кәсіпорын іске қосылса, бір мезетте 160 жергілікті азамат жұмыспен қамтылмақшы.
Табысқа жетудің сыры
Бүгінде оңтүстiктiң бақша өнiмдерi шекара асып, алыс-жақын елдерге тасымалдануда. Ал егер солтүстік өңірде бау-бақша егуді қолға алсақ, шекаралас елдерге экспорттау тиімді болар еді. Мәселен, Қазығұрт ауданында «Амангелдi» ЖШС солтүстiк облыста 5 мың гектарға егiн егiп, берекелi өнiм жинады. Ол жақтан астық жеткiзiп, ұн өндiрiсiн ұлғайтуға ниет бiлдiрген азаматтар көп», – деген-ді Оңтүстік Қазақстан облысының әкiмi Жансейiт Түймебаев. Облыс әкімінің айтуынша, күнгей өңiрдiң терiскейге жыл соңына дейiн 400 мың тонна бақша, 250 мың тонна көкөнiс, 15 мың тонна жемiс-жидек, 15 мың тонна жүзiм жөнелтуге мүмкiндiгi мол. Өз кәсібінің қыр-сырын меңгерген мамандар көпке үлгі. Бұл тұрғыда облыс әкімі 1999 жылы құрылған, кәсіпкер Нұрлан Құралов басқаратын «Амангелдi» ЖШС-ын мысалға келтірді. Қазір облыстан тысқары, республиканың басқа аймақтарында да бизнесiн дамытып, өрiсiн кеңейткен құрылым аудандар мен қалаларда 30 мың гектар алқапқа дәндi дақыл егедi. 700 гектар жерге тамшылатып суару технологиясын енгiзген. Оның 150 гектарына жүзiм, 500 гектарына жемiс ағаштарын еккен. Мұнда еңбек ететiн 200 адам тұрақты жұмыс тапты. Киелі Қазығұрт ауданының тумасы шаруалардың басын бiрiктiрiп, агроөнеркәсiп корпорациясын құрды. Техникалар алып, жердi жаңаша әдiспен игерудiң арқасында жоғары өнiм алуға қол жеткiздi. Солтүстiк облыстардың шаруашылықтарында бидай өсiрудi қолға алды. Трактор-машина паркiн жаңа техникалармен толықтыруға қыруар қаржы бөлдi. Қазығұрт ауданы мен Шымкент қаласында диiрмен салдырып, ұнды облыстан бөлек шетелге сатуды жолға қойды. Кәсiптiң көзiн тапқан адам ғана оның игiлiгiн көрiп, жаңа жетiстiктерге жететіні рас. «Амангелдi» ЖШС тек астық өсiрумен ғана шектелмедi. Үкiмет тарапынан берiлетiн субсидияларды тиiмдi пайдалана отырып, 2008 жылы бау егiп, жүзiм шаруашылығын өркендетуге ден қойды. Ата кәсiбiне адал жанның қарқынды бау өсiру мен жүзiм шаруашылығының егiнге қарағанда көп табыс әкелетiнiне көзi жеттi. Мәселен, жүзiмге 3-4 жылдай жас баладай күтiм жасау керек. Сосын бау 100 жылға дейiн өнiм бередi. Тек жалықпай күту қажет. «Бұдан екi-үш жыл бұрын жүзiмнiң алғашқы өнiмiн Мәскеу қаласының орталық базарына алып бардық, – деп еске алады Нұрлан Амангелдiұлы. – Мәскеудің тұрғындары жүзiмдi таласа-тармаса алды. Экологиялық таза өнiм болғандықтан тауарымыз тез сатылып кеттi. Сондағы бiр кейуананың айтқаны әлi есiмнен кетпейдi. «Балам, дәмi таңдайымызда қалатын мұндай жемiстi жемегенiмiзге көп уақыт болды. Жүзiмнiң мұндай сорты баяғыда құрып кеткен шығар деп едiк. Бар екен ғой. Бiзге осындай өнiмдi тарту еткендерiңiзге рахмет!» деп алғысын білдірді. Сонда менiң көкейiмде «Бiз өнiмдерiмiздi әкелiп, тұтынушылардың сұранысын қанағаттандыра алады екенбiз ғой» деген нық сенiм пайда болды», – дейдi ол. Аталмыш серiктестiк 6 жылдан берi қарқынды бау өсiрумен айналысуда. Жоғарыда айтып өткенiмiздей, 500 гектар жерге алма, өрiк, шабдалы, шие егедi. Кәсiпкер «ҚазАгроҚаржы» акционерлiк қоғамының қаржылай қолдау қоры арқылы 863 млн теңгенiң жобасын ойдағыдай жүзеге асырды. Агроқұрылым келешекте польшалық инвесторлармен бiрлесiп, жемiстерден түрлi тосап, шырын, джем, концентрат шығару жөнiнде келiсiмге келдi. Бұл күндерi жобаны қаржыландыратын қаржы институттарымен келiссөздер жүргiзiлуде. Қазақстанға негiзiнен шетелден шабдалы, қара өрiк, қызыл шие тасымалданады. Ал Оңтүстiктiң климаты осындай жемiстердi өсiруге өте қолайлы. Елбасының тапсырмасына сай импорттық тауарларды отандық өнiмдермен алмастыратын кез әлдеқашан жеттi. Осы қағиданы басшылыққа алған Н.Құралов және ол басқаратын агроқұрылым алдағы уақытта облыс қажетiнен артылған жемiс түрлерiн Ресейге және ТМД елдерiне жөнелтпек. Жаңа технологияның жай-жапсарын бiлетiн тәжiрибелi маман Бирол Қарабұлұтты серiктестiк басшылары Түркиядан арнайы алдыртқан. Шетелдiк агроном мұндағы жұмыстарды жолға қоюға жәрдемдеседi. Оның айтуынша, бiрiншi жылы алманың әрбiр түбiнен 5 келiден өнiм жиналған. Бір жастан асқан ағаштардан кейiн 25-50 келi алма алуға болады. Сонда әр гектардан 75 тонна жемiс жинауға мүмкiндiк бар. Ал 2014 жылдан берi «Амангелдi» ЖШС тұқымбақ мәртебесiн алып, жылына 1,5 миллион жемiс-жидек және жүзiм көшетiн өсiруде. Кәсіпкер экономиканы әртараптандыру бағытына да қомақты үлес қосып келедi. Компанияның бұдан басқа мал бордақылау алаңы мен тауарлы сүт фермасы да жұмыс iстейдi. Құрылыс нысандарын салуға да атсалысып жүр. Бұл «Қазiргi кәсiпкер жан-жақты болуы тиiс» деген Нұрлан Құраловтың алға қойған мақсаттарының бір парасы ғана.Балық та бір байлығың
Кейінгі жылдар ішінде күнгейде ауыл шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтарының саны артты. Әрине, сан бар жерде сапа бар. Бәсекелестік заманда көптің ішінен суырылып шыққан Түлкiбас ауданы, Керейт ауылындағы «Ақсанат Инжиниринг» ЖШС-ның еңбектегі орны облыс көлемінде танымал. Серiктестiк өз жобаларын 2010 жылы алдымен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа таныстырған. Елбасы ризашылығын бiлдiрiп, ақ батасын бергеннен кейін екі жыл ішінде жоспарлар орындала бастайды. Сол жобаның бірі – балық шаруашылығы. Атап айтқанда, бекiре, сазан, ақ амур, дөңмаңдай, бақтақ (форель) секiлдi балық түрлерiн өсiруге ден қойды. Бүгiнде серiктестiктiң осы кәсiппен айналысып жатқанына жетi жылдан асты. Осы кезең iшiнде балық өсiрудi кәсiп еткен өңiрдегi ең танымал шаруашылықтардың бiрiне айналып үлгердi. Алғашқы кезде жұмысты Алматыдан шабақтар сатып әкелiп, жергiлiктi жерде өсiруден бастаған серiктестiк қазiр олардың санын көбейтiп, балық өсiрушi шаруашылықтарды шабақтармен қамтамасыз ететiн болған. Биыл бекiреден қара уылдырық өндiрудi қолға алмақ. Жалпы, «Ақсанат Инжинирингтiң» кәсiбi жалғыз балық өсiру емес. Ол сонымен қатар, Ақалтеке, ағылшын тұқымды бәйге аттарын, көкпар аттарын баптайды. Асыл тұқымды Едiлбай қойларын, Ангус, Герефорд тұқымды iрi қара бағады. Бастапқыда асыл тұқымды iрi қараны шетелдерден сатып әкелетiн. Бүгiнде репродукторлық шаруашылық құрып, iрi қараның асыл тұқымды төлдерiн сатумен айналысады. Бұдан бөлек өнiмдiлiгi жоғары алма, жүзiм бауларын өсiредi, 3 мың бұқа бордақылауға арналған кешендерi бар. – Бизнестiң iшiнде ауыл шаруашылығын таңдаған себебiмiз, бүгiнде бұл сала өте айрықша маңызға ие болып келедi. Өйткенi әлем халқының саны көбейiп жатыр. Ал азық-түлiк керiсiнше жетiспей барады. Сондықтан азық-түлiк қауiпсiздiгi әрқашан елiмiзде өзiнiң өзектiлiгiн жоймайды. Бұл мәселеге Елбасы да ерекше көңiл бөлуде. Ауыл шаруашылығы саласының бiр ерекшелiгi – онымен айналысқандар не дүниесi тасыған бай болып кетпейдi, не кедей болып қалмайды. Құйған қаражат иесiне 3-5 жылдан соң бiртiндеп қайта бастайды. Яғни ауыл шаруашылығына жұмсалған инвестиция өзiн-өзi ақтау үшiн кемiнде 5 жыл керек. Балық өсiрудi қолға алудағы мақсатымыз – бiрiншiден, табыс табу, екiншiден, өңiрде балық шаруашылығын дамытуға серпiн беру. Бүгiнде мемлекет ет экспортын жолға қоюда. Осыған байланысты «Агронесиелiк корпорация», «ҚазАгроҚаржы» ұйымдары арқылы ет өндiрiсiн молайтуды жоспарлап отырмыз, – дейдi «Ақсанат Инжиниринг» ЖШС-нiң бас директоры Ерiк Оспанов. Оның пiкiрiнше, ауыл шаруашылығын әлемдiк стандарттар бойынша дамытып, тек өзiмiздi ғана емес, көршiлес мемлекеттердi де сапалы, экологиялық таза отандық өнiмдермен қамтамасыз ету үшiн заманауи агротехникалық талаптарды орындап, инновациялық технологияларды терең меңгерiп, барлық салада түбегейлi қолдануымыз керек. Қазақстанның жерi кең. Табиғи байлығы мол. Әсiресе, суармалы алқаптар, тәлiмi егiстiктер, жайылымдар мен шабындықтар бiзде жетерлiк. Сондықтан да кәсiпкер Құдайдың қазаққа берген осы жақсылықтары мен игiлiктерiн барынша пайдаға асыру керектiгiн айтады. – Жеке iспен айналысуға қызығатындардың құлағына алтын сырға, балық өсiру өте тиiмдi кәсiп. Бүгiнгi таңда экологияның салдарынан тоғандарда, өзен-көлдерде балықтардың азайып бара жатқанын ескерсек, бұл саланың табыстылығы өзiнен-өзi түсiнiктi. Бұрын базарларда балықтың бағасы бiраз арзан едi. Әрине, балық құнының өсуiне көптеген жағдаяттар әсер етедi. Ең негiзгi себептердiң бiрi – су жәндiктерiнiң азаюы. Сол үшiн бизнеспен шұғылдануға ниетi бар, ықыласы күштi азаматтарға айтарым – балық шаруашылығын облыста бiрлесiп дамытайық. Оларға көмектесуге біз әрқашан дайынбыз. Бiзде балық шаруашылығы саласындағы тәжiрибелi де бiлiктi мамандар бар. Қажет болса, технологиямызбен бөлiсiп, кәсiби тұрғыда ақыл-кеңес беруге әзiрмiз, – дейдi ол. Ең бастысы, балық өсiрушiлерге мемлекет тарапынан көптеген жеңiлдiктер қарастырылады. Айталық, Парламент Мәжiлiсiнiң депутаттары шарбақты балық шаруашылықтарына инвестициялық субсидия беру және жем сатып алуға жұмсалған шығынның жартысын субсидиялау туралы заң қабылдау жөнiнде ұсыныстар бiлдiруде. Серiктестiк басшысы бекiре балығын өсiрудiң себебiн түсiндiрдi. «Бекiре Каспийдiң балығы болғандықтан Оңтүстiк өлкесiнiң тұрғындарына таңсық. Сондықтан бiздiң өңiрдiң азаматтары да осынау дәмдi балықты тұтынса екен деген ниет болды. Оның үстiне бекiренi осындай шаруашылықтарда ғана өсiруге рұқсат, ал аулауға мораторий жарияланған. Оның қара уылдырығы да қазiр қат болып тұр. Кейiнгi жастар тiптi оның дәмi қандай болатынын да бiлмейдi. Мiне, осы мақсатта әрi табыс табу ниетiмен бекiре өсiрудi қолға алдық. Бүгiнге дейiн 80-100 тонна бекiренi нарыққа шығарсақ, биыл 10 келi қара уылдырық өндiрдiк. Бекiре 5-6 жылдан кейiн ғана уылдырық бередi. Уылдырықтың бағасы нарықта өте қымбат. Егер күтiмi жақсы болса, бiр жылда шабақтарының салмағы 1-1,5 келi тартатын болады. Iшкi нарықта бекiренiң келiсi 3,5 мың теңге тұрады. Ал 1 келi форель балығын 2 мың теңгеден сатып аласыз. Форельдi қосып айтқан себебiм, бұл балықты да өсiрудемiз», – дейдi ол. Сондай-ақ, серiктестiк биыл бекiре, бақтақ және құрамына сазан кiретiн тұқы тұқымдас балықтардың азығын өндiретiн зауыт салуды көздеуде. Сонымен бiрге, оның жанынан мал азығын өндiретiн цех та бой көтермек.