Шекара асқан шырайлымдар

Шекара асқан шырайлымдар

Шекара асқан шырайлымдар
ашық дереккөзі
Қазақ балаларының шетелге жұмыс іздеп кетуі жиілеуде. Бұрын Мәскеуді  бір көруді армандаса, бертінде қазақ балалары Париж, Лондон, Берлин, Нью-Йорк сияқты әлем астаналарында жұмыс істеп, көрші ауылға қатынағандай барып келуді әдетке айналдырғанына біраз болды. Білім қуып, жұмыс іздеп кеткен жастардың қайсыбірі қайта оралған да жоқ. Олардың көпшілігі нәпақа тапқанына мәз болып шет елдерде әлі жүр. Жалпы, көзді жұмып, шекара асқан жастардың мақсаты не? Олар қандай жұмыс орындарында қызмет етеді? Қазақ балаларының көпшілігі Америкаға аттанғыш. Америка да құшақ жайып қарсы алуға даяр. Онда еңбек нарығы кез келген адамға ашық. Қарапайым аула сыпырушыдан бастап, жоғары лауазымды қызметке дейін істей беруге болады. Біздегідей тіркеу, азаматтық мәселесі жұмысқа кедергі емес. Еркін қоғамның еңбек нарығында бәсекелестікті арттыру мақсатында жасаған жүйенің жемісі осы. Жоғары білімді студенттер, тіпті шетелде білім алған студенттердің өзі қарапайым қызметке орналасып, балмұздақ сатушы қызметіне оп-оңай кірісіп кетеді. Оның табысы аз емес – орта есеппен сағатына 7 доллар. Бірақ өмір сүру өте қымбат. Пәтерақы, коммуналдық төлемдер, азық-түлік, жүріс-тұрыс тапқан ақшаңды жоқ қылады. Бұл әрбір америкалықтың зары. Таяуда Ranking.kz талдамалық орталығы еңбек нарығы туралы зерттеуін жариялады. Онда еліміздегі ірі кәсіпорындардың қызметкерлері ғана орта есеппен 155 мың теңге айлық алады екен. Бірақ мұндай компанияларға жұмысқа тұру қиямет қайым. Салмақтап қарасақ, елімізде шенеунік болып отырғанша, АҚШ-та қызмет көрсету саласында еңбек еткен анағұрлым тиімді. Отбасын осындай жолмен бағып отырғандар қатары жылдан жылға көбейіп келеді. Мексика да АҚШ-ты арзан жұмыс күшімен қамтамасыз ететін ел. Иә, қазіргі таңда солтүстік көршісіне жұмыс істеуге аттанған мексикалықтардың үлесі – 50 пайыз. Олардың жұмыс іздеуге себебі бізге қарағанда терең, тамырлы. Ал қазақстандықтардың жақсы өмірдің жетегінде АҚШ-қа аттануына не жорық? Қайрат есімді жүргізуші жігіт Америкада 9 жыл өмір сүріп, елге оралды. Оның төрт жылында Иллинойс штатында білім алса, кейінгі бес жылда Чикагода таксист болып жұмыс істеген. Айтуынша, елге келуге ниет танытпаса да, миграция органдары мәжбүрлеп қайтарып жіберген. Жұмыс істеу визасы біткен көрінеді. «Әке-шешем елге қайт деп шақырғанда, біраз ақша тауып алайын деп келмей жүрдім. Жолға шығынданбау үшін екі жылда бір келіп жүрдім. Қазір визамның мерзімі аяқталды, енді жұмыс істеуге бара алмаймын, – деді ол. «Чикагода такси жүргізген ұнаушы ма еді?» – деп сыр тартып көрдік. – Қиын жұмыс емес қой. Оның үстіне ондай ақшаны мен Қазақстанда бірнеше жыл еңбектенсем де таппас едім», – дейді. Негізінен, шет елге білім алуға баратын балалардың басым бөлігі – ауқатты отбасының балалары. Жағдайы нашар отбасының баласы шетелде грантқа оқуға түссе де, үйдегілер оның жол-пұлы мен тамағын төлей алмас еді. Демек, тамағы тоқ, уайымы жоқ отбасылардан шыққан баланың шет елге құмартуына ақша табудан басқа да себептер жетерлік. Мәселен, тәуелсіз зерттеу агенттіктері жүргізген зерттеулерге сүйенсек, жастардың 30 пайызы Қазақстаннан кетуге әзір. Бұған бірнеше себепті де атап көрсеткен. Оның ең бастысы – шетелдің елес утопиясы. Facebook-те достасқан мына қыздың оқиғасы тіпті қызық. Ол Еуропада өз бизнесін ашқан. Блогерлердің бірі оның Лондондағы бизнесі туралы шағын сюжет те дайындаған болатын. Қарағандылық Евгения Блюм өзін мобильді шаштараз деп атайды. Ол бос кезінде, тапсырыспен шаш қияды. «Лондонға 2003 жылы студенттік визамен келдім. Кейіннен жұмыс істеуге рұқсат беретін виза алдым да, артынша азаматтыққа қол жеткіздім. Бала күнімнен шаш қиюға қызығатынмын. Сенбі, жексенбіде салонда істеймін, қалған күндері өзіме жұмыс істеймін», – дейді ол. Әлбетте, табысы жаман емес. Отбасын асырауға, керек-жараққа жетіп жатыр. Шаш қию, шаш бояу,  тырнақ әрлеу сияқты сұлулық салонындағы қызмет көрсету жұмыстары Түркия нарығына да жетіспейді, шамасы. Осы қызметті меңгерген Қырғызстан мен Қазақстан қыздары Түркияға жиі аттанады. Түрікшені де оп-оңай үйреніп алады. Мысалы, Диана есімді қырғыз қызы Бішкекте туып-өскен. Бірнеше жыл бойы Алматыда түрлі жұмыс істеп жүреді. Кейіннен түркиялық бір салонға тырнақ жасауға жұмысқа орналасты. Көп ұзамай Стамбұлға көшіп, тіпті үй алуға да қаржы жинап жүр. Диана сияқты қорықпай шетелге аттанған қыздар көп. Әлеуметтік зерттеу орталықтарының мәліметіне сүйенсек, Қазақстан азаматтарының жұмыс жасауы үшін Біріккен Араб әмірліктері, АҚШ және Канада жақсы жүйе ұсынып отыр. Сондықтан жастарымыз ойланбастан шекара асады. Әсіресе, Дубайға жұмыс істеуге кеткен жастардың қатары қалың. Олардың ішінде қыздар жағы аспаз, даяшы, күтуші, кір жуушы, еден жуушы, ал ұлдар жағы аула сыпырушы, таксист, сатушы, даяшы және басқа да қонақүй күтімінің түрлі қызметіне кете барады. Кейбірі айына 4-5 мың долларға дейін табыс табады. Бұларын елге келген соң достарына мақтана айтып жүреді. Бірақ Дубай, Абу-Даби, жалпы Араб елдеріне барғандардың дәп осы қызмет түрлерімен айналысқанына қуану керек. Өйткені жас қыздардың кейбірі жез­өкшелікпен айналысып кетеді. Ресми емес ақпарат көздеріне жүгінсек, Дубайға аттанған қыз балалардың 70 пайызы жезөкшелікке барады. Оған былтыр ғана елге қайтарылған қарағандылық қыздың оқиғасы дәлел. 18 жастағы бойжеткен Бахрейнде құлдықта болып, елден көмек сұрағаны есте. Әуелде массаж жасаушы ретінде ақша тауып келуге аттанған қызды Бахрейнге барған соң секс-құлдыққа жегеді. Қазақстан тарапының араласуымен бойжеткен елге оралып, отбасымен қауышты. Бұл бір ғана мысал. Ал шын жағдайды білмей барған қаракөздердің тағдыры не боп жатыр? Қазақстан азаматтарына құшақ жайып отырған елдің бірі – Оңтүстік Корея. Негізі, Оңтүстік Корея кез келген елдің азаматын еліне кіргізе бермейді. Әуежайдағы қатаң тексерістен кейін ғана рұқсат беріліп жатады. Бірақ соңғы кездері қазақ қыздарын қатаң бақылауға алған көрінеді. Өйткені кейбіреулер мұнда жез­өкшелікпен айналысуға барады. Оларға жол сілтеп, құжаттарын реттеуге көмектесетін арнайы агенттіктер бар-мыс. Бұл мәселе бойынша ресми статистика жоқ. Тек естіген-білгендер аз ғана саяхатында қазақстандық қыздар 15-20 мың долларлық олжамен оралады деседі. Дубайға барған қыздар да құр алақан қайтпайтын көрінеді. Бұл қыздар және олжасын отбасына береді, ата-анасын бағып, бауырларын оқытуға жұмсайды. Жалпы, Адамның даму индексінде 2016 жылы Қазақстан 56-орынға тұрақтады. Алдыңғы жылы да осы көрсеткіштен асқан жоқ. Бұл дегеніңіз бір жылдың ішінде елімізде өмір сүру ұзақтығы мен өмір сүру деңгейінде еш өзгеріс болмағаны. БҰҰ Даму бағдарламасы жүргізетін зерттеуге сәйкес, адамның құқығы мен мүмкіндігінің кеңеюі, қоғамдағы теңсіздікке байланысты. Адамдар өз отанында өзін еркін сезіне алмаса, жат жұртқа жалтақтай беретіні заңды.