Ұлттық брендті ілгерілетудің жаңа белесі
Ұлттық брендті ілгерілетудің жаңа белесі
Көптен күткен күн келіп жетті: ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің шымылдығы ашылды. Он жеті мемлекеттің басшысы мен халықаралық ұйым жетекшісі куә болған салтанатты шара Астананың аспанын ораған отшашуға ұласты. Жүз он бес мемлекет пен жиырма екі халықаралық ұйым павильон құрған ЭКСПО қалашығы заманауи өнертапқыштық идеялар мен инновациялық жаңалықтардың жарыс алаңына айналғаны сөзсіз.
Қазақстандық ЭКСПО көрмесінің тақырыбы – «Болашақтың қуаты» концепциясы заманымыздың ең өзекті зәру тақырыптарының бірі екеніне дау жоқ. Бұған түрлі елдер павильондарын аралап жүріп-ақ көз жеткізуге болады. ХХІ ғасырда адамзат қандай қуат көздерінен тіршілік нәрін алады? Жаңа дәуірдің қозғаушы күші не болмақ? Жаһандық дамудың көзі неде? Бұл сұрақтар барша халықтар мен елдерді ойландыратыны анық. Және әр елдің бұған берер өз жауабы бар. Мысалы, Еуропаның оңтүстік жағалауындағы түймедей Монако корольдігі қуат көзін мұхит түбінен іздесе, Таяу Шығыстағы кішкентай мемлекет Катар «Қуат көзі – адамның өзі» деген пәлсапалық тұжырым жасапты. Алақандай Альбион аралындағы Британияның ұстанымы осыған ұқсас: британдықтар «Біз өзіміз – қуат көзіміз» деген ұранды жалаулатады. Израиль үшін қуат көзінің шеті де, шегі де жоқ, бұл ел «Біз қуатты кез келген нәрседен аламыз, мысалы, сіздің кешегі ішкен тамағыңыздың қалдығы бүгінгі асты әзірлеу үшін қуат көзі ретінде пайдаланылуы мүмкін» деп қисынды жауап береді. Ватикан «Ортақ игілікке бағытталған қуат» деген ұстаныммен барша адамзатқа ортақ шешім іздеуге үндесе, мажарлар өз павильондарының қақ ортасына «Өмір ағашын» отырғызып, қуат көзін содан алуға шақырады. Ортаазиялық бауырлас елдер ішінде Өзбекстанның ойы озық: олар күн сәулесімен жүретін автокөлік, адам тынығатын эко-капсула сияқты тың дүниелермен қуантты. Айтпақшы, Беларусь елі көрмеге электробус айдап әкелген екен. Осылайша, әр ел, әр ұлт өз ақыл-ойының қарым-қуатын байқатып, «Болашақтың қуаты» атты тақырып аясында түрлі соны идеялар мен концепциялар ұсынып жатыр.
Астана ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу құқығын жеңіп алғалы бұл көрменің тарихы, ерекшеліктері, мақсаты мен ауқымы жайлы талай материалдар жазылды. Бұл деректердің бәрін қайталап жатудың қажеті жоқ. Бастысы, ЭКСПО-2017 әу баста ойластырылған жоспарға сай жүзеге асты. Бұл көрме тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең жарқын әрі ең өнегелі шаралардың бірі ретінде тарихта қалары сөзсіз.
Қанша дегенмен, ТМД елдерінің бірде-біріне, тіпті Шығыс Еуропа мемлекеттерінің өзіне бұған дейін ЭКСПО көрмесін өткізу мүмкіндігі бұйырмаған. Бұл орайда Қазақстан талай елдің алдына түсті. Бәлкім, Ресей мен басқа көршілеріне бұл тұрғыда үлгі болып, жол көрсетерлік жөні бар.