Биыл 100 мың пәтер беріледі

Биыл 100 мың пәтер беріледі

Биыл 100 мың пәтер беріледі
ашық дереккөзі
Былтыр Индустрияландыру картасы аясында құны 878 млрд теңге болатын 130 жоба іске қосылып, 10 мың тұрақты жұмыс орны ашылған. Жобалардан 2,2 трлн теңгенің өнімі өндірілсе, оның 1,4 трлн теңгесі өңдеу өнеркәсібіне тиесілі. Ал биыл жалпы сомасы 700 млрд теңге болатын 100-ден астам жоба жүзеге асырылмақ. Бұлар арқылы тағы да 10 мың тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Аталған деректерді Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек халық алдындағы есептік кездесуде мәлімдеді. Басқосуда мәлім болғандай, былтыр жал­пы тұрғын үй құрылыс алаңының физикалық көлем индексі 118 пайызды құраса, 10,5 млн шаршы метр баспана пайдалануға берілген. Бұл – шамамен 90 мың пәтер. Инвестиция көлемі 2016 жылы 830 млрд теңгеге жеткен салада жүргізілген реформалар нәтижесінде кәсіпкерлер үшін құрылыс жүргізуге рұқсат алу мерзімі 3 айдан 1 айға қысқарыпты. Осы көрсеткіштер нәтижесінде Қазақстан екі жылда Бүкіләлемдік банк рейтингінде 152-орыннан 22-орынға көтерілді. Айтпақшы, «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында 1,5 млн тұрғын үй салынатын болса, соның 100 мыңы ағымдағы жылдың еншісіне бұйырып тұр.