Рахмонның қызына әділет кеңесшісі шені берілген

Рахмонның қызына әділет кеңесшісі шені берілген

Рахмонның қызына әділет кеңесшісі шені берілген
ашық дереккөзі
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон үлкен қызы Озода Рахмонға мемлекеттік әділет кеңесшісі шенін берді деп хабарлады бүгін Азаттықтың Тәжік қызмет (Радио Озоди). Бұл дәрежесі жағынан елдің прокуратура және әділет органдарындағы ең жоғарғы шен. Тәжікстан президенті әкімшілігінің сайтында бұл туралы ақпарат жоқ. Радио Озодиге мәлім болғанындай, президент қызына шен беру туралы жарлығына мамырдың 25-і күні қол қойған. Заң ғылымдары кандидаты дәрежесі бар Озода Рахмон өткен жылы қаңтарда Тәжікстан президенті атқару аппараты басшысы қызметіне тағайындалған, бірнеше айдан кейін парламент сенаты депутаты болып сайланды. 2012 жылы ол «Тәжікстандағы әйелдердің құқығы мен бостандықтары туралы заңнаманың дамуы» тақырыбына кандидаттық диссертация қорғаған. 39 жастағы Озода Рахмон бұған дейін АҚШ-тағы Тәжікстан елшілігінде қызмет атқарған, төтенше өкілетті елші дәрежесі бар ол 2009 жылы елдің сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары болып тағайындалған. Президент Эмомали Рахмон Тәжікстанды жиырма жылдан астам уақыт бойы басқарып отыр. Оның үлкен ұлы Рустам Эмомали елдің кеден қызметін, жемқорлыққа қарсы агенттікті басқарған, қазір ол мемлекет астанасы Душанбе қаласының мэрі болып істейді.