"Бәйтерек" жобасының зымыраны 2022-жылы ұшырылады
"Бәйтерек" жобасының зымыраны 2022-жылы ұшырылады
2017 жылғы 13 маусымда Байқоңыр қаласында ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин мен РФ Үкіметі төрағасының орынбасары Дмитрий Рогозиннің төрағалығымен «Байқоңыр» кешені бойынша Қазақстан-Ресей Үкіметаралық комиссиясының 5-ші отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
А. Мамин 2016 жылғы желтоқсанда ҚР Президенті Н. Назарбаевтың РФ-ға жұмыс сапары барысында «Байқоңыр» кешеніндегі одан әрі ынтымақтастық тұжырымдамасына және «1995 жылғы 23 желтоқсандағы Байқоңыр қаласының мәртебесі және оның атқарушы билік органдарының мәртебесі мен қалыптастыру тәртібі туралы мемлекетаралық келісімнің ҚР мемлекеттік органдарының тізбесі бөлігіне өзгерістер енгізу туралы» хаттамаға қол қойғанын атап өтті.
«Бұл құжат стратегиялық сипатта және ұзақмерзімді перспективада біздің ғарыш айлағын бірлесіп дамыту және пайдалану, екі ел мүддесінде жаңа ғарыш жобаларын іске асыру, сондай-ақ Байқоңыр қаласын дамыту бағыттарын айқындайды», - деді ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары.
Үкіметаралық комиссия мүшелері Байқоңыр кешенінің жұмыс істеуінің, бірлескен жобаларды іске асыру, атап айтқанда, «Бәйтерек» ғарыш зымыраны кешенін құрудың өзекті мәселелерін шешуді көздейтін «Байқоңыр» кешеніндегі одан әрі ынтымақтастық тұжырымдамасын іске асыру барысын талқылады.
«Біз «Бәйтерек» жобасын іске асыруды жеделдету және жаңа зымыранды іске қосу мерзімін 2025-тен 2022 жылға ауыстыру бойынша ресей тарапының ұсынысын қолдаймыз», - деді А. Мамин.
«Тұжырымдама сондай-ақ Байқоңыр қаласының инфрақұрылымын дамыту, қолайлы әлеуметтік-экономикалық орта, жаңа жұмыс орындары құру, халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету, туризмді және т.б. дамыту бойынша шаралар кешенін қамтиды», - деді ол.