Жаңалықтар

Қазақстан еңбек нарығының тиімділігі жоғары 30 елдің ішінде

ашық дереккөзі

Қазақстан еңбек нарығының тиімділігі жоғары 30 елдің ішінде

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жаңа Еңбек кодексінің құқықтық қолданылу тәжірибесі мәселелері мен жұмысшылардың еңбек құқықтарын қорғау шаралары қаралды. ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова 2016 жылдан бастап Қазақстанда минималды еңбек стандарттарын, жұмысшыларға кепілдіктер мен өтемақыларды бекітетін жаңа Еңбек кодексі қолданыста екенін айтты. Өткен жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстан Дүниежүзілік экономикалық форумның бәсекеге қабілеттілік бойынша жаһандық индексінде 20 орынды иеленген және «еңбек нарығының тиімділігі» факторы бойынша көшбасшы елдердің отыздығына кіреді. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша, зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қазақстандықтардың денсаулығын жақсарту мақсатымен алдағы үш жылда қысқартылған жұмыс уақытын, ақысы төленетін қосымша жыл сайынғы еңбек демалысын беру және сүт жеткізу немесе сүтпен бағалас өзге емдік-профилактикалық тамақтандыру өнімдерін жеткізу бойынша салалық нормативтер қайта қаралатын болады. Бұдан өзге, министрлік әйелдердің еңбегін реттеуді жақсарту жұмыстарын жүргізуді жоспарлайды. Кәсіподақтармен өзара іс-қимыл мәселелерін қозғай отырып, министр Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ҚР Кәсіподақтар федерациясымен бірлесіп кәсіподақтардың қызметін жетілдіру мен еңбек дауларын шешу мәселелері бойынша заң жобасының тұжырымдамасын әзірлегенін атап өтті. Өз кезегінде, ҚР Жоғарғы соты еңбек дауларын шешу кезінде соттардың заңнаманы қолдану мәселелері бойынша жаңа нормативтік қаулы әзірлеген.