Сағынтаев: Елбасының өңір әкімдеріне берген тапсырмасы орындалмай отыр

Сағынтаев: Елбасының өңір әкімдеріне берген тапсырмасы орындалмай отыр

Сағынтаев: Елбасының өңір әкімдеріне берген тапсырмасы орындалмай отыр
ашық дереккөзі
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өңірлерде жұмыспен қамту мәліметтерін билбордтарда орнату жөніндегі тапсырмасын облыс әкімдері орындамай отыр. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. "Қазіргі баяндамаларда айтылғанындай, негізгі біздің міндет, әкімдердің басым міндеті - азаматтардың жаппай жұмыстан босап қалуына, еңбек дауларының туындауына жол бермеу және де жұмыстан босап қалған азаматтарды жұмыспен қамту. Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы өңірлердегі қалаларда қанша жұмыс орны құрылғаны, қанша бос жұмыс орындары бар, қаншасы жұмыспен қамтылғаны туралы ақпаратты көрсетіп тұратын билбордтарды орнатуды тапсырған болатын. Аймақтарға барып жүрмін, ондайды ешқай жерден көрмедім. Қателеспесем, Талдықорғанда әуежайдан шыға бергенде бір билборд тұр сондай. Бұл әдейі қала қонақтарына істелген шығар. Қалада өз азаматтары қанша жұмыс орны құрылғаны, қанша бос жұмыс орындары барын көрсету үшін ештеңе жасалмаған. Демек, Елбасының тапсырмасы өңірлерде орындалмай отыр деген сөз. Құрметті әкімдер, осыған көңіл бөлуді сұраймын", - деді Б. Сағынтаев облыс әкімдеріне қаратып айтқан сөзінде. Үкімет басшысы жұмысшыларды босатуды жоспарлап жүрген кәсіпорындармен тығыз байланыс орнатып, бұл мәселені бақылауда ұстау қажеттігін де ескертті. "Сонымен қатар жұмысшылардың жұмыстан босатылуы туралы жоспарды дайындау жөнінде тапсырма жүктелген болатын. Бұл жұмысты да тездетіп, жұмыстан босап қалу қауіптерін алдын ала зерттеп, анықтап отыру қажет. Тамара Қасымқызы (Дүйсенова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі), Сіздің министрлігіңіз де осыған бақылау жүргізсін", - деп түйді ойын Премьер-Министр.