Жаңалықтар

Астана қалалық соты Қазақ хандығының 550 жыл­дығын атап өтті

ашық дереккөзі

Астана қалалық соты Қазақ хандығының 550 жыл­дығын атап өтті

Таяуда Астана қалалық сотында «Қазақ хандығын қалыптастыру мен нығайтудағы Қазақ елінің құқығы және билер сотының төрелігі» атты ғылыми тәжірибелік конференция өтті. Конференцияға Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің ректоры Е.Сыдықов, Астана қаласының прокуроры С.Бекбосынов арнайы қатысты.

Конференцияны Астана қалалық соттың төрағасы Тілектес Бәрпібаев ашып, «Қасым хан, Есім хан, Тәуке хандар мен атақты билердің өзге елдермен қарым-қатынас орнатудағы дипломатиялық қызметтері» жайында баяндама жасады.

– Қазақ халқының хандық дәуіріндегі әдет-ғұрыптық заң ережелерінің жиынтығы – «Қасым ханның қасқа жолы» ел басқару ісінде қолданылды. Бұл жарғы халық арасында ілтипатпен «Қасым ханның қасқа жолы» деп аталып кетті. Қасым хан өзі билік құрған кезеңде қазақ халқының этникалық аумағын кеңейту барысында әдет-ғұрыптық заңдарға арқа сүйеді. Ол өз заңында Құран талаптарына қайшы келмейтін қазақи ғұрып ерекшеліктерін сақтады. «Қасқа жолдың» қағидалары өзгерусіз XVII ғасырға жетіп, Есім хандық құрған тұста (1598-1645) «Есім ханның ескі жолы» деген жаңа атқа ие болды. XVII ғасырда қазақ хандығының ыдырау қаупінің тууына байланысты Тәуке хан елдің ауызбірлігін, бейбіт өмірін сақтау мақсатында дәстүрлі құқықтық қағидаларды сақтай отырып «Жеті жарғыны» бекітті, – деді қалалық сот төрағасы Тілектес Ешейұлы.

Жиында Қазақ хандығының 550 жыл­дығына арналған хронологиялық бейне сюжет көрсетілді. Бейнебаянда әлеуеті асқан, дәулеті тасқан, іргесі берік, беделі зор айбынды Алаш жұртының азаттық жолындағы азап пен қайғыға толы зобалаң кезеңдері тарихи деректермен бейнеленіп, тәуелсіздік алғанға дейінгі Қазақ елінің азаттық жолы суреттелді.

Конференцияда Қазақ хандығын қалыптастыру мен нығайтудағы Қазақ елінің құқығы, билер сотының төрелігі, дала заңдарының мемлекеттік билікті дамытудағы маңызы, мемлекет басқарудағы хандар мен сұлтандардың рөлі, билердің заң шығару құқығы, билердің сот төрелігін жүргізудегі әділдігі және тәуелсіздігі, Қазақ билер сотының бітімгерлік рөлі жайындағы ғылыми мақалалар талқыланды.

Астана қаласы Есіл ауданының №2 аудандық сотының судьясы Адель Ешмағамбетова өз ойын:

– «Жеті жарғыдағы» әкімшілік, қылмыстық, азаматтық заңдар, мұрагерлік, меншіктік, салық, рухани, әлеуметтік, саяси өмір қағидаларын қамтып, бүкіл қазақты бір шаңырақ, орталықтанған мемлекет туы астына топтастыруға, хандық аппаратты нығайтуға, жамағатты бір заңға бағындыруға, сол арқылы халықтың саяси-әлеуметтік салаларын қорғауға бағытталды, – деп сабақтады.

Конференцияда Қазақ хандығын нығайтуға сүбелі үлес қосқан еліміздің атақты билері Төле би, Қаз дауысты Қазыбек би, Әйтеке билердің ел басқаруға дайындаған заң-ержелері мен билер сотының мемлекетіміздің құқықтық жүйесін нығайтудағы рөлі жөнінде баяндама тыңдалды.

Астана қаласы Сарыарқа аудандық сотының судьясы Гүлдана Шарапатова: «Би – ел қамқоршысы, халық жанашыры болған. Тарихта «сот билігінің алтын ғасыры» деп баға берілген билер соты қазақ хандығының құрылуы және қалыптасуымен тұспа-тұс келеді. Билер соты қазақ еліне туа біткен, теңдесі жоқ ерекше құбылыс. Билер біртұтас мемлекеттік билік ісіне қосқан үлесі және ел басқарудағы ісі, тапқыр билігі, көсем сөз, даналығымен танылған құрметті тұлға. Ел басына күн туған қиын сәтте халқына пана бола білген қорғаушы әрі қолдаушысы. Халық жадында «Елге бай құт емес, би – құт» немесе «Қабырғадан қар жауса – атан менен нарға күш, ел шетіне жау келсе – қабырғалы биге күш» деген даналық сөздер билердің мемлекет алдындағы беделінің тым жоғары бағаланғанын көрсетеді», – деп атап өтті.

Абылайдың әскери қайраткерлігі, қолбасылық қабілеті жөнінде Астана қаласы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы Сая Бекіш баяндады.

– «Абылай хан XVIII ғасырда Қазақ хан­дығының шекарасын қалпына келтіріп, үш жүздің басын біріктірді. Абылай хан қазақ хандығының қуатын арттырып, іргелі мемлекетке айналдырды. Ресей мен Қытай империяларының арасында орналасқан Қазақ елінің геосаяси жағдайына икемделген саясат жүргізді. Абылай ханның саяси көзқарастарының негізгі өзегі және идеясы – күшті, тәуелсіз, бір орталықтан басқарылатын қазақ мемле­кетін қалыптастыру. Ресей, Қытай сияқты ірі мемлекеттермен тең құқықтық дәрежеде қарым-қатынас жасау, бір-бірінің ішкі істеріне араласпау принципін мойындату болды. Осы мақсатқа Абылай хан сыртқы және ішкі саясатты қалыптастырады», – деді ол.

Шарада Астана қалалық сотының судьясы О.Тұрсыновтың «Қазақ хандығын нығайтудағы билер институтының дипломатиялық қызметтері», Астана қаласы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы С.Бекіштің «Абылай хан мәмілегер, әрі дипломат», Есіл аудандық сотының судьясы А.Сансызбаеваның «Дәстүрлі сот билігінің қазіргі таңдағы рөлі», ҚазГЗУ аға оқытушысы, тарих магистрі М.Тле­балдиеваның «Қа­зақ ханды­ғының құрылуының тарихи маңызы», Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Б.Кө­мековтің «Қазақ хандығы Қазақстан мемлекеттілігінің тікелей мұрасы», Алматы ауданының №2 аудандық сотының судьясы Қ.Әлхожаевтың «Билер – шешендік пен ақындықтың алтын арқауы», Сарыарқа ауданының №2 аудандық сотының судьясы Б.Төрегелдінің «Тәуелсіз елдің тұғыры мәңгі биікте», Алматы аудандық сотының судьясы Ж.Жетібаевтың «Қазақ хандығындағы билердің рөлі» тақырыптарында баяндамалары тыңдалды.

Билер сотының әділдік принципі – тәуелсіз еліміздің сот жүйесінің әлемдік стандартқа сай дамуына септігін тигізгені анық. Қазақстанда құқықтық және зайырлы демократиялық мемлекет қалып­тастыру мен дамыту процесіндегі сот жүйесінің қосқан үлесі, мемлекетті құқықтық орнықтырудың маңыздылығы жөнінде зерделі ойлар, парасатты пайымдар, ғылыми зерттеулер бүгінгі сот жүйісінің дамуына зор үлес болып қосылмақ. Билер шығарған заң-ережелер мен үкім-шешімдердің қазіргі республика Конституция­сынан, қылмыстық, азаматтық кодекстерден, өзге де заңдардан көрініс табуы, қазіргі сот жүйесін жетілдірудің өзекті проблемаларын зерделеуге, дәстүрлі қазақ құқығын, билер инс­титутын, сот тарихын ғылыми тұрғыдан әлі де зерттеуді талап ететіні сөзсіз.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев тәу етер тәуелсіздік тойында: «Тағдырдан талай теперіш көрсе де халқымыздың рухы жасымаған. Азаттық – Ұлы Даланы мекен еткен аталарымыздың асыл арманы еді. Біз осы асқақ арманға қол жеткіздік. Бізге мыңжылдықтар тоғысқан алмағайып кезеңде мемлекет құру, ел болу міндеті жүктелді. ...Атамекен жері үшін қасықтай қанын қиған даңқты бабалардың аттары ұрпаққа ұран болып бүгінге жетті. Сондықтан жыраулар мен абыздарды, билер мен батырларды бар болмысымен жас ұрпақтың санасына сіңіру керек» дегенін жадымызда ұстауға тиіспіз.

Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойын атап өту – соттардың жаңа тарих беттерін қайта қарап, сот жүйесінің ертеректен келе жатқан құқықтық дәстүрін кеңірек тануға, бүгінгі ұрпақтық санасында қайта жаңғыртып, болашақпен сабақтасуына мол мүмкіндік беріледі.

Тыныс Ахметжанова, Астана қалалық соты

Баспасөз қызметінің өкілі