Серік Әбдірайымұлы - ұлыларды ұлықтаған тұлға

Серік Әбдірайымұлы - ұлыларды ұлықтаған тұлға

Серік Әбдірайымұлы - ұлыларды ұлықтаған тұлға
ашық дереккөзі

1990 жылдың қазан айында курстас досым Сансызбай Мәдиев өзінің «Қазақ университеті» баспасында қызмет істейтінін айта келіп, бірге жұмыс істеуге ұсыныс жасады. Жаңадан ашылып жатқан баспа екен. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің редакциялық-баспа бөлімінің негізінде құрылыпты. Директоры белгілі баспагер, публицист-қаламгер Серік Әбдірайымұлы, Бас редакторы талантты жазушы Кәдірбек Сегізбаев көрінеді. Сол жылдары республикамыздың жоғары оқу орындарына арналған қазақ тіліндегі оқулықтарға ерекше сұраныс пайда болды. Баспа сол сұранысқа қызмет етуге бағыт алыпты.

  1. АҚЖАРҚЫН МІНЕЗДІ АҒА

Серік Әбдірайымұлының қала­мынан туған мақала, сұхбат, очерк, эссе-естеліктерін үнемі оқып жүретінмін. Ол кісінің есіміне бай­ланысты менің жадымнан кет­пейтін бір оқиға бар. 1984 жыл. Тамылжыған жаздың шуақты күндері. КазМУ-дің журналистика факультетіне оқуға түсу үшін қабылдау емтихандарын тапсырып жатырмыз. Емтихандар алдындағы шығармашылық байқаудан аман-есен өттік. Өтпей қалғандар да көп. Ауызша әңгімелесу кезінде факультет деканы Темірбек Қожакеевтің өзі маған біраз сұрақтар қойды. Дүниетанымыңды тексереді, қабілет-қарымыңды байқайды, баспасөзде шыққан мақалаларыңды бағалайды. Публицист-жазушы, сол кездегі «Өнер» баспасының директоры Серік Әбдірайымұлы шығармашылық байқау комиссиясының төрағасы екен. Ондай ақжарқын мінезді ағаны алғаш көруім.

– Мына жігіт осы тұрған бойда дайын журналист, – деді Серік аға мені меңзеп, – Мақалаларын оқып, риза болдым. Өлеңдері де ұнады. Сұрақтарға берген жауабы да жоғары бағаға лайық деп санаймын.

– Өлеңдері көптеу ме деймін, – деді Темкең менің қағаздарымды ақтарып қарап. – Әй, біз ақын дайындамаймыз. Ол үшін анау әдебиет факультеті бар. Мүмкін құ­жат­тарыңды алып, сонда барарсың. Ойлан! Бізге ертең тоқтамай шап­қылайтын журналист керек! Омалып отырып қалмайтын адам керек! – деді ол даусын көтере сөйлеп.

– Ақынды ешкім оқытып ақын қылмайды ғой, – дедім оның тос­тағандай көздеріне тіке қарап. – Мен журналистиканы оқығым келеді.

– Дұрыс екен. Ескертіп жатырмын. Ертең айнып кетіп жүрме! Жасың ересек жігіт екенсің. Ал, бес қойсақ қояйық! – деді Темкең комиссия мүшелеріне қарап. – Оның үстіне еркек тананың басын көбейтпесек мына журфак ЖенПИ-ге айналып барады. Бәрі ду күлді.

 – Темаға! – деді Серік Әбдірайымұлы күлкі басылған соң. – Бұл жігіттің сөзінің жаны бар. Ақын деген өмірге ақын болып келеді. Жақсы журналистен жақсы ақын шықпауы мүмкін, бірақ жақсы ақын ешқашан жаман журналист болмайды. Оны өмірден көп көрдік. Сондықтан, бұл «ақын жігітіңіз» лайықты баға алды деп санаймын!

Комиссия мүшелері де, Темағаң да бас изеп, оның сөзін құптап жатты.

Осы оқиға менің санамда мәң­гілікке сақталып қалған. Өмірім­де бірінші рет көріп отырған ақжүрек ағаның мені көтермелей сөйлегеніне баладай риза болып, ақ пен қараны айыра білетін, кесек мінезді, кең кісі екен деп түйгенмін. Сансызбай Серік ағаның атын айтқанда осы оқиға көз алдымнан тізіліп өтті.

Жұма күні болатын. ҚазҰУ-дің әкімшілік ғимаратының 14-ші қабатына көтерілдім. «Қазақ университеті» баспасы осы қабатта. Уәделі уақытта Сансызбай да келді.

– Директор өндіріске байланысты жиналыс өткізіп жатыр. Бас редакторға жолығайық, – деді ол.

Бас редактор Кәдірбек ағамыз орнынан тұрып:

– Өй! Азамат ердің баласы! Келіңдер! Келіңдер! – деп құшағын жая қарсы алды. Сансызбай мені таныстырды.

– Мықты жігіттердің бірі. Жұмысқа алсақ қайтеді?

– Жарайды, көрейік. Бастық жиналыста. Сен дүйсенбі күні келсеңші, – деді Кәдағаң маған қарап.

Дүйсенбі күні айтқан уақытында Кәдірбек ағаның кабинетінде болдым.

– Сен ренжіме, – деді Кәдағаң амандасып болған соң. – Жаңадан құрылып жатқан ұжымбыз. Бізге нағыз маман адамдар керек. Жұмыс өте көп. Сондықтан кездейсоқ кісілерді ала алмаймыз. Тексеріп алмасақ болмайды. Саған «дүйсенбі күні кел» дегенде асықпай, сыртыңнан сұрап-біліп алайын деп едім. Сені білетін біраз кісілерден сұрадым. Бәрі де мақтап жатыр. Жұмысқа алатын шығармыз.

– Жоқ, аға. Неге ренжиін? Тағы сұрастырсаңыз да ренжімеймін. Өйткені менің жауым жоқ, сақта­натын ештеңем жоқ, – дедім мен.

– Жарайсың! Өзім сияқты екенсің. Аламыз, аламыз сені жұ­мысқа, – деді ол сенімді сөйлеп. – Жүр. Бастыққа кірейік.

Серік Әбдірайымұлының ка­бинетінің есігін қақтық. Арғы жақтан жауап күтпей-ақ Кәдағаң ішке еніп кетті. Мені ерте кірді. Директордың кабинеті ат шаптырым кең. Бес-алты адаммен қызу ақылдасып отыр екен. Бізді көріп:

– Келіңіз, Кәдеке! Қандай мәселе бар еді? – деді Серік аға өзгелерге «қоя тұрыңдар» деген ишарат білдіріп.

– Мына жігіт бізге жұмысқа тұрғысы бар. Соны ақылдассақ деп едім.

– Кәдеке! Баланың маңдайы жарқырап тұр ғой. Бүгіннен бас­тап бұйрық бергізіңдер. Жұмысқа кіріссін. Ол бізді ұятқа қалдырмайды. Жарайды, бара беріңдер!

Серік ағаның кесек мінезі, аңқылдаған ақ пейілі мені таң қалдырды. Ештеңе сұраған жоқ. Бар айтқаны жаңағы. Шынымды айтсам, оның «ол бізді ұятқа қалдырмайды» деген сөзі мені үнемі қамшылап отырды. Біраз жыл Серік ағаның қарамағында жұмыс істедім. Редактор, соңынан жетекші редактор болдым. Қызметімді жауапкершілікпен атқардым. Сол жылдар мен үшін өте пайдалы болды. Алматыға алғаш келгенде қанатының астына алып, ағалық қамқорлығын аямаған Серік ағаның жанында жүріп, талай өмірлік сабақ алғанымды бұл күнде мақтанышпен айтамын.

  1. АСЫЛ АРНАЛАР

Адамдар өмірге алсам деп келеді. Қаншама заман өтсе де адам баласының құлқын-құлқы мен нәпсі-нәумезі өзгерген жоқ. Тоғышарлықтың түбі ашкөздікке айналып, мына бейопа тірлікте мүкаммал дүниеге тоймай, өмірдің шынайы мәнін ұқпай өтіп кетіп жатқан пенделер қаншама? Соған қарамай, дүниежарықта еліме бірдеңе берсем, ұлтыма қызмет етсем, жұртыма жақсылық жасасам, айналамдағы адамдарға шарапатым тисе деп келетін адамдар да бар. Бірақ олар аз. Сол аз адамдардың бірі Серік Әбдірайымұлы болатын.

Серағаң күрмеуге келмейтін қысқа тірлікте атақ қумады, даңқ-дақпырттың шаужайына жармаспады. Ол кісінің саналы ғұмырын саралап көрсеңіз өзі өмірде тұтқасын ұстаған қызметтің қайсысының да үдесінен шыққан ыждаһаттылық пен тиянақтылық қасиеттерін бірден аңғарасыз. Ол алдына қандай мақсат қоймасын ең әуелі өз басының пайдасын ойламай, қоғамның мүддесі үшін, елдің ұпайы үшін әрекет етуді азаматтық парызым деп білді. Оның тағдыр талайына үңілсеңіз ұлттық мақсат-мұраттарға, елдік арман-мүддеге қалтқысыз қызмет етудің ерекше үлгісін көргендей боласыз.

Ол өзі еңбек еткен журналис­тика, аударма, баспа салаларының барлығында да, ұстаздық қызметте де халқы үшін жан аямай тер төккен нағыз ұлтжанды азамат еді. Серағаңның қазақ руханиятына сіңірген еңбегі өлшеусіз екенін уақыттың өзі көрсетіп берді.

Зерек ойлы көсемсөз иесі өзі­нің эсселерінің бірінде: «Адам ісімен жасайды. Алғанымен емес, бергенімен санатқа кіреді» деп жазыпты. Бұл Серағаңның өмірлік ұстанымын айқындайтын тұлғалық тұжырымдамасы десек артық айтқандық емес.

Ақжарқын мінезді, ақжүрек жанның бойына біткен биік парасат, қарымы мықты қабілет, бір үзім нанды бөле жейтін көпшілдік, жатқа да жаны ашып тұратын асқақ адамгершілік сияқты қастерлі қасиеттердің терең тамыры қандай арналардан нәр алып жатқандығына зер салып көрейікші.

Бастапқы арна – кіндік қаны тамған туған жердің тылсым сырға толы құдіреті дер едік. Кез келген адамның бойындағы ерекше қасиет ананың ақ сүтімен бірге туған жердің топырағынан, ауасы мен суынан сіңетіні ақиқат. Адамның табиғаты туған топырағына тартып тұратыны сондықтан. Серағаңның көпшіл болуына ең әуелі өзі туып өскен Талас ауданының Үшарал ауылындағы қарапайым адамдардың, көпті көрген көнекөз қариялардың пайым-парасаты, азаматтық болмысы ықпал еткендігі даусыз. Соғыстан кейінгі жылдарға дөп келген балалық шақ, соқаның соңында қалқайып өткен бозбала кезең, ел басындағы ауыр жағдай өз тұстастары сияқты Серікті балқұрақтай кезінен еңбекқорлыққа, төзімділікке үйретті. Елмен бірге көрген ашқұрсақ жылдар, тағдырдың түрлі тауқыметтері жас жігіттің жігерін жанып, мінезін ширата түскен өмір мектебінің ұмытылмас сабақтары болатын. Ол орта мектепті бітіргеннен кейін бірден жоғары оқуға бармай, ауылда қатардағы құрылысшы, қарапайым тракторшы болып жұмыс істеді. Жұмыс істей жүріп университетке түсуге дайындалды.

1963 жылы ауылдан келген жігітке ару Алматы құшағын айқара ашты. Серік атақты ҚазҰУ-дің журналис­тика факультетінің студенті атанды. Кейінірек Ақселеу досы бағалағандай Серіктің «Сапа белгісі бар жігітке» айналуына зор үлес қосып, болмысына нәр берген екінші арна – оның университеттегі ұлағатты ұстаздары мен өмірдегі жайсаң жанды ағалары болды. Журналистика саласында мың сан шәкірт дайындаған Қайыржан Бекхожин, Темірбек Қожакеев, Тауман Амандосов, Әбілфайыз Ыдырысов т.б. елге танымал ғалымдар Серіктей ілтипатты әрі зейінді шәкіртке ерекше ықыласпен қарады. Бірінші курс­тан бастап-ақ ізденімпаздығын, шығармашылық қабілетін танытқан жастың мақалалары мен очерктері республикалық баспасөз беттерінде жиі көріне бастады. Ұстаздары шәкіртінің арқасынан қағып, дұрыс бағыт-бағдар сілтеп отырды. Олар Серіктің әр очеркіне сүйсіне пікір айтатын. Бұл жас талапты қанаттандырып, соны тақырыптарға, үлкен мақсаттарға жетеледі. Бірге қызметтес болған жылдарымда Серағаңның сол ұстаздары мен ағаларына деген риясыз риза­шылық сезімін өз аузынан талай естігенмін. Ол: «Талапшыл болуды Темағаңнан (Темірбек Қожакеевтен), адамдардың бойынан тек жақсылық іздеуді Әбағаңнан (Әбілфайыз Ыдырысовтан) үйрендік» дейтін.

Университеттің үшінші курсында оқып жүргенде халқымызға белгілі қаламгер Тельман Жанұзақовтың қамқорлығымен, Шерағаңның қолдауымен «Лениншіл жас» газетіне қызметке орналасқан Серік өзіне артылған үмітті толық ақтады. 1965 жылдан 1979 жылға дейін осы газетте табан аудармай тер төккен қарымды журналист кіші әдеби қызметкерліктен бастап, спорт және дене тәрбиесі, жұмысшы жастар бөлімдерін басқарды. Соңында жа­уапты хатшы және редколлегия мү­шесі болды.

1966 жылы «Лениншіл жас» газетінде жарияланған «Боз кілем», «Армандастар» очерктерінен бас­тап, спорт тарландары Әбдісалан Нұрмаханов, Әбілсейіт Айханов, Аманжол Бұғыбаев, Тимур Сегізбаев, Құралбек Ордабаев жайлы жазған очерк-эсселері Серіктің нағыз қаламы жүйрік публицист екендігін мойындатты. Ол шығармалардағы ұлттық намыс пен елсүйгіштік асқақ рух туралы ой толғамдары мыңдаған отандастарымыздың патриоттық рухын оятты.

Мен аты аңызға айналған бокс­шы Әбдісалан Нұрмахановпен өмір жолында көп кездестім. 1992 жы­лы «Санат» баспасында қызмет іс­теп жүргенімде бастығым Серік Әбдірайымұлы екенін естіп, арыстан жүректі ағамыздың қатты қуанғанын көрдім. «Сенің бастығың алтын жігіт! Қатарынан биік тұрған азамат қой! Ондай жігіттер басқарған іс жаман болмайды. Оның қасында жүрсең сен де жаман болмайсың!» деген ризашылығын естідім.

Серікті Әбдісалан аға сияқты жан-жүрегімен жақсы көрген ағалары көп еді. Нұрғиса Тілендиев, Қалтай Мұхамеджанов, Зейнолла Қабдолов, Шерхан Мұртаза, Сейдахмет Бер­діқұлов, Камал Смайылов, Мырзатай Жолдасбеков, Нұрмахан Оразбеков, Шәрібек Есмұрзаев сияқты ардақты ағалар Секеңе ақжайлаудай көңілдерінің төрін ұсынды. «Менің ағалардан аузымның салымы бар» деген сөзді Серағаң жиі айтатын. Бұл сөздің ақиқат шындық екеніне ешкімнің күмәні жоқ.

Темірбек Қожакеев журналистика факультетінің деканы болып тұрған 1974 жылы сүйікті шәкіртін лекция оқуға шақырды. Сол жылдан бастап Серағаң өзінің ардақты ұстаздарымен әріптес болып, келешек журналист мамандарды даярлауға ден қойды. Өзінің негізгі қызметінен қол үзбей жүріп, теория мен тәжірибені ұштастыра білген Серік Әбдірайымұлы 35 жыл бойына үздіксіз дәріс оқыған ұлағатты ұстазға айналды. Журналистика академиясының академигі, Гуманитарлық академияның толық мүшесі атанды. Серағаң өмірі­нің соңына дейін ұстаздарын ұлағаттап, ағаларын ардақтап өтті.

 Серік Әбдірайымұлының терең тамырлы адамгершілік болмысына нәр берген үшінші арна – оның достары еді. Аңқылдақ мінезімен, үнемі күліп жүретін ерекше қасиетімен бау­рап алатын, ішкі мәдениеті жоғары азаматқа өзі қатарлас достары да асқан құрметпен қарады. Алпысыншы жылдардың бел ортасында әдебиетке өз қолтаңбасымен келген Ақселеу Сейдімбеков, Кәдірбек Уәлиев, Кәрібай Ахметбеков, Оралхан Бөкей, Кәдірбек Сегізбаев, Қуанышбек Құрманғалиев, Бексұлтан Нұржекеев сияқты аса талантты буын өкілдері Серіктің жан достарына айналды. Әрқайсысы сайдың тасындай осы жігіттер жас шамасы қарайлас, құрдастар еді. Қазір олардың қайсысын алсаң да ұлт әдебиетіне зор үлес қосқан дара тұлғалар. Олар өмірдің сан түрлі соқпақтарынан, тағдырдың талай сынақтарынан бірге өтті. Әкелері соғыста кеткен тағдырлас құрдастар өзара қалжыңдасқанда «жеті же­тімбіз» деп күлетін. Өздерінің берік достығымен алдындағы ағаларды да, соңындағы інілерді де қызықтырған қаламгер құрдастар қарапайым адамгершіліктің туын биік ұстады. Қуанышта да, қиындықта да бірге болды. Шығармашылық сапарда бір-бірін алға сүйреді, қолтығынан демеді, шыңдады, қайрады, жетілдірді. Олар өмірде де, шығармашылықта да шынайы достықтың қандай болатынын дүйім елге дәлелдеген асыл текті азаматтар еді. Тағдырдан өздерін биік ұстаған рухы мықты құрдастардың бүгінде қатары сиреп қалғанын ойласаң көкірегіңді мұң қармайды. Оралхан, Кәрібай, Ақселеу мен Серік. Бәрі де ел аузындағы аңызға айналып, бақиға аттанды. Бұл енді өмірдің заңы шығар деп қана сабырға жүгінесің. Ақын Несіпбек Айтұлы сөзін жазған Ақселеудің «Дәурен-ай» әнінде айтылатын «Атқан оқтай, шапқан аттай» жүйрік уақыт өз дегенін істеп жатыр. «Ғалымның хаты қалады, жақсының аты қалады» деген. Өмірде осындай асыл арналардан қуат алған Серағаңның жарқын болмысы оның өз шығармалары арқылы, қаламдас достары мен інілерінің естеліктері арқылы келешекке жететіні ақиқат.

  1. ҰЛЫЛАР ҰЛАҒАТЫ

Бүгінгі баспасөз беттерінде сиреп кеткен көркем очерк жанры Серағаңның оң жамбасына келген, қаламына жел бітіріп, қуат берген жанр болатын. Жас күнінен ойдан шығарылған көркем туындыдан гөрі нақты өмірлік деректерге құрылған шығармаларға бейім тұрды. Қоғамда болып жатқан түрлі құбылыстарға қырағы көсемсөзшінің көзімен қарап, айналадағы оқиғаларға обьективті ой таразысының тезімен баға беруге тырысты. Империялық қызыл саясаттың қылышынан қан тамып тұрған кеңестік кезеңнің өзінде ұлт мүддесіне қайшы келетін талай шындықтың бетін ашқан жалынды публицист Серік Әбдірайымұлының жарияланымдары халықтың ыстық ықыласына бөленді. Ол кәсіпқой журналистикадағы өзінің дара ұстанымын «Журналистика – қорлаудың құралы емес, қорғаудың құралы» деген сөзімен айқындап берді. Не жазса да жеті өлшеп, бір кесетін әдетімен айналадан әсемдік қана іздейтін қаламгердің барлық тақырыбы тек жақсылыққа құрылатын. Табиғаты күрделі очерк жанрын жанына серік еткен Серағаң бар болмысымен жақсылықтың жаршысына айналды.

Әріптес ағасы Әбдулхамит Мархабаев: «Қаламгер қолына қалам ұстағаннан кейін өз объектісін таңдап, өзі де сол объектісіне жетуге талпынады. Серік Әбдірайымұлы өзінің объектісін әдемі таңдап алған, өзі үнемі үлкен фигураларды алатын. Ұлы тұлғалар жөнінде, мәдениет пен ғылымдағылар жө­нінде әдемі жазған адам», деп бағаласа, қызылордалық қарт журналист Қайырбек Мырзахметұлы Серік Әбдірайымұлының «Бес мүшел белесінде» атты естелік кітабы туралы айта келіп: «Серік қазақтың біртуар перзенті Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың басына қара бұлт үйірілген сәтте жанына жалау болған інілерінің бірі болды. Сондай-ақ, Асанбай Асқаров, Нұрғиса Тілендиев, Зейнолла Қабдолов, Шерхан Мұртаза, Сейдахмет Бердіқұлов, Қадыр Мырза Әлі жайында эсселері мен деректі повестері көкірекке нұр құяды, сусынды қандырады» дейді. Ал филология ғылымдарының докторы Серік Негимов өзінің «Бекзат болмыс» атты мақаласында ақжүрек ағасының азаматтық бітімі туралы былай деп тебірене ой түйеді: «...Серағаңдай көркем мінезді, қара нардай көнтерлі көшелі ағаның шығармашылық еңбегіне, қоғамдық қызметіне барлау жасар болсақ, ол сан қырлы талант иесі. Ол журналист, көсемсөзші, баспагер, ұстаз, аудармашы. Республиканың әдеби мәдени өміріне белсенді түрде араласып, артына жарқын із, сәулелі сөз қалдырды. Білімді-білікті, тәжірибелі баспагер, қазақ журналистикасының көрнекті қайраткері Серік Әбдірайымұлының өмір жолы өнегелі, ғибратты, тағлымды».

Публицист-жазушы Серік Әбді­райымұлының өмірі мен шығар­машылық жолына нұрлы шуақ құйған, өзі аға тұтып араласқан үш тұлға болды. Олар – Дінмұхамед Қонаев, Асанбай Асқаров, Нұрғиса Тілендиев еді. Олардың үшеуі де қазақтың елдігі мен бірлігіне, руханияты мен мәдениетіне орасан үлес қосқан аса көрнекті қайраткерлер болатын.

Серік Әбдірайымұлының Диме­кеңдей қайталанбас тұлғаның ұлы­­лығын насихаттаудағы еңбегі өл­шеусіз деуге болады. Бұл сөзімізге Серағаңның үзеңгілес досы, жазушы К. Сегізбаевтың: «Халық алдында Секеңнің атын шығарған – Дінмұхамед Қонаев туралы жазған еңбектері. Ол Асанбай Асқаров ағасына да сондай қызмет жасады. Ал қазақ музыкасының бірегей тұлғасы Нұрғиса Тілендиевтің рухани інісі болды. Секең қазаққа қалтқысыз қызмет еткен тұлғаларды халыққа таныстыруда ерен еңбек етті» деген пікірі дәйек болғандай. «Таңғажайып Қонаев» атанған Димекеңдей кемел адамның көсемдігі мен көрегендігін дөп басып танып, тереңде жатқан жан сырын айнытпай көре білу екінің біріне бұйырмаған бақыт. Атақты режиссер Асқар Тоқпанов: «Димекеңмен сырласып сөйлесудің өзі телегей теңізге шомылып шыққанмен бірдей. Димекең халықтың қазынасы ғой», – деп айтады екен.

2008 жылы «Жұлдыздар отбасы» журналына берген «Димекең пенделіктен жоғары тұрушы еді» деген сұхбатында Серағаң Димекеңмен алғашқы танысқанынан бастап, ол кісінің азаматтық болмысы жайлы бүкіл ой-толғанысын жеткізе айтты. Ол былай дейді:

«...Ұмытпасам, 1988 жылдың шілде айы болуы керек ...Мен 108 сұрақ әзірледім. Он жеті күн бірге отырдық. Димекең соның ішінде 36-сын сұрыптап, «Қалғанын өзің таяқ жемейтін кезде жарияларсың. Кетпеннің басын бассаң, сабы маңдайыңа тиеді, қарағым. Сендер жассыңдар ғой, болашақтарың бар», – деді. Сұхбатымыз «Қазақ әдебиетінің» екі нөмірінің ішкі бетіне жарқ етіп шықты. Сол сұхбаттан кейін көп адам Димекеңді іздей бастады. «Қазақ әдебиетін» қолдан-қолға көшіріп, оқи бастады. Бір үтіріне дейін өзгермей шыққанына Димекең риза болып, маған сенім арта бастады. «Сен аударма жасайды екенсің ғой. Жұртшылық кездескен жерде «Қазақстанның тарихы – сіздің өміріңіз, сіздің өміріңіз – Қазақстанның тарихы ғой. Бірінен-бірін бөліп қарауға болмайды. Осыны қағазға неге түсірмейсіз?» – деп  қолқа салып жүр. Қанша дегенмен жазушы емеспін, ойымды түсіру оңайға соқпады, бірақ  кітап дайындадым. Соны қазақша сөйлетіп, қазақтың жанына жақын етіп жазсақ қайтеді?» – деді. Мен Димекеңнің өтінішін орындауға кірісіп кеттім. Кітап бір жарым айдың ішінде дайын болып, 75 000 тиражбен шықты да, жеті күнге жетпей тарап кетті. Димекең әйелінің аманатымен кітаптан алған қаламақысын, жинаған 3000 теңгесін және екі кілемі мен пианиносын №204 балабақшаға берді. Димекең – арын дүниеден биік қойған кісі. Біреудің сабақты жібіне қиянат жасаған емес».

Міне, осылайша бірегей тұлғаның әулиелік болмысын бір сұхбаттың жүзінде паш ете білген Серағаң Димекеңнің ақиқатын айтуда аянып қалған жоқ. «Өтті дәурен осылай», «Ақиқаттан аттауға болмайды», «Елу жыл ел ағасы» атты кітаптар сол қажырлы қаламгерлік еңбектің жемісі еді.

Серік інісінің өзіне еткен қызметін ерекше бағалаған Дінмұхамед Ахметұлы: «Осы бір қарапайым еңбегімнің дүниеге келуіне, сөйтіп қалың елдің кәдесіне жарарлықтай деңгейге жеткізілуіне көп үлес қосқан Серік Әбдірайымұлына ризашылығымды білдіремін» деп ағалық алғысын айтты.

Димаш ақсақал дүние салғаннан кейін Серағаң ұлы тұлғаны туған ағасындай ардақтап, қаламының ұшымен де, қайраткерлік ісімен де оны мәңгілік тұлғаға айналдыруға жан аямай атсалысты. Естеліктер жазумен қатар, 1993 жылдан бас­тап Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев атындағы Халықаралық қордың вице-президенті міндетін мүлтіксіз атқарды. Ол туралы кезінде Қалдарбек Найманбаев: «Димекең дүниеден өткеннен кейін де оның әруағы алдындағы парызын Серік адалдықпен, азаматтықпен атқарып келеді» деп атап айтқан болатын.

Саналы ғұмырын ел басқару ісіне арнаған тағдырлы тұлға Асанбай Асқаровтың абыройын қайта қалпына келтіруге жанын сала кіріскендердің бірі де өзіміздің Серағаң-тын. Ол ғұмырының соңғы кезеңінде кенеттен тағдыр тәлкегіне түсіп, тоталитарлық жүйенің теперішін көп көрген, көкірегі қазына қарияның адами қасиеттерін, тағдыр ақиқатын ашып көрсетуге тырысты. Жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы: «Секентайдың ісі мен сөзінде алшақтық болмайтын. Асанбай Асқаровтың, Нұрғиса Тілендиевтің, өзі араласқан адамдардың көп қырын ашты. Сол кезде Серік жазбағанда оны кім жазар еді» деп еске алады.

С.Әбдірайымұлы өзінің кейіпкер­лерін жалаң сөзбен сипаттамайды. Олардың адамдық болмысы мен табиғатын, мінез-құлқын, психология­сын ашу барысында авторлық баян­дау тәсілімен қатар кейіпкерінің естеліктері мен хаттарын да келтіріп отырады. Даналық сөздер, ғибратты ойлар, көрегендік пікірлер нақты деректермен сыналай енгізіліп, тұлғаның тұлғалық кейпін оқырман санасына біртіндеп сіңіреді. Адам төзгісіз қорлауға мойымаған, өр рухтың иесі Асанбай қарияның өмірлік жары Фатима Ғалиқызына жазған хаттарын оқырман назарына ұсыну арқылы хат иесінің биік тұғырлы адам екенін айқын танытады. Мысалы, 1987 жылы 18 желтоқсанда жазылған хатта:

«Мен саған да, балаларым үшін де өте-мөте қиындықтар туып тұрғанын жақсы білемін. Шыда, төзімді бол, сен деген қайратты жан емессің бе?! Қуатты адамдар өмірінің соңына дейін осындай туа біткен қасиеттерімен қалатын болады. Мен өзгерген жоқпын, бастапқы қалпымдамын, әрине жүрекке ауыр салмақ түсіп тұр, ұят пен масқара дүмі мені қажытып барады. Бірақ та менің арым таза екенін сен жақсы білесің, мен Отанымның алдында кіршіксіз тазамын, ал ең бастысы – менің Отаным. Ешкім де, керек десеңіз, ешбір пенде мені өз Отанымнан айыра алмайды, одан жатбауыр етуге де күштері жетпейді» – деп жазса, 1988 жылы 22 мамырда жазылған хатта: «Мен жақсы жолмен ғұмыр кештім. Партияның және халықтың алдында да сондай тазамын... Менің арым таза, сондықтан да мен өмір үшін ақыр-соңына дейін күресіп бағатын боламын» – деп Асекең ар алдында, ождан алдында өз адалдығын паш етеді.

С. Әбдірайымұлы абзал ағаның асыл қасиеттерін толығырақ ашып көрсету мақсатында өзіндік ой-тұжырымдарын былайша түйіндейді:

«Ол қапаста жатып жанын тербетіп, жүрегін толқытқан жыр жолдарын қағазға түсірумен болды. Төрт жылда төрт қалың дәптер өлең өрілді. Басына қара күн туып, қара су ішкен жылдарда кісілігіне кір шалдырмады. Бекзаттық қасиетін сақтады. Үлкенге жолын берді, жастарға ағалық сөзін айтты. Абай өлеңдерін, қара сөздерін жатқа оқитын. Есенин, Пастернак, Маяковский, Аалы Тоқомбаев жырларын әңгімесіне арқау етті. Азаттық алған бойда «Жұмақ пен тозақ жырлары» деп аталатын кітабы қалың қазақты аралап кетті. Абыз ақын Әбділда Тәжібаев: «Ақын қылмыс жасамайды, ақын жалған сөйлемейді. Сенің өлеңдеріңнен биік қасиеттер көрдім» деп сүйінді».

Серік Әбдірайымұлы көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналған ерекше дарын иесі Нұрғиса Тілендиевтің рухани інісі болды. «Оттан жейде киген, асау мінезді» Нұрағаң жөнінде «Аққуын әлдилеген ән мен күйдің», «Нұрғисаның «Махамбеті» немесе ұлылардың ішкі үндестігі» «Тілендиев туралы ең қысқа сөз» дейтін көркем эсселер жазып, кейінірек «Қаһарман Нұрғиса» жинағын кітап етіп шығарды. Көпшіліктің көзайымына айналған «Нұрғиса» деректі фильмінің авторы болды. Жыр алыбы Жамбылдың: «Менің ием, жолбарысым Тілендінің баласы Нұрғисаға кетті. Түсімде соның алақанын жалап тұр екен. Ендігі иесі сол болар» деген көріпкелдік тұжырымын да, елу жыл ел ағасы болған Д.Қонаевтың: «Музыка – адамзаттың әмбебап тілі ғой. Ол біздің жан-дүниемізді байытып, әсіресе, ұлттық сана-салтымызға бау­литын сиқырлы күш. Мен Нұрғиса Тілендиевтің шығармаларын тыңдаған сайын осындай ойға қалам» деген ұлағатты ойын да, қайталанбас композитор Еркеғали Рахмадиевтің «Нұрғиса Тілендиев бір ғасырда бір туып, ғасырлар бойы өзінің өнерімен халқының ортасында өмір сүретін тұлға» деген тебіреніске толы сөздерін де Серік ағаның туындыларынан білдік.

Серағаң жоғарыда аталған ұлы адамдар туралы шығарма жазып қана қойған жоқ, олармен рухани байланыста болып, өмір жолында тығыз қарым-қатынас жасады. Күнделікті қым-қуыт тіршіліктің ығында кетпей, олардың әрқайсысының сырын тыңдауға, жан дүниесіне тереңдей үңілуге уақыт тауып ұлылардың ұлағатын аялап өтті.

Филология ғылымдарының докторы Амантай Шәріп өзінің «Санаткер» атты мақаласында: «Қайраткерлік қажырымен және қайырымымен жақсы атын жұр­тына аманаттаған Серік Әбді­райымұлының соңындағы әдеби-публицистикалық мұрасын бір түгендеп, тәптіштеп қою – оның шарапатын көріп, шуағына кенелген жандарға ғана емес, сөз бағасын білетін баршаға азаматтық парыз» деген ой айтады. Бұған қосарымыз, өмірден жалындап өткен журналист-публицист, талантты жазушы, қарымды аудармашы, білікті баспагер, ұлағатты ұстаз Серік Әбдірайымұлының жалпы азаматтық болмысын сан қырынан жарқырата көрсететін өмірлік де­ректерді де жіпке жақұт тізгендей етіп түгендей жүру бәріміздің міндетіміз. Бұл мақаланың негізгі мақсаты осы игілікті іске аз да болса үлес қосу болатын.

Темірғали КӨПБАЕВ, ақын, филология  ғылымдарының кандидаты