Орман шаруашылығы қызметкерлерінің еңбекақысы көбейеді
Орман шаруашылығы қызметкерлерінің еңбекақысы көбейеді
Елімізде орман шаруашылығы қызметкерлерінің жалақысы 25 пайызға көбеймек, – деп хабарлайды 24.kz арнасы.
Арнаның хабарлауынша, мұндай жаңалық Өскеменде өткен Парламент Сенаты Аграрлық комитетінің көшпелі отырысында мәлім болды. Биологиялық әралуандылықты сақтау туралы заң жобасының мүмкіндіктері талқыланған шараға еліміздің бірқатар аумағынан сала мамандары жиналды.
Шығыс Қазақстанда елімізде пайдаланылатын ағаш қорының 70 пайызы шоғырланған. Өңір аумағында 1000-нан аса өсімдік түрі бар. Оның 100-і Қызыл кітапқа енген. Жасыл желекті өңірдің тұмса табиғатын сақтап қалу басты назарда. Ол үшін заманауи құрылғыларды пайдалануды тәжірибеге енгізген.
«Өртті алдын ала анықтау құрылғысын пайдаланғалы бері орманды өрт шалу жағдайлары 15 пайызға азайды. Өрттер әсіресе найзағай салдарынан тұтанып жатады. Өткен жылы 154 тұтану болғанымен, оларды дер кезде сөндіру арқасында шығынға жол берілмеді», – деді «Семей орманы» резерватының бас директоры Мұрат Дәулетов.
Биологиялық алуандықты сақтау, орман өнеркәсібі мен аймақтағы аңшылық шаруашылығын дамыту – заман талабы. Халық қалаулыларының сөзінше, жасыл экономикаға көшуге ниетті еліміздің табиғи байлықтарын қорғау саласында тиімді саясат қалыптастыру қажет.
Парламент Сенаты комитетінің мүшесі Қуаныш Айтаханов: «Заңға өзгеріс енгізіп жатыр. Мысалы, фермерлік, аңшылық, орман шаруашылығын дамыту керек. Сол орман шаруашылығын дамытқан азаматтарға ынталандыру, субсидия беру мәселелері, орманшылардың айлығы аз, оларға мемлекет тарапынан айлық көтеру жөнінде арнайы заңда қарастырдық», – деп атап өтті.
Сондай-ақ, бұл күні Аграрлық комитет өкілдері өңірдегі бірегей «Шығыс сүт» кәсіпорының тынысымен де танысты. Мұнда қазір 60-тан аса сүт өнімдері өндіріледі. Өнім түрлерін 20-ға жеткізу жоспары бар. Дамудың жаңа сатысына аяқ басқан мекемеде жаңғыру жұмыстары аяқталып келеді.