Қытайлық туристердің алғашқы легі Қазақстанға келді
Қытайлық туристердің алғашқы легі Қазақстанға келді
Қытайлық автотуристердің алғашқы легі Қазақстан шекарасынан өтті. Керуен Астанадағы ЭКСПО-2017 шарасына бет алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
18 автотурист 5 автоүймен Алматы облысы, Балқаш, Қарағанды, Көкшетау, Шучинск-Бурабай, Шығыс Қазақстан облыстарын кесіп өтеді. Қытайлықтардың керуені Қазақстанға келуі кедендік рәсімдеулердің жеңілдетілгенін көрсетеді.
«Бұрын топпен келетін туристерді кіргізе алмайтынбыз. Өйткені, олардың әрқайсысына бөлек виза толтыру керек болатын. 200 адамның әрқайсысын толтырып отыру мүмкін емес. Енді біз туристер тобына арналған виза рәсімдей аламыз. Мысалы, бүгін мына топты біз 2 сағатта рәсімдеп болдық. Мұның барлығы Қазақстанның туристік әлеуетін арттыруға көмектеседі. Биылдың өзінде 400-500 автомобиль келеді деп отырмыз», - деді компания директоры Ая Құсайынова.
Қытай туристік нарығында жылда 5 млн-ға жуық адам автоүйлермен саяхаттайды. Қалалық туризм және сыртқы байланыс басқармасының мәлімдеуінше, мұндай туристік маршруттар арнайы кэмпингтер мен үлкен автотұрақ инфрақұрылымын талап етеді. Алматы әкімдігі мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында автоүйлерге арналған автотұрақ жасауды қолға алмақ.