Жаңалықтар

Ақын жүрегінде  алқынған арман

ашық дереккөзі

Ақын жүрегінде  алқынған арман

Сенатор  (латынша) – қамқор қария.

Ежелгі Рим.

Халық дейтін бұзылмас қалыбым бар!

Н. Оразалин.

 Ұлы даланың адамзат бойына сіңірген ұшан-теңіз ұлағатының ішінде адами қарым-қатынас, имани таразы-талғам әрбір ғасырда, бәлкім, әрбір дәуірде бой көрсетіп тұрады. Абыз ақсақалдың дуалы аузынан шыққан сөз ұлттың көркемдік кеңістігінде кең қанат жайып, ол өрнекті ойға, кейін мызғымас идеяға негіз болған да кезеңдер аз емес. Парасат-пайымы қатар өріліп, дегдар-бекзаттығы тең дарыған адамның бойында шұғыла шырайы өріп, тереңдіктің тынысы тебіреніп тұрады. Өз ұлтының өзегінен шыққан өміршең қағидаларды қатар өріп, өмірге өрнек салып, көңілге күй сыйлайтын да дегдар, текті жаратылыстың үстемдік тұрпатының қалыптасқан көркем үлгісі. Өткірдің жүзіндей жалын шашып тұрған өмірден әркімнің де аласы бар. Ал бересіне келгенде бейтарап қала беретін топтың да болатыны заңдылық. Болмысына бекзаттық жаратылысты жасырып, аспантекті асқақтықты ту етіп көтерген қайраткерлердің қатарында Нұрлан Оразалин де бар. Нөсерден соңғы саябақтай қайта жасанған Алматы шаһарын әсем қоңыр әуенмен әлдилеп, өлеңмен өбіп, жырмен жұбатып, ғазалмен ғажайып күйге бөлеген толқынның белді өкілі. Өлең дейтін өрнекті өлкеге мықтап ат байлаған, қазық қаққан, қара өлеңнің қуанышын бөлісіп, қайғысын көтеріскен ол бүгінде әдеби қайраткерге айналды. Өлеңмен ауырған өреннің хал-күйі, мұң-шері, сезім-толғанысы алпысыншы жылдардың соңынан бастап ақ қағазда өрнектеліп жатты. Теңізден маржан сүзгендей мехнатпен сөз асылын жинап, сүйегіне сіңіріп, жанына байлау да тағдырындағы талайлы кезең еді. Әу бастағы басты мақсат, зор сенім, тумысынан дарыған дегдар мінез, салиқалы сезім де поэзия патшалығына жетелей берді. Екінің бірі, егіздің сыңары батып кіре алмайтын, сондай-ақ екінің біріне емексіп кете қоймайтын салтанатты тақ, ғажайып патшалық шын ақындардың ғана алдынан ақ сарай салып, табанына гүл төсеп қарсы алатыны ақиқат. Ал сүйекке біткен паңдық та, асылдық та ешқашан өзгермейді. Ол өзгермелі қалыптың аясынан тыс, Құдіреттің өзі қалап сыйлаған дүние болғандықтан да, маңдайдағы төрт шумақ өлеңнің әуелгі нұсқасы ақын жанының жұмбағы болып қала береді. Ақынның атын асқақтатқан, абыройын көтерген туындылар да қай кезде де әдебиеттің абыройы мен беделі болғаны анық. Ал Нұрлан Оразалиннің сондай жырларының бірі – жарты ғасырлық тарихы бар «Хали-Гали» өлеңі... Жатақхана... «Хали-Гали»... Мезі қылды-ау жанымды, Мезі қылды-ау байқұс жырларымды. Біле алмаған бұл ғасырда барымды, Шалғайдағы момын қырларымды. Ғажабымды, Париждегі қалықтаған әнімді – Кеудемдегі ғажап үнді, Ей, Алматы! «Хали-Гали»! Танымайсың барымды, Танымайсың... Ант атқан мынау уақытта Армандар қанша «айқайыңда» тынып барады. Тоқташы бір-сәт! Кетсең де орап бақытқа, Жаңа бір өлең... Ұстап-ақ қалсам жарады. Бұл, әрине, көңіл-күйдің ғана емес, ақын тағдырының толғанысы. Аласапыран уақыттың ақын жанына әсері мен оның шындығының шамырқанған көрінісі бар мұнда. Түн баласы ақын жанын толғантқан дүниелер ақ қағазда өрнектеліп, өмірдің өзіндей шынайылығымен қалыптасты. Жер жаратылып, жаһан орнағалы бері адамзат тарихында жүздеген ұлы ақындар тірлік кешті. Әрқайсысының өзіне тән тағдыры, қалыптасқан қолтаңбасы, ерен күй тұнған ерекшелігі болғанымен де, бәрібір бәрінің ат байлар қазығы, тоғысар тұсы – өлең дейтін патшалықтың сарайы болатын. Бірақ әркімге бір жалынан сипатып, сырын аша қоймайтын, болмысына ұлы кезеңдердің аңызы мен ақиқатын жасырып қала беретін сол ұлы патшалықтың шынайы ақындарға ақтарылып сала беретін сезімі де ұшқындап түсіп, жер бетінің әр қиырында жүрген ақындарға шашырайтыны болады. Өзекті пенденің өне бойын өртеген өлең, өмірмен өзектес сарынның бәрі де ақын жанының көрінісі. Бұл тұрғыдан Нұрлан Оразалин де өзінің ақындық қуатын кемеліне келтірген, ақиқатын ашып айтатын, қара өлеңге адал ақын деуге болады. Ақынның «Жоғалған күндер мені мазалады, тоналған түндер мені жазалады» дейтіні содан. Ақынға тән айырықша таланттың бірі суреткерлік болса керек. Қаламның ұшында байланған қасиетті ойдың да сезімге сабақталып, көңілге кестеленетіні сондықтан. Өлеңнің арғы бетінен мөлдіреген кіршіксіз әлемді көру, оған сүйсіну арқылы шабытын баптаған ақынның риясыз көңілі әрдайым ғажайып бір әлемге саяхаттауға шақырып тұрады. Бозамық таң... Жүрегімді жыр қарып... Тал-қайыңдар, алма-ағаштар ырғалып. Қыдырып жүр көктем менің көшемде, Көктем менің тереземді тұр қағып... Отыздан жаңа асқан ақынның бұл сезім-суреттеуі арада қанша жылдар өтсе де оқырманын шынайылығымен, нәзіктігімен баурап келеді. Бұл өлеңдегі «Намаздыгер... Нарттай қызыл кешқұрым, көкжиекпен жалқынданып, көшті күн. Көз байланды... Қиылып кеп Ай туды, Алатаудың сүтпен бояп төстігін», «Жұлдыз жауды... Бір ғажап ән естідім, жұлқынғаны шабысындай бестінің», «Тал-қайыңның жапырағын шулатып, тереземнен көктем өтіп барады» деген суреттеулер қаймағы бұзылмаған қазақы қалыптағы жырлар. Ұлы даланың болмысында адамзат баласына жұмбақ беймәлім сыр бар. Көкейінде ғасырлар бойы сарнап тұрған сарын бар. Ал сол жұмбақты шешіп, сарынды түсіну ақынға ғана бұйырған қасиет. Себебі есте жоқ ескі замандардан бергі адамзат ақындарының арпалысты өмірі, тар жол тайғақ кешкен тағдыры осы сөзімізге дәлел. Тіпті уақыттың қатал заңына мойынсұнбай өткен дарындардың да бойындағы адамзаттық, ғарыштық деңгейдегі түсініктер поэзияның шұғыласы түскен жерлердің бәрінде де көктеп, көркем күйге ене береді. Ал жер бетіндегі адам атаулы, ақын атаулы тағдырлас екенін ескерсек, бұл ойдың да Нұрлан ақынның да санасын шиырлап, көңілін көкке самғатып тұрғандығы жасырын емес. Ақ жаңбыр жауып қырға өткесін кеп, Жанады түнде жасыл көк төсінде от. Жасыл от – аспандағы мың сан жұлдыз, Біздерге қарайтындай тектесім деп. Тағдырлас... Тамыры бір сырласым деп, Үздігіп шолатындай қыр басын көп. Ойлары жер үстінің көкті кезіп, Арманы адамзаттың жырға сіңбек.., – дейді ақын. Бұл өлеңнің атауы да тосын. «Жасыл от». Бәлкім, ақындық көру аясы кең, сезіну түйсігі бөлек шығармашылық иесінің өз жанында бұғып жатқан бір жалын, бір күй болар, бәлкім. Мұндай тосын теңеулер, аяқ астынан айтылған ойлар кейде ғаламдық құбылыспен астасып, айрықшаланып жатады. Ақынның бұл шығармасында да адамзаттық ортақ тағдыры қыл үстінде тұрғандай қиямет тіршілік, адам жанын азаптап тұратын ақиқат, бәлкім, орындалмай кеткен арман-аңсар да көрініс тапқан. Әйтпесе бақыт, мұң, сезім, тағдыр деген дүниелерді бір ұлттың ғана немесе бір адамның ғана маңдайына тели салуға болмайды ғой. Бұл тұрғыдан да Нұрлан Оразалин өзінің ішкі қуатын, жан толқынысын, сезім айшығын мейлінше қара өлеңнің қасиетіне орап, өсиетіне балап жеткізеді. Сана түкпірінде сан жылдар елесін жаңғыртып, дәуірлер келбетін көз алдыңа келтіріп тұратын бір жұмбақ әлем бар. Тағдырыңа тылсым сырларды бұйыртып, маңдайыңа мәңгіліктің мөрін басып жіберетін де кейде ой түбінен ойнап туатын тіркестер болса керек. Алты құрлық, төрт мұхиттың жаратылысы адамға аян болғанымен, бәрібір ұлы жаратылыстың бір түкпірінде жан баласы біле қоймайтын, бәлкім ғұмыр бойы білмей кететін құпиялары болады. Бәлкім, ол да ақын бойынан өрген өлең секілді өміршең қалпын сақтап ғұмыр кеше береді. Сол сияқты ақынның да жан түкпірінде жан адамға беймәлім, өзгеге бейтаныс сезімдердің өмір сүретіні хақ. Ол ой ақынмен бірге жасасып, ақыннан соң да сезім сарайында шарықтап, поэзия патшалығында салтанат құра береді. Ал өз жанындағы өзгеше арал, қиял кеңістігінде, ой орманында түзілген ғажайып ғалам да шайырдың шындығын қара өлеңге айтқызып, оқырманына олжа сыйлайды. Өзінің жан дауысын тыңдап, көркем кеңістігіндегі құпияны өлеңге ғана айта алған ақын өзіндік әлемін «Жетінші құрлық» деп атайды. Бұл да әлемнің сегізінші кереметі сияқты адамзат баласына жұмбақ, ақиқат ақындарының ардакүрең сезімдері тұнған тағдыр сыйы болса керек. Бірде жылап, бірде күліп, алданып, Бірде жоқ боп, бірде барға малданып. Келе жатыр сусып қолдың ұшында, Мәңгіліктің жібек жібі жалғанып. Сұлулардың жырлап көзін, сырғасын, Ғашықтықтан бастап едік жыр басын... Тағдыр болып толғанатын кез келді, Заман артар иықта жүк тұрғасын... Әдебиет – өткен шақты сағынудан, шерленіп, мұңданудан ғана тұрмаса керек. Әдебиеттің міндеті – белгілі бір деңгейде болашаққа бағдар жасау. Яғни, шын ақын сәуегейлік танытпаса да келешекті көңіл-көзімен көре алатын, түйсігімен танып-біле алатын қасиетке ие. Бұл өлең ақын ойы мен уақыт ойының үндестік табуы, бір жерден шығуы деп қарайтын едік. Себебі өткен ғасырдың сексенінші жылдарының соңындағы елдің жағдайы, мемлекеттің халі халықтың көз алдында. Ақын «Келе жатыр сусып қолдың ұшында, мәңгіліктің жібек жібі жалғанып» дегенде де, «Тағдыр болып толғанатын кез келді» дегенде де өзінің қарақан басын, от басы, ошақ қасының әңгімесін айтып отырған жоқ. Бұл жердегі негізгі тірек, өлеңнің өне бойындағы өзгеше сарын азаматтық ұстанымда, ұлттық беріктікте. Осындайда «Ақынның аузына сөзді Алла салады» деген тәмсілдің рас екендігіне көз жетеді. Бүгінгі таңда қазақ елінің бағы артып, бәсі жоғарылағаны ғаламға әйгілі болды. Ал ақын жүрегінде бұлқынған сезім, алқынған арман арада жылдар өткенде ақиқатқа айналып, абырой биігіне көтерілді. Қазақ жырының өрісі кеңіп, өресі биіктеді. Сондай-ақ ақын «Өз демім» өлеңінде де арманның ақиқатқа айналуын көксеп, көңіл көкжиегінде көркемдік құпиясын қалыптастырады. Көк пен жерді кезген үн: Өз ғасырым... Өз демім... Ертелі-кеш жыр болып, Келеріңді сезгемін! Кебін киіп кезбенің, Қара түнді кезгемін; Бойды буып арман-ән, Құз-қияны шарлағам, – дегенде де ақындық ұстанымы айқындалып, өз «менінің» өзегінде бұлқынған өлеңімен астасқанын көруге болады. Мейлінше ақын асқақ сөйлейді, терең тебіренеді. Өлең дейтін өмірлік қағиданың бастау-бұлағын мөлдір, саф күйінде көреді. Өмірді де өзіндей көріп, сырласады, мұңдасады. Нұрлан Оразалин қазақ оқырманына өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының соңынан таныс. Қазақ әдебиетінде «Соғыстан соң туғандар» деген тағылымды тағдырмен танылған үркердей топтың ішіндегі шоқтығы биік, талғамы жоғары ақын. Жұматай Жақыпбаев, Кеңшілік Мырзабеков, Тынышбай Рақым, Дәуітәлі Стамбеков, Жарасқан Әбдіраш, Күләш Ахметова, Иран-Ғайып сияқты ақындармен қатарласа шығып, жыр сапарындағы жолын тапқан тұлға. Сонау жылдардағы жас ақындардың «Жас керуен», «Көктем тынысы» ұжымдық жинақтарынан-ақ өлең өрнегі өзгеше ақын екенін байқатты. Ал әр жылдары жарық көрген «Беймаза көңіл», «Көктем кеші», «Жетінші құрлық», «Құралайдың салқыны» кітаптарында да өмір өрнегі, сезім тұнығы, замана шындығы кеңінен көрініс тапты. Ұлт ұстаздары салып кеткен сара жолды жалғастырушы, тыңнан түрен салған талант екенін көрсетті. Ақынның әр жылдардағы жарық көрген шығармалар жинағы жаңашылдығымен, айқындылығымен, тапқырлығымен ерекшеленеді. Немістің ұлы ақыны Гете «Әлемдегі барлық оқиға ақынның жүрегі арқылы өтеді» деген. Ал ұлттың басындағы ахуал, оның өткен тарихы, кешкен кезеңі қара орман қазақтың көкейінде ғасырлар өтсе де сайрап тұр. Әуелі тұлғатанымдық туралы көзқарасқа салсақ, ақынның азаматтығы да, адалдығы да өз ұлтының ұлағатын бойына сіңіруден көрінеді. Кешегі Алаш арыстарының тағдырында тұнған тұма сезім бүгінгі ұрпақтың бойынан бұлақ секілді бір ғажайып ғаламатты ашты. Қазақтың басына қасірет бұлтын үйіріп, тіпті адамзаттық қасіретке айналып кеткен кешегі күннің көркем шындығы ақын шығармашылығында да көрініс тапты. Алаш арыстарының көзін көріп, сөзін тыңдаған әйгілі суреткер Мұхтар Әуезовтің «Қилы заман» шығармасында кер заманның көрінісі бейнеленсе, Нұрлан Оразалиннің де қаламынан сол қасірет көркем тілмен кестеленіп, поэтикалық образбен айшықталып, «Қырғын» трагедиялық драмасы болып дүниеге келді. Еркіндік, шығарманың самғау тұсы, шарықтау шегі – барлығының да түп темірқазығы ұлт тағдыры, әдеби нұсқадағы қазақ шежіресі. 1916 жыл оқиғасы қазақ тарихындағы қара әріппен таңбаланатын тұс. Шығармадағы Жәмеңке қарттың, Ұзақ батырдың бейнелері барынша ашылып, сәтті сомдалған. Ал Серікбай, Әубәкір, Жаңабай, Нүке сынды шейіттікке бас тіккендер де ел арасынан шығып, елдік тұлға деңгейіне көтерілгендер. Әрине, патшаның әділетсіз жарлығы сол кездегі қазақ ауылдарын, ауыл ішіндегі бас көтерер азаматтарды бейжай қалдырмайды. Шығармада Ұзақ батырдың Жәмеңке қартқа қаратып айтқан «Ел аман еді, жайлауы жарасып еді, қарын шашы алынбап еді, дедің, Жәмеңке. Аяғыңа жем түсіп, ұлы бойыңа оқ тигені бүгін ғана ма?! Бұғалықтың мойныңа түскені әлдеқашан емес пе еді?! Ақ патша айтқанында тұрмады. Бір бұзбады, сертін неше бұзды. Көндің. Суыңды алды – көндің, жеріңді алды – көндің. Өрісіңді тарылтты – көндің, өзегіңе өрт салды – көндің» деген сөзі сол кездегі бүкіл қазақтың қанында қайнап жатқан қасірет, ауызынан ақтарылған ақиқат еді. Ақын өз ұлтының ұлағат тұтар, өнеге алар тұсын көркем шындық негізінде шежірелейді. Нұрлан Оразалин өзін талантты ақын ғана емес, шебер драмашы ретінде де танытқан тұлға. Адам мен уақыт негізінде құрылған «Шырақ жанған түн» драмасы қазақ драматургиясының ірі табысы. Шығармадағы Нұргүл, Сағын, Таңат – бұл үш кейіпкер бір-біріне ұқсамайды. Оқиға күндіз және түнде өтеді. Яғни, бір жағынан ақ пен қара өмірдің арпалысы да бұл жерде көрініс тапқан. Сондай-ақ, ақынның «Тас киіктер», «Қарымта» драмалары да уақыт талабына жауап бере алатын, дәуір сынына шыдайтын көркем дүниелер. Қай шығармасында болса да автор адам жанын ашуға, адамзаттық ой қозғауға күш салады. Шығарманың басты қаруы – оның ақиқаты. Белгілі бір оқиғаның шеңберін шиырлап, бір басқан ізіне қайта түсіп кете беретін шығарманың шындығы да болмайды. Ал Нұрлан Оразалиннің шығармаларындағы әділ шешім, тосын теңеу, қарапайым болмыс, мөлдір мұң сияқты әдебиетке тән құндылықтар менмұндалап тұрады. Жарық нұрға жан-жүрегін бұрғандар, Ой-сананы тербетіңдер, Ырғаңдар! Дүниенің жанарында сұрақ көп... Ауыр сұрақ... Уақыт жоқ бұлғаңдар... Бұл – ақынның ақиқаты. Расында дүниенің келбетінде ақын ғана көре алатын, ақын ғана түсіне алатын белгісіз тылсым күйлер, беймәлім жазулар болады. Ал дүниенің жанарындағы сұрақтың мағынасы қандай, жауабы қалай – мұның барлығы да ақынның азаматтық ұстанымына, көркемдік көзқарасына байланысты. Ар-ождан, ұлт мәртебесі, ұрпақ келешегі дейтін қастерлі ұғымдардың барлығы да шын ақынның қаламында қаз басып тұрады. Сондықтан да ақын «Мың-мың жылға бабалардың айтқанын, жаңа ғасыр тұрғындары, жалғаңдар!»  – деп аманат айтады. Жалпы, Нұрлан Оразалин шығармашылығы бүгінде кемеліне келген, көркемдік көкжиегі кең, айтар ойы айқын дәрежеде. Қасиетті қара өлеңге қазық байлап, арман ауылына ат шалдырып, оны ақиқатқа айналдыра білген тұлға. Ақынның жарты ғасырлық көркемсөз ізденісінде, жыр сапарында жинаған таңдаулы қазыналары оқырмандар игілігіне қызмет етіп қана қоймай, ілкі буын әдебиетшілердің де оң бағасына ие болды.  Атақты Ғабит Мүсірепов: «...Оразалин ақындықтың, поэзияның небір терең сырларын, нәзіктігі мен от-жалыны, шуағы мен нөсері барын сыншыларымыздың бірде-бірі айта алмаған мағыналы, мәнді түрде айтқан» десе, академик Серік Қирабаев ақын туралы «Өшкен тарихтың ізін сақтаған, қазақ жерін мекендеген халықтың рухани күшін жырға қосады. Осы ойлар жалғасып кеп, бүгінгі тірлікке тіреледі. Ақын өткенге салауат айтып, енді бүгінгі тіршілікті, өзі көрген сұлу өмірді сақтауды тілейді» деп айқын бағасын береді. Ал атақты ақын Фариза Оңғарсынова «Мен өзім Нұрланды қазақ поэзиясындағы санаулы ақындардың бірі деп қабылдаймын» десе, тағы бір тарлан талант Тұманбай Молдағалиев «Менің бір байқағаным Нұрлан жырда өзінше жол іздейді. Өзі жақсы көретін ағаларынан қашады, тіпті олар туралы білмеген, естімеген болғысы келеді» деп жазады. Мұның барлығы да әдеби корифейлердің ақынға берген шынайы бағасы. Белгілі ақын, мәдениеттанушы Әуезхан Қодардың «Ұлт әдебиетінің генералы» деген пікірі де жылдар бойы еткен еңбектің өтеуі. Әр жылдары Шыңғыс Айтматов, Олжас Сүлейменов, Рымғали Нұрғали, Сайын Мұратбеков сияқты қадау-қадау тұлғалар ақын шығармашылығы жайлы лебіздерін білдірді. Бұл да ақын өзі жазғанындай «Атағы жоқ Есениндер... Жын қысқан...» кездерінен бастап, асқаралы сөз айтатын ардақты уақытқа дейінгі аралықтағы дегдарлық пен парасатты кезеңдердің көрінісі. Кезінде Алматы облысы, Ұйғыр ауданы, Диқан ауылынан арман қуып шығып, бүгінде Алты Алаштың ардақтысына айналған ақын өзін қазақ ұлтынан, елінен бөліп қараған емес. Қазақ руханиятының қарашаңырағы Қазақ ұлттық университетін бітірген соң алғашқы еңбек жолын «Қазақстан пионері» газетінде әдеби қызметкер болып бастады. Кейіннен Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің репертуарлық-редакциялық коллегиясында редактор, аға редактор, бас редактор қызметтерін абыроймен атқарды. Арада жылдар өткенде, яғни тоқсаныншы жылдары жауапты қызметтердің әрбір сатысынан өткен ақын Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі ХІІ шақырылуының депутаты болып, ұлт саясаты, мәдениет пен тілдерді дамыту мәселелерін көтерді. Ел Тәуелсіздігін алып, егемен ел атанғанда да Нұрлан Мырқасымұлы өзінің азаматтық көзқарасын өлең тілінде де өрнектеді. Ел руханиятының дамуына өзінің азаматтық үлесін қосты. Сондықтан да ақын: Халық дейтін бұзылмас қалыбым бар, Халық дейтін сызылмас анығым бар. Халық дейтін жұқармас тарихым бар, Халық дейтін мұқалмас алыбым бар, – деп «Төрдегі сөз» өлеңінде өзінің азаматтық ойын айтты. Алда алынбас қамалдай, бұзылмас қорғандай болып уақыттың ұлы сұрағы тұрды. Ұлттың ғасырлар бойы қалыптасқан ұлы тарихы болғанымен, сол құндылықтардың бәрін қайта оралту, рухты тірілту мәселесі алғашқы орынға шықты. Байтақ елдің бас газеті «Егемен Қазақстан» газетін басқара жүріп, ұлтқа, елге, халыққа қатысты өзекті мәселелерді дер кезінде жариялады. Елбасымен болған үш сұхбатында да ақын елдік, тұтастық, тәуелсіздік ұғымдарын халық санасына сіңіруге ықпал етті. «Уақыт жүктеген аманат бар», «Елдің жайы мені қатты мазалайды», «Арқа сүйерім – халықтың үміті мен сенімі» деп аталатын үш сұхбаттағы айтқан Елбасының ойлары да, Елбасына қойылған сұрақтар да күні бүгінге дейін өзінің маңызын жойған жоқ. Ақынның Елбасына қойған әдебиет пен өнер жайлы сауалдарына Нұрсұлтан Әбішұлының «Өнерсіз елдің өрісі тар екені рас. Әсіресе, бұл оңы-солын енді-енді ажыратып, әлемдік алып кеңістікке жаңадан шыға бастаған қазақ жұрты үшін, қазақ этносы үшін мәдениет пен әдебиет өзін сақтаудың, өткенін қызғыштай қорудың, әдет пен салт-дәстүрлерін өлтіріп алмаудың, ұлтты, халықты ертеңге аманаттаудың бірден-бір жолы» деген сөзі де ұлтқа қатысты ұлағатты байлам еді. Содан бері талай уақыт өтті, кезеңдер көшті. Бірақ мемлекеттің әдебиет пен мәдениетке қатысты қамқорлығы Елбасы айтқан пікірдің аясында қалыптасты. Елбасымен сұхбат үстінде ақын көңіл түкпірінде жүрген кенен ойды жасырмай айтады. Әңгіме барысында ақын «Елдік тұтастығымызды қойып, ұлт, халық ретінде ойлаудан айырылып қала жаздағанымыз да өтірік емес қой...» – деп, тарих тұңғиығынан сыр тартады. Ал Нұрсұлтан Әбішұлы да өзінің ақиқат көзқарасын ашып айтып, тарих туралы толғанысын баяндайды. «Басқасын айтпағанда, 20-жылдар мен 32-34 жылдар аралығындағы қолдан жасалған аштықты қалай аттап өтуге болады? Бұл нағыз геноцид қой. Мен солай деп ойлаймын... Ал енді, Қазақстанды мемлекет деп жариялай отырып, сол ел басшыларының көзін бақырайтып қойып, тізеге салып, Кеңестер Одағының тұсында Қазақстан жерінің – ұлы Абай дүниеге келген қасиетті топырақтың атом қаруын сынайтын полигонға айналдырылуын не деуге болады? Мұның төркінінде не жатқанын дәлелдеудің қажеті шамалы. Бір сөзбен айтқанда, осының өзі империялық жүгенсіздік пен зорлықтың айғағы емес пе?!» – деп, Елбасы өзінің елдік, ұлттық тұлға екенін көрсетеді. Әрине, көкейде жатқан ой көп. Сол ойды білімдарлықпен, парасатпен ұштастыра отырып жеткізу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Елбасының сұхбатта айтылған «Менің балаларым мен ертеңгі ұрпағыма Абайдан артық, Абайдан ұлы, Абайдан киелі ұғым болмауға тиіс» деген сөзі де бұл ойымызды нақтылай түседі. «Ұлы тұлғалары мен айбынды перзенттері көп елдің атағы да, абыройы да қашанда биік болады. Абылайды ұлы ханымыз деуден, Тұрарды түркі жұртының басын біріктіруге ұмтылған ұлы тұлғамыз деуден, Ахмет Байтұрсыновты ұлтымыздың айбынды көсемі деуден, Мағжанды ұлы ақынымыз деуден жасқанып, қорқып, тіліміздің байланып келгенін бүгін екінің бірі біледі» деуі де Елбасының асқан парасат, білім иесі екенін көрсетеді. Сол тоқсаныншы жылдардың орта шенінде де экономикалық жағдай тұрақтала қоймаған еді. Әсіресе, қазақ әдебиетінің қарашаңырағы Қазақстан Жазушылар одағына бұл қиындық әсер етпей қойған жоқ. Тоқсаныншы жылдары әдебиетке келген буынның өкілдері өлеңді сақтап қалу үшін Одақтың айналасына топтасты. Әрине, өлеңнен қол үзіп, өзге жаққа тағдырын бұрғандар да болды. Осы тұста Одақ басшылығына Нұрлан Оразалин келіп, уығы қыдырып, шаңырағы шайқалып тұрған қарашаңырақты сақтап қалуға атсалысты. Іргетасын Сәкен Сейфуллин сияқты алыптар қалап, кезінде Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Әбділда Тәжібаев, Жұбан Молдағалиев, Олжас Сүлейменов сияқты көрнекті тұлғалар басқарған рухани шаңырақтың шырайын кіргізіп, ақындар­дың арман-мұратымен санасып отыру да қайраткерлікті талап етеді. Нұрлан Мырқасымұлы өзінің бар абырой-беделін салып, пайымы мен парасатын пайдаланып, ұлылардың ізі қалған ұлы мекенді көздің қарашығындай қорғады. Ал жаңа ғасыр басында  Талғат Ешенұлы, Дәурен Берікқажыұлы, Әлібек­ Шегебай, Танакөз Толқынқызы секілді өте дарынды  отызға тарта жас ақын-жазушыларды Одақ мүшелігіне қабылдап, сенім артты. Бүгінгі таңда сол сенім ақталып, олар қазақтың бір-бір қаламгеріне айналды. Қазақ өлеңіне, әдебиетіне қызмет етіп келеді. Әрине, Жазушылар одағын басқарып келе жатқан жылдары Нұрлан Оразалин туралы түрлі әңгімелер айтылды. Бірақ барлық мәселеге парасат биігінен қарап қалыптасқан ақын қарашаңырақты нығайта түсті. Одақта өткен дәстүрлі әдеби жиындарда, құрылтайларда, жыл қорытындыларында қалыптасқан қаламгерлермен қатар жас ақындарды да ерекше бақылауға алып, оларға қамқорлық көрсетті. Нұрлан Оразалин елдік, ұлттық мүдде жолындағы күрестен сырт қалған емес. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Сенат депутаты болып тағайындалғанда да осы сенім үдесінен шықты. Қаламгерлердің талай жылдан бері жан ауруына айналған қаламақы мәселесін көтеруге бастамашы болды. Қарашаңырақтың қамын ойлап, қаламгерлердің қасиетін бағалады. Халқымызда ақсүйектік, бекзаттық қасиет ежелден бар. Алқалы топтың алдында төгіліп сөйлейтін шешен тіл, көсіліп толғайтын көсем ой Нұрлан Мырқасымұлының да бойына дарыған. Ақындық болмысында да, азаматтық келбетінде де осы қасиет менмұндалап тұрады. Ақынның шығармашылығы да, азаматтық қайраткерлігі де  көпті көрген абыз қариядай мерейлі сипатқа ие. Ол өлеңде де, өмірде де – сенатор. Асқақтықпен астастырып жырлаған жырлары, ұлтына, қазағына айтқан сырлары осыны көрсетеді. Жалпы сенатор сөзі – үстемдік тұрпатқа ие «қамқор әке» деген мағынаны білдіреді. Ежелгі Римдіктер сенатор сөзін осындай кең түсінікте,  мәнді тұрғыда тұтынғанын бағамдаймыз. Ал әкенің қамқорлығы өмір бойы перзентке жылу болып өтетіні ақиқат. Жан жылуынан бөлінген шұғыла шартарапқа тарап, иесін бір көркем болмысты күйге бөлейді. Яғни, бұл сөздің мағынасын түптеп келгенде  тек саяси лауазымды  қызмет түрі ғана деп емес, кісіліктің, адамдықтың, азаматтықтың үлгісі деп қабылдауға болады. Өмірде асқар тауға баланған әкенің қамқорлығындай қасиетті нәрсе жоқ. Жаныңды жылытып, көңіліңді көркемдейтін бір сәттік назары тағдырдың тосын арнаға бұрылуына, жақсылықтың жолаушысы болуға септігін тигізеді. «Жақсы әкенің аты балаға қырық жыл азық» деген де сөз бар. Нұрлан Мырқасымұлы әдебиет әлеміне имене басып кірген талай жас талантқа хас талантқа лайық мінез танытып, әкелік қамқорлық көрсетті. Кітаптарының шығып, көркемсөз әлемінде өзіндік әуен қалыптастыруға ықпал етті. Қаншама жас қаламгерлердің баспаналы болуына қол ұшын созды. Бұл тұрғыдан имандылық иірімдерін, кісілік келбетін меңгерген тұлғаларды да сенатор деуге негіз бар. Нұрлан Оразалин ұлт абыройын асқақтатқан оқиғалардан да, ел намысын жыртқан тұлғалардан да ойын аулақ салған жоқ. Қайта жауапты қызметтер атқара жүріп, өлеңін өлтірмеді. Өзінің азаматтық сөзін айтты. Ақынның «Абай биігі – ұлт биігі», «Махамбет мәңгілігі», Төле би туралы жазылған «Ұлтына ұстаз болған ұлы би», «Әлихан Бөкейхан. Алаш мұраты» және тағы да басқа көсемсөздері тәуелсіз еліміздің рухани кемелденуіне ықпал етті. «Абай өлеңдері – өміртануға көмектесетін ойдың, парасаттың дәрісі. Бұл кез келген буын өкілінің жанына терең бойлайтын мәңгілік дүниенің үзілмес сабағы» деген пікірі де парасаттың, пайымның нақты үлгісін көрсетеді. Ақын жаны қашанда ақиқатқа құштар. Ақиқат болғанда біреуді қаралау, кісіге күйе жағу емес, кәдімгі адамзатқа ортақ ақиқат. Фәни мен бақи арасындағы ұлы ақиқат, ғарыш, аспан ұғымдары, ғасыр туралы толғамның бәрі де ақын шығармашылығының негізгі өзегі. Қасым Аманжолов «Өкінбен мен де бір күн өлемін деп» дегенде де, пендешіліктен биік тұрған парасатын көрсеткен болатын. Бұл шын ақындарға тән құбылыс болса керек. Біз өлмейміз! Өлмейміз... Өлтіргісі келгендерге көнбейміз. Қара жер мен қара аспанды жалғаймыз, Құбыладан соғар мәңгі желдейміз, – деп асқақ сөйлегенде де, Нұрлан ақын пенделіктен парасаттың артық екенін көрсетеді. Уақыт пен табиғат талантты тудырады, азаматты қалыптастырады.Тәуелсіз еліміздің тұңғыш Президенті халыққа жолдаған «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты еңбегінде «Адам баласы – шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі.Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп  өтпейтін жан болмайды» – деген еді.  Ал жүрегінде әлдилеп, өзегінде өріліп тұрған ойды боямасыз жеткізу, ақ пен қараның айқасын жан түкпіріндегі нәзік сәуле арқылы сезіну ақиқатқа бастайды. Ақынның ақкөйлек болмысы да, парасатты ғибраты да өзінің ішкі ойынан бастау алады. Ол болмыс – Тәңіртаудай тәкаппар, Тәңіртаудай асқақ. Себебі ер жеріне тартып туар!  

  Маралтай Ыбыраев