Жаңалықтар

Тоқтар Жақаш: Қазіргі телеарналар тәрбие құралы емес, сайқымазаққа айналды

ашық дереккөзі

Тоқтар Жақаш: Қазіргі телеарналар тәрбие құралы емес, сайқымазаққа айналды

Қазақстандық телеарналарда 15 жылдан астам жұмыс істеген, алғашқы еңбек жолын КТК телеарнасынан бастаған Тоқтар Жақаш мырзаның қазіргі телеарналардағы ақпараттық саясат туралы айтары мол. Тоқтар Жақашпен арамыздағы әңгіме қазақтілді телеарналардағы ақпараттық саясат мәселесіне арналды.

–  Тоқтар аға, соңғы кездері телеарнаның ыстығына күйіп, суығына тоңған біраз телеқайраткер жұмыссыз қалып жатыр. Осыдан біраз уақыт бұрын «Хабар» арнасында продюсер қызметін атқарған Арман Сқабылұлы, Серік Абас-Шах секілді майталмандар қазір жұмыссыз жүр. Бұның сырын айтып бере аласыз ба?

–Мемлекеттік телеарналарда кәсіби журналистиканың қоясын ақтарған адамдар өте сирек. Бүгінгі басшылық сондай, алтынға айырбасталмайтын қызметкерлерді бағалай алмай отыр. Күндіз шамның жарығымен іздеп таппайтын құнды кадрдан айырылу - қазіргі телеарна топ-менеджментінің ең басты қателігі. Өйткені, телеарна басшылығы  көп жағдайда ішкі интрига мен өздерінің жеке амбициясынан аса алмайды. Ұлттық, мемлекеттік мүддені өздерінің бір күндік, бір сәттік амбициясына жығып бере салады. Ал мемлекеттік саясатқа сай, халықтың сұранымына жауап беретін, тұщымды бағдарламалардың жоқтығын да осындай кадрлық "солақайлықтан" іздеген жөн. Қазіргі кәсіби мамандардың басым көпшілігі бос жүр. Ол тек Серік Абас-Шах, Арман Сқабылұлы, Дина Төлекова ғана емес. Жұмыссыз қалған кәсіби мамандардың ұзын-ұзақ тізімін жасап беруге болады. Бір кездері қазақ тележурналистикасының жұлдызына айналған Дана Нұржігіт қайда? Қазақ басшылығына "қажетсіз" болып қалғандықтан, КТК телеарнасында орыс тілінде бағдарлама жүргізуге көшкен. Камалия Байтілеу қайда? Жүргізушіліктен ақырын-ақырын ысырылып, соңында бір телеарнаның жарнама бөліміне ауыстырылды. Жүргізуші мен пиардың арасы соншалықты жақын ба еді? Кісінің күлкісін келтіреді. Камалия қазір ол жерден кетіп қалыпты. Былайша айтқанда, тележурналистиканың элитасын тарыдай тоздыруға қадам жасалуда. Өйткені, бүгінде кәсіби мамандардың емес, Абайдың Мәнкісінің заманы туды. "Солай ма, Мәнкі?" десе, "солай!" деп жауап беретіндер ғана қажет...

–  Менің білуімше, шетелдік телеарналарды қарап отырсаңыз, оны жүргізушілердің көбі, әсіресе саяси-экономикалық, сараптамалық бағдарламаларды, ток-шоуларды жүргізушілердің жасы қырық, елуді еңсеріп, тіпті алпысты алқымдап қалған адамдар. Өйткені олар жасаған сараптамалар өте жан-жақты әрі салмақты болады деген түсінік қалыптасқан. Ал бізде керісінше, жастарға көбірек иек сүйейміз.

–Бұл – біздің телеарналардағы ең басты қателіктердің бірі. Телевидение тілінде өмірлік тәжірибесі жоқ жүргізушілерді «говорящая голова» деп атайды. Өйткені, олардың көбі жазып берген мәтінді суфлер арқылы ғана оқып береді. Ал Қазақстандағы орыс тележурналистикасы бұл үрдістен айныған жоқ. Мәселен, Артур Платонов "Слуги народа",  ал Пономарев күні кешеге дейін КТК арнасындағы «Портрет недели» бағдарламасын жүргізіп келді. Олардың сөзіне көрермен көпшілік иланады. Өйткені, кез келген мәселеге сарабдал түрде сараптама жасай білетін жастағы адамдар. Ал біздің қазақ телеарналары неге екенін білмеймін, ондай бағдарламаларды аузынан ана сүті кеппеген, университетті де бітірмеген жас балаларға сеніп тапсырады. Одан кімнің не ұтатынын телеарна басшылары ғана біледі.

–  Қазір қазақ телеарналарында сараптамалық бағдарламалар, ток-шоулар жоққа тән. Жаңа өзіңіз айтып өттіңіз, 2007 жылға дейін телеарналарда сараптамалық бағдарламалардың шоғыры қалыптасқан еді. Телеөнімдер қоғамдық пікірді қалыптастырушы күшке айнала бастаған болатын. Алайда, неге екенін кім біледі, соңғы кездері ондай бағдарламалардың орнын сайқымазақ бағдарламалар басып кетті.

– Бағдарламалар сапасының төмендігіне – рейтинг қуған аутсорсингтің де әсері зор. Жалпы, әлемдік тәжірибеде бағдарламалар өндірісін аутсорсингке берген өте дұрыс. Бірақ бізде аутсорсингтің өзі заңмен реттелмеген. Мемлекеттік тапсырыс болса да, "ҚР Мемлекеттік сатып алулар туралы" заңына бағынбайды. Яғни, айналып келгенде, қыруар қаржы жең ұшынан жалғасқан жемқорлық арқылы "өзі әдемі, көзі әдемі" тамыр-таныстарға ғана үлестіріледі. Мысалы, сіз де аутсорсингке бағдарлама алуға тырысып көріңізші. Маңайына жолатпайды! Көз алдау үшін құрылған "қоғамдық комиссия", "Көркемік Кеңес" дегендердің отырысы қашан, қай күні болатынын білмейсіз де. Байқаудың талаптары мен шарттары баспасөзде жарияланбайды. Сонда бұл неғылған "құпия"? Тіпті, мемлекеттік құпиядан да құпиялау дүние өзі. Былтыр мен осы тақырыпта журналистік зерттеу жүргізген едім. Үлкен резонанс туды. Бірақ айналып келгенде, күткендегідей нәтижесін көрген жоқпыз. Бұл мәселені мен биыл да назарда ұстап, міндетті түрде баспасөзде  жариялайтын болам. Яғни, біз дәл осы аутсорсинг мәселесі бойынша алты басты айдаһардың басын кесіп тастамасақ – қазақ тележурналистикасының көрі де алыста емес.

«Хабар» телеарнасында «Жеті күн», «Қазақстан» арнасында «Апта», «7 каналда» «Біздің уақыт», «Астана» арнасында «Нысана» секілді саусақпен санарлық бірнеше ақпараттық-сараптамалық бағдарлама ғана бар.  «Хабар» мен «Қазақстан» телеарнасын түсінуге болады, олар мемлекеттің саясатын насихаттайды, жақсы жаңалықтарды сараптайды, ал «Нысана» мен «Біздің уақыт» мәселенің әлеуметтік жағына көбірек назар аударады, әрі олардың көрермені жоқ деп айта алмас едім.

Қалғаны тек көңіл көтеретін бағдарламаларымен эфирді құр толтырып отыр. Бұрын коммерциялық теларнаның біразында қазақтіліндегі сараптамалық бағдарламалар болған еді. Мәселен, КТК арнасында «Шарайна», «Алаң жұрт», «31 каналда» «Дода», «Еркін сөз», т.б. Алайда, телеарна әкімшілігі бұндай сараптамалық бағдарламалардан бас тартып, «біз коммерциялық телеарна болғаннан кейін, бізге жарнама әкелмейді, тиімсіз, рейтингі жоқ» дегенді желеу етіп, жауып тастады.

–  Ол рейтингті кім жүргізеді?

–Телеарналардың барлығы «Геллап-Медианың» рейтинг көрсеткішіне тәуелді. Телеарнаға жарнама берушілер алдымен сол компанияның көрсеткіштеріне назар аударады. Осы компанияның рейтингтік көрсеткіштеріне назар аударсаңыз, «Еуразия1»телеарнасы үнемі көш бастап келеді.

Гэллап болса, пиплметр деген құрал арқылы кімнің қай арнаны, қайсы бағдарламаны көп көретінін "анықтайды". Бірақ оның нақты дерегі күмән тудырады. Өйткені, пиплметрдің қай қалада, қандай тілді отбасыға, тіпті кімге тағылғаны белгісіз. Сондықтан, рейтингтің белгілі бір жарнаға тәуелді болуы, телеарналармен "жең ұшынан жалғасуы" да әбден мүмкін. Білуімізше, Гэллап 100 мыңнан кем тұрғыны бар қалаларда ондай зерттеу жүргізбейді. Яғни, қазақ халқының 45 пайызы қоныстанған ауылдар мен елдімекендер мүлдем ескерусіз қалады. Айналып келгенде, монополист Гэллаптың кесірі – мемлекеттің тіл туралы заңына кесірін тигізіп отыр. Мен осы компанияға бірнеше рет сауалнама жолдап, пиплметрді кімдерге беретінін анықтауға талпынып көрдім, алайда олар менің өтінішіме құлақ аспады. Бізде өкінішке орай, мемлекеттік тілдегі хабарлардың рейтингін жасайтын арнайы агенттік жоқ.

Сондықтан, "Нұр-Медиа" жанынан қазақ тілді аудиторияның пікірі мен қазақ бағдарламаларының рейтингін түзетін мемлекеттік, керек десеңіз Ұлттық медиаөлшем құратын уақыт жетті. Еуразия, 31-арна, КТК, НТК, Отырар, ТДК сияқты арналардың орыстілді бағдарламаларына жел бітірген Гэллаптың әуселесі сонда белгілі болар еді. Демек, мемлекеттің телеарна саясатына реттеуі керек мәселесі әлі де болса шаш етектен.

– Соңғы жылдары ұлттық немесе мемлекеттік телеарналарда бір үрдіс пайда болды. Есіңізде болса, Ғалым Доскен басшылық етіп тұрған кезде «Қазақстан» телеарнасы қазақ тілінде өте жақсы өнімдерді бере бастады және телеарнаның рейтингісі әжептәуір өсті. Алайда, ондағы басшылықтың орнынан кетуіне байланысты арнаның 120 қызметкері бір күнде жұмыстан кетті. Сондай жағдай осыдан екі-үш жыл бұрын «Алматы» телеарнасында қайталанды. Онда да телеарнаның ақпараттық саясатына Алматы қалалық әкімшілігің араласуы салдарынан қырықтан астам журналист телеарнаны тастауға мәжбүр болды. «Алматы» арнасы да әжептәуір ұлттық сараптамалық бағдарламаларымен ерекшеленетін еді. Бұл не ұлттық рухқа деген қарсылық па?

– Осы әңгімені ары қарай өрбітер болсам, сол «Алматы» телеарнасындағы оқиғадан кейін, мен сонда бас продюсер болып бардым. Сол кезде менің түйгенім, қазақ журналистикасына орыстілді билік мән бермейді. Санаспайды. Олар тек саяси науқан кезінде ғана көңіл бөледі. Мен «Алматы» арнасына барғаннан кейін, біраз жобаларды ұсындым. Алайда, телеарна муниципиалитетке қарағандықтан,  тек қана мемлекеттік тапсырыстарды орындау туралы талап қойды. Ол дегеніміз не? Қаланың тек күнгей бетін ғана насихаттау, ешқандай сыни ақпаратқа жол бермеу. Бұрынғы команда қаланың коммуналдық қызметін сынай алатын болса, бізге оған да рұхсат етілмеді. Яғни, телеарнаның саясаты әкімнің табанының астында қалды.

– Өткенде бір топ фейсбук пайдаланушысы «Еуразия1» арнасын сынға алып, онда ұлттық саясаттың мүлдем жүргізілмейтіндігі, қазақтілді бағдарламалардың прайм-таймға қойылмайтындығы, қойылған күннің өзінде ол «Тілдер туралы» заңның талаптарын орындамайтындығы туралы, оған бөлініп жатқан қаржының бір бөлігі салық төлеушілердің қалтасынан төленетінін, алайда олардың салық төлеушілердің пікірін ескермей отырғандығын жазған еді. Сол топтың бастамашысы ретінде, жалпы, Қазақстандағы телеақпараттық саясат туралы не айтар едіңіз?

– «Еуразия» телеарнасы бұрын Рахат Әлиевтің «Алма-медиа» холдингіне енген еді. Кейін оны мемлекет қайта сатып алды. Бірақ, елге белгілі кланның адамдары осы телеарнаның басшылық орындарында қалып кетті. Оған сырттан дем берушілер әлі бар. Телеарна басшысы С.Киселев қазақтілді бағдарламаларды түннің бір уағына қояды. Байқасаңыз, ол жерде тек орыстілді бағдарламалардың сапасына мән беріледі. Қазақ тілінде іліп аларлық ештеңе таппайсыз. Жалпы, коммерциялық телеарналарда ұлттың мұң-мұқтажы ешкімді толғандырмайды. Оның үстіне биліктегілердің бәрі орыстілді. Олардың көңілінен шығатын өгізді де өлтірмес, арбаны да сындырмас бағдарламалар болса жетіп жатыр. Өйткені, телеарналарда қазақтілді бағдарламалар көбейіп, жұрттың бәрі қазақтіліне бет бұрып кететін болса, олардың өзі түгілі қазақ тіліне мұрнын шүйіріп қарайтын балалары да аш қалатын түрі бар.

– Қазіргі қазақ телеарналарының бет-бейнесі жайында қысқаша айтып өтсеңіз...

– Мемлекеттік телеарналардың бағдарламаларының көбі арзан ойын-күлкіге құрылып кетті. Даңғаза ток-шоулардан көрермендер жалығып, мезі болып бітті. Андрей Малаховтың «Пусть говорят» секілді жұртты жалықтырмайтын ток-шоулар жоқтың қасы. Сосын әншілерден аяқ алып жүргісіз.

Қазақ телеарналарында сайқымазақтың жұлдызы жанып тұр. Ырбық-ырбық қылжақ кімге дәрі? Телеарна басшыларының рухани деңгейі сол ғана ма, әлде, жастарды жындысүрейге айналдырудың тиімді тәсілі ме? Мүмкін, "әйтеуір, эфирді толтырсақ" деген далбаса ма? Ондай болған күннің өзінде сапасы өзгермейтін "Қазақша КВН", "Жайдарман" дегендерді НТК, ХитТВ сияқты даңғаза арналарға көшіру қажет! Ұлттық арнаның ұлттық, мемлекеттік ұстамына мұндай бағдарламалар лайық емес деп санаймын. Өз басым, ержеткен ұлдарыма осы сайқымазақтарды көрсетпеймін. Сайқымазақтың ушыққаны соншалықты енді "Хабарда" "Пәленшеевтер", НТКда тағы бірдеңе деген комедия мен сатираға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын "комедиялар" қосылыпты. Арзанқол, мағынасыз, іші қуыс идеологиямен ауызданған жастардан ертең кім өсіп шығады? Олар ұлттық, мемлекеттік құндылықтарды әлемдік деңгейде насихаттап, қорғай ала ма? Ендеше, мына екпінімізбен – сайқымазақ пен бос қылжақты бірте-бірте ұлттық мәдениетімізге айналдырып жатқан жоқпыз ба? Тіпті, ащырақ айтсақ – бұл сайқымазақтардан гөрі порнография көрсеткен әлдеқайда дұрысырақ шығар?! Ең болмаса эстетикалық ләззат аламыз.Бұның барлығының қазақ халқына зияны болмаса, пайдасы жоқ.

Демек, телеарналардың бүгінгі сиқын жөнге салу үшін, билікте қазақтілді буын қалыптасуы керек.

–Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Есенгүл КӘПҚЫЗЫ