Жаңалықтар

Алматылық мүгедектердің қоғамдық нысандарға кіріп-шығуы мұң

ашық дереккөзі

Алматылық мүгедектердің қоғамдық нысандарға кіріп-шығуы мұң

Алматыдағы нысандар әлі де мүгедектердің кіріп-шығуына икемделмей келеді. Медеу ауданы әкімдігі өкілдері дәмхана, қонақ үй мен саябақты аралады. Үш нысанда толықтай жарымжандарға жарытып жағдай жасамаған. Ал жалпы осы уақытқа дейін 1000-ға жуық жеке және заңды тұлғаға олқылықтың орнын толтыру керектігі туралы хабарлама таратылған. Кәсіп иелеріне екі апта уақыт берілді, деп хабарлайды "Алматы" телеарнасы.  Медеу ауданының әкімдігі бастаған комиссия Абай даңғылы бойындағы нысандардың мүгедек келушілерге икемділігін тексерді. Алғаш бас сұқсан дәмханада пандус атымен жоқ. Ал кейінгісі оны 3 күн бұрын салып бастаған екен. Бірақ ол биік болғандықтан, мүмкіндігі шектеулі жанның төмен түсуіне қолайсыз екендігі анықталды. Пандусты көзбояушылық емес, жаны ашығандықтан салғанын айтқан кәсіпкер олқылықтың орнын толтырамын деп білек сыбанып отыр. Барлық жұмыстарды аяқтауға әкімдік 2 апта уақыт берді. «Пандусты салар бұрын әкімдікпен ақылдасқан едік. Тек кейін белгіленген стандарттар қайтадан жаңарыпты. Кішкене биік болып кетіпті. Оны біршама төмендетеміз. Ұстағыш саламыз. Барынша мүгедектерге жағдай жасаймыз. Жұмыстар әлі біткен жоқ», - деді мердігер компания басшысының орынбасары Анатолий ГАБРИЛЬЯН. Одан кейінгі нысан - қонақ үй. Оның әкімшілігі мүгедектер мұнда келмейді деп шешсе керек, мүлде жағдай жасамаған. Нысанның өкілі де баспалдақтарды икемдеуге уәде етті. Ал 26 жылдан бері арбаға таңылған Игорь Петренко Алматыда нысандарға кіріп-шығу кезінде қиындыққа жиі тап болатынын айтып отыр. Бүгінде Абай бойындағы өзі қалаған ғимараттардың табалдырығын аттай алмады. «Бізде қыдырып, баратын жерімізге ешкімнің көмегінсіз барғымыз келеді. Бірақ қалада олай жүру мүмкін емес. Бір нысандар жағдай жасайды, ал енді біреулері оған аса мән бермейді. Дүкендерді, мысалы, адамдар үшін ашты. Бізде керек-жарағымызды алсақ дейміз. Бірақ көп жағдайда пандустар дұрыс жасалмаған», - деді Медеу аудандық «Ерікті мүгедектер» қоғамының өкілі Игорь ПЕТРЕНКО. «Соңғы уақытта кәсіпкерлер мүгедектердің жағдайына көбірек қарайласатын болды. Пандус мәселесіне келгенде, соны байқаймыз. Тек кейбір мекемелер белгіленген стандарттарды ұмытып, ыңғайсыз етіп салып тастайды. Енді біреулері мониторинг жүргізіп, мүгедектер келмеген соң салмаймыз дейді. Сол үшін комиссия құрдық. Барлық нысан мүгедек үшін қолжетімді болуы керек», - деді Медеу аудандық «Ерікті мүгедектер» қоғамының төрайымы Любовь КЛИМКО. Елімізде биыл кәсіпкерлікпен айналысатын жеке тұлғалар және заңды тұлғалар мүгедектерге кедергісіз аймақ жағдайын қамтамасыз етуге міндеттелген. Медеу ауданында 2 бақ пен 18 сквер бар. Олардың да мүмкіндігі шектеулі жандарға кедергісіздігін анықтау жұмысы да жүргізілді.