Алматыдан Сенат депутаттығына үміткерлер анықталды
Алматыдан Сенат депутаттығына үміткерлер анықталды
Алматы қалалық сайлау комиссиясында аталған өңірден ҚР Парламенті Сенатының депутаттығына кімдер үміткер екендігі жарияланды, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.
8 маусымда ҚР Парламенті Сенатына депутат болуға үміт білдіргендерді тіркеу аяқталды. Алматы қаласынан үміт білдірген 8 адамның үшеуінің ұсынысы тіркелді.
«8 үміткердің арасынан 2 адамның салық декларациясында келіспеушіліктер болды. Сол үшін олар тіркеуге ілінбеді. 3 адам қажетті құжаттарды әкелмеген. Заңға сәйкес үміткердің жасы 30-дан асқан әрі ол Алматыда 3 жылдан аса өмір сүрген болуы тиіс. 10 жыл Қазақстан азаматы болуы керек. Тіркелу үшін үміткер өзі мен жарына декларация толтыру керек. 366 000 теңге көлемінде сайлау салымын енгізу керек», – деді Алматы қалалық сайлау комиссиясының төрайымы Жанна Асанова.
Нәтижесінде депутаттық креслоға Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының ректоры Динар Нөкетаева, «Элитстрой» ЖШС бас директоры Алексей Балаганский, «Stamp services» компаниясының бас директоры Шуақов Бекзат таласатын болды.
ҚР Парламент Сенаты депутатының өкілеттігі 6 жыл. Алматыдан 1 депутат сайланады. Үгіт-насихат кезеңі 27 маусымға дейін жалғасады. Мамандар үгіт-насихат жұмыстарына қандай қаржы жұмсалатын айтып өтті. «Үгіт-насихат жұмыстарына, атап айтқанда, телеарналар мен баспасөздегі жарияланымдар үшін 1 үміткерге 420 000 теңге бөлінеді.
Сондай-ақ, үміткер өзінің сайлау қорын аша алады. Оған ең көп дегенде 700 айлық есебінде ақша салынады. Оның ішінде үміткердің өз қаржысы 200 ең аз мөлшерлі жалақы көлемінде, ал ұйымдардың берген қаржысы 500 ең аз мөлшерлі жалақы көлемінде болуы тиіс», – деді Жанна Асанова. Сайлау 28 маусымда болады. ҚР Парламенті Сенатының депутаттарын мәслихат депутаттары құпия дауыс беру арқылы сайлайды.