Жаңалықтар

ЭКСПО-2017: Ұлттық құндылықты паш ететін алаң

ашық дереккөзі

ЭКСПО-2017: Ұлттық құндылықты паш ететін алаң

Екі күннен кейін Астанада ЭКСПО-2017 көрмесінің байрағы көтеріліп, әуені асқақтайды. Қазақ көрме мен жәрмеңкемен бүгін ғана танысып отырған жоқ. Әсіресе, көшпенділер мәдениетінде бұл кәдуілгі көрініске айналған. Керек-жарақты сатып немесе айырбастап күнелткен тұста да жәрмеңкенің пайдасы көп болғаны айтпаса да түсінікті. Ал қазіргі кезде өзгерген нәрсе біреу ғана, ол – пайда табудан бөлек, еліміздің рухани құндылығын паш ету. Дүйім жұрт ауқымды өзгеріс күткен ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің басты қағидасы да осы болуы шарт. Рухани құндылық дегеннен шығады, «1868 жылы Парижде өткен дүниежүзілік көрмеге негізінен қандай көзтартар дүние қойылды?» деп таңырқауыңыз мүмкін. Бәлкім, бұл көрменің көркін бағалы заттар, құнды жәдігерлер келтірген шығар?! Жоқ. Сол кездің өзінде ұлттық бояу, ұлттық реңкке ерекше екпін түсірген көрменің төрінен ұлттық киімдер ойып тұрып орын алған. Иә, рухани құндылықтың артында ұлтқа қатысты дүниенің бәрі жатқан жоқ па?! Ол – ұлттық киім, ол – ұлттық әуен, ол – ұлттық аспап, ол – ұлттық нақыш, ол – ұлттық әдет-ғұрып, ол – ұлттық дәстүр, тағысын тағы. Егер біз өткенімізді түгендеп, барымызды бағаламасақ, оны болашаққа мирас етіп, аманаттамасақ, елдігімізге сын. Жалпы, көрме белгілі бір қоғамның, яғни тұтас мемлекеттің материалдық және рухани жетістігін көпшілікке көрсету. Заман көшіне ілескен инновациялық технологияларды паш етуден бөлек, сол елдің болмыс-бітімін көрсететін рухани мұрасы да аңқып тұруы абзал. Осы тұрғыда 10 маусымда есігін айқара ашатын ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің берер мүмкіндігі мол. Қазақтың сонау көшпелі өмірінен бүгінге жеткен асыл қазынасы, бай мұрасы, ол – салт-дәстүрі мен ұлттық нақыштағы бұйымдары. Арнайы ашылатын этноауылдар қазақ халқының байырғы тіршілігінен сыр шертеді. Сондықтан да қайсыбір шебердің қолынан шыққан кез келген өнер туындысы көрменің төрінен орын алуға лайық. Әрі шетелдіктердің де назары сүйіспеншілік пен махаббаттан жасалған, адал еңбекпен келген дүниеге ауатыны белгілі. Бұл тұрғыда Астанада үш ай бойы дүркіреп өтетін халықаралық көрмеге еліміздің түкпір-түкпірінен ат басын бұратын қолөнер шеберлеріне артылып отырған жүк те ауыр.