Әблязов: сот маған қандай шешім шығарса да, «бәрібір»

Әблязов: сот маған қандай шешім шығарса да, «бәрібір»

Әблязов: сот маған қандай шешім шығарса да, «бәрібір»
ашық дереккөзі
Шетелде тұратын, Қазақстан президентінің қарсыласы, бұрынғы БТА Банктің басшысы болған Мұхтар Әблязов Азаттыққа қазақстандық соттың шешімі өзіне қызық емес екенін айтты. Алматы соты Әблязовты қылмыстық ұйым құрып, оған жетекшілік етіп, банк қаржысын жымқырды деген айыптар бойынша кінәлі деп тауып, мүлкін тәркілеумен бірге сырттай 20 жылға соттады. Сот үкіміне сәйкес, Әблязовқа үш жыл бойында банк саласында жұмыс істеуге тыйым салған және 300 айлық есептік көрсеткіш бойынша (шамамен 2100 АҚШ доллары) айыппұл төлеуі тиіс. Сотта Әблязовты мемлекет тағайындаған адвокат Анжелика Әжіғұлова қорғады. Үкім шыққаннан кейін Әжіғұлова журналистерге сот шешіміне шағымданатын ниеті барын білдірді. Ал Әблязовтың айтуы бойынша тағайындалған адвокат өзімен байланысқа мүлдем шыққан емес. «Мені қорғап жүрген сыңай танытқан адвокатқа қайта шағымданып әуре болмай-ақ қойыңыз, бәрібір сот шешіміне ешкім сенбейді деп кеңес берер едім. Батысты бұл шешімнің күші жоқ. Сот қандай шешім шығарса да, маған бәрібір. Себебі бұл сот жалған», - деді Әблязов. Сот төрт сотталушыға БТА Банкке келтірген шығынды мемлекетке өндіріп алуды міндеттеді. Барлығы 19 триллион теңге көлемінде (60 миллиард доллар) төлеуі тиіс делінген.