Алтын құйманың ауыр салмағы

Алтын құйманың ауыр салмағы

Алтын құйманың ауыр салмағы
ашық дереккөзі
Таяуда Ұлттық банк алтын құймаларын сатылымға шығарды. Оның қарапайым жұртшылыққа не пайдасы бар деген сауалдың туындауы заңды. Әсілі, бұрын доллар мен еурода депозит ұстап көрмеген халыққа алтын құйманы сатып алудың қыр-сыры қызық емес болар. Десе де алтын құймасын иемденудің пайдасы аз емес. Алтын сатып алу – депозитке ақша салу. Ұлттық банк басшысы Данияр Ақышев мәлімдегендей, бұрын шетелдік валютада депозит болса, оны алтынға аударып алған жөн. Себебі әлемдік экономиканың өзгерістеріне байланысты кез келген шетелдік валютаның құны күн санап құбылып отырады. Айталық, осы айда доллар сатып алған болсаңыз, келесі аптада доллардың құны түседі де, салымыңыз көбеюдің орнына, кеміп қалады. Ал алтынның бағасы басқа металдар мен валюталардың құнына қарағанда анағұрлым тұрақты. Дейтұрғанмен Ұлттық банк басшысы мұнда да жиі өзгерістердің болып тұратынын жасырмады. «Алтын құймаларды сатып алуда әлемдік нарықтағы алтын құны және ұлттық валюта бағамының өзгеруіне байланысты тәуекелдер бар. Алтын қымбаттап немесе арзандап кетуі де мүмкін. Сол себепті азаматтар инвестициялық шешімдерді өз беттерімен қабылдауы тиіс», – деп ескертті Ұлттық банк төрағасы. Демек, бұрын депозит жинауға дағдыланған тұлғалар үшін тағы бір мүмкіндік ашылды. Қазақстан Теңге сарайы жасаған құймалардың салмағы – 10, 20, 30, 50 және 100 грамдық. Әлемдік нарықта алтын унциямен есептелсе де, Қазақстан халқы үшін грамдық өлшем алынып отыр. Алтын құймалардың құны, әлбетте, арзан емес. Салмағына қарай бағасы да еселене түседі, себебі бұл 9999 сынамалы тазартылған қымбат алтын. Сонымен, алтын алам деушілерге 10 грамдық құйма – 127 мың теңге, 20 грамдық құйма – 254 мың, 50 грамдық құйма – 635 мың, 100 грамдық құйма – 1 млн 270 мың теңге. Айтқандай, алтын сатып алуға ешқандай шектеу жоқ. Данияр Ақышевтің айтуынша, құймаларды екінші деңгейлі банктерден сатып алуға болады. «Сіз валютаны сатып алғанда артық төлейсіз, ал сатқанда аз беріледі. Банктер ешбір шектеусіз алғашқы талап бойынша құймаларды сатады немесе сатып ала алады. Құймалар екінші деңгейлі банктерде сатылады», – деді Ұлттық банк төрағасы. Қазіргі уақытта реттеуші алтын құймаларын сату бойынша Халық банк және Еуразия банкімен келісім жасалған екен. Енді Астана, Алматы, Өскемен, Атырау қалаларында сатып алуға болады. Қазірге осы екі банктен басқалары қызығушылық танытпаған көрінеді. Сонда да Ұлттық банк бұл банктермен келіссөз жүргізуді тоқтатқан жоқ. Егер екінші деңгейлі банктер алтын құймасын сатудан бас тартатын болса, онда алтын айырбастау пункттерінің саудасына салынбақ. Бірақ ол үшін қазіргі заңнаманы өзгерту мәселесі туындайды. Теңге сарайы жасаған құймалардың алғашқы сатып алушысы ел президенті – Нұрсұлтан Назарбаев. «Астанадағы Ұлттық банк бөлімінде Президент атына алтын құймалардың барлық түрін – 10 грамнан 100 грамға дейін сатып алуға кассалық кіріс ордері шығарылды. Азаматтарымыз да Елбасынан үлгі алып, алтын құймаларды сатып алады деп үміттенемін», – деп мәлімдеді Данияр Ақышев. Өзі де алдағы уақытта  алтын құйма сатып алмақшы екен. Биыл Ұлттық банктің «ҚҰБ Online» мобильді қосымшасында жаңа «Алтын құймалар» бөлімі ашылғаны туралы құлағдар етті. Онда әрбір пайдаланушы тазартылған алтынның өлшеуіш құймаларын сатып алуға қатысты өзін қызықтыратын мәселеге жауапты шұғыл алуына болады.

Алтынға сұраныс артуы мүмкін

Адамзат тарихында алтын үшін жаға жыртысқандар оқиғасы аз емес. «Алтын көріп, жолдан тайған періштелер» де жетерлік. Сол замандардан бері қанша уақыт өтсе де, алтын құнын жоғалтқан емес. Құнды металдың өмірдегі, өндірістегі пайдасы ұшан-теңіз. Сондықтан болар, бұл металдың құны ешқашан түспейді. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, құнды заттар, әсіресе алтын құймалары банктің арнайы ұяшықтарында сақталады. Алтын сатып алушыларға осы мәселені ескерген жөн. Екіншіден, алтын бағасының әлемдік биржадағы құнын бақылап отырғанды да естен шығармау керек. Айталық, алтын құны көтерілген кезде оны сатып, салынған қаражатты қайтаруға болады. 80-ші жылдардың басында алтынның бір унциясы 850 доллар тұрса, 1996 жылы бұл көрсеткіш 400, ал 2001 жылдары 260-қа дейін арзандап кеткен. Қазір оның бағасы унциясы үшін 1 мың 300 доллар айналасында құбылады. Рас, Royal Bank of Canada сарапшыларының болжамынша, алтын бағасы 2017-2018 жылдары 1 500 долларға дейін өсуі ықтимал. Бұл болжамға кез келген кезде өзгеріс енуі де ғажап емес. Мысалы, 2013 жылы қор нарығында аз уақыт ішінде 1 мың 140 тонна виртуалды алтынның сатылғаны мәлім болғанда, нарық төмен қарай құлдилай жөнелді. Оған қара алтынның құлдырауы әсер еткен. Forex Club сарапшысы Ирина Рогованың пайымдауынша, құнды металдар қай заманда да инвестициялық тартымдылығын жоғалтпайды. Бұған әлемдік экономикадан мысал көп, әрине. Оның ішінде ең танымалы – алтын. «Сондықтан алтынға инвестиция салған адам ұтылмайды, алтын спекуляциясы мүлде болмайды. Бірақ кемінде 3-5-10 жыл ішінде салып отырған абзал», – дейді сарапшы. «Әдетте алтынға инвестиция туралы айтқанда, есімізге бірден алтын әшекейлер түседі. Бірақ бұл алтын монета, құйма, метал шоттар болуы да мүмкін. Дүниежүзіндегі тұрақсыз жағдай өсе берсе, қауіпсіз активтерге, яғни алтынға сұранысты арттырады», – дейді. Қазіргі таңда бұл көріністі АҚШ-тан байқауға болады. «Доллардың қымбатшылығы америкалық экономиканы ұстап тұрған фактор. Сонымен қатар АҚШ балансты азайтатынын мәлімдеді. Демек қарыз берудің құны артады, нәтижесінде қарыздың құны Құрама Штаттар экономикасы үшін ауырлай түседі. Бұл алтынның бағасын көтеруі ықтимал», – деді Ирина Рогова. Былтыр әлемде ең тиімді актив – алтын деп танылған еді. Бірнеше жыл бұрын әлем бойынша құлдыраған алтын 9 пайызға өсіп, 1979 жылдан бері құнды металл бағасының ең жоғарғы нүктесіне жеткен еді. Кейбір сарапшылардың пайымдауынша, қазір алтынға деген сұраныс Батыстан Шығысқа ауып барады. Алтын құйма мен монетаға деген сұраныс Түркияда, Таиландта, Ресейде артқан. Алтын ешқашан өз позициясынан айырылмақ емес. Уолл-стрит биржасында 35 жыл жұмыс істеген, америкалық тәжірибелі экономист Джим Рикардс «Epoch Times» басылымына берген сұхбатында алтынның бір унциясы қымбаттай береді және болашақта 7-9 мың доллар шамасында құбылуы мүмкін деп болжайды. Әлемдік биржаның соңғы мәліметтері бойынша, алтынның 1 унциясы – 1 мың 200-300 доллар. «Бұл өсім бірер сағатта бола қоймайды, бірақ бұл 10 жылды қамтитын да болжам емес. 3-5 жыл көлеміндегі болжам бойынша, баға 5-6 есе өсуі тиіс» деді сарапшы. Олай болса, отандық құймаларға да сұраныс артуы мүмкін.