Әлем сахнасын бағындырған Рахат-Би
Әлем сахнасын бағындырған Рахат-Би
18 жасында магистр атанды
Қазақ ұлттық өнер университетінің «Шабыт» өнер сарайында 18 жасқа жаңа ғана толған жас студент магистр жұмысын қорғады. Өнер университетінің жас дарынды студенті Рахат-би Әбдісағын «Композиция» мамандығы бойынша өнертану ғылымдарының магистрлік диссертациясын жемісті қорғап, мемлекеттік комиссия мүшелерінің өте жоғары бағасына ие болды. Рахат-Би Әбдісағынның магистрлік жұмысы «Заманауи композиторлық техникалар және ХХІ ғасырдағы Қазақстан композиторларының музыкасы» деген тақырыпта жазылған. Жұмыстың негізгі мақсаты заманауи техникаларды зерттеп, үстіміздегі жүзжылдықтағы отандық композиторлардың туындыларын сараптау болып табылады. Жас композитордың ұстаздары мен оқытушыларының бірі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор Кеңес Дүйскеевтің сөзіне қарағанда, 18 жасар студенттің магистратураны аяқтауы бірегей оқиға болып табылады. «18 жасар талантты баланың магистратураны бітіріп жатқандығы бұрын-соңды болмаған ерекше бір дүние. Шынына келгенде, Рахат-Бидің таланты таңқаларлық дүние. Бір жылдың ішінде ол 10 шығарма жазды. Австриядағы ірі мастер-класқа Азиядан шақыру алған жалғыз өкіл осы – Рахат-Би. Ол сол жерде жақсы өнер көрсетіп, лауреат атанды. Кейін Ресейдегі халықаралық байқаудан да жүлделі оралды. Сонда ол бір жылдың ішінде екі рет композитор ретінде халықаралық байқаулардың лауреаты атанды. Қазақтың кең даласында таланттар жетеді. Ең бастысы сол таланттарды тауып, соларды келешекте халқымыздың игілігіне қызмет ететіндей, еліміздің атын шығаратындай етіп тәрбиелеуіміз керек» деген ойымен бөлісті Кеңес Дүйсекеев. Әріптесінің пікірін қуаттаған Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры, Қазақстан халық әртісі, Еңбек Ері Айман Мұсақожаева: «Рахат-Би университетіміздің магистратурасына экстернатпен түсіп, оның бағдарламасын бір жылдың ішінде аяқтап шықты. Ол музыкалық мектебін, консерваторияны үздік деген бағаларға уақытынан бұрын аяқтаған дарынды композитор. Оның вундеркиндтердің бірі екендігіне сөз жоқ. Оның шығармалары әлемнің ең ірі сахналары Берлин, Вена, Прага, Лондонда орындалып, барлық жерде тыңдармандар мен сыншылардың, профессорлық құрамның өте жоғары бағасына ие болып жүр. Рахат-Би ерекше сана-сезім мен ойлау жүйесі тән талант иесі. Димаш Құдайберген, Рахат-Би Әбдісағын, Азат Мәлік секілді талантты студенттер еліміз бен мәдениетімізді әлемдік деңгейде танымал етуге дайын екендігі қуантады», – деді. Бүгінде шетелдік сыншылар Рахат-Биге «Шынайы қазақ ғажайыбы, қолына ірі күш пен қайыспас жігер дарыған шебер пианист» деген бағасын беріп қойған. Себебі Рахат-Би Әбдісағын – композитор және пианист, Қазақстан Республикасы шығармашылық зиялы қауым жас буынының жарқын өкілі, Компзиторлар мен пианистер халықаралық байқауларының лауреаты. Ол жүзден аса музыкалық шығармалардың авторы. Атап айтқанда, оның «Үйлесімділік шектері» (Алматы, 2011) атты алғашқы жинағы өнерсүйер қауымның жүрегіне жол тапты. Сондай-ақ, жас дарын «Математика және заманауи музыка» (Алматы, 2013), «Mathematics and Contemporary Music» (Almaty, 2013) ғылыми жұмыстарын жазды. Рахат-Би Австрияның Грац қаласында 2013, 2015 жылдары өткен VIII-IX Заманауи музыканың композиторлары мен орындаушылары халықаралық форумдарына Қазақстан атынан қатысып, 2017 жылғы аталмыш шараға қатысуға шақырту алды. 2015 жылы Мюрццушлаг қаласындағы (Австрия) 25-ші ISA халықаралық жазғы академиясына қатысып, стипендиат атанды. 2015 жылдың тамыз айында сол жерде автордың флейта солоға арналған «Feeling of Autumn» туындысының әлемдік тұсаукесері өтсе, 2016 жылы Мюнстер қаласында гитарист Райнберт Эверстың KlangZeit Muenster 2016 фестиваліне арнайы тапсырыс бойынша жазылған флейта, вибрафон және гитараға арналған Рахат-Бидің «Painting in sounds» шығармасының әлем деңгейінде шымылдығы түрілді. Рахат-Би Әбдісағын ғылыми ізденістермен де шұғылданады. Ол отандық және шетел университеттерінде «Музыка жолдары», «Математика және музыка» тақырыптарындағы концерт-лекциялармен өнер көрсетеді. Оның «Математика және заманауи музыка» тақырыбындағы жұмысы Мәскеу қаласында өткен VII Ғылыми жобалар халықаралық байқауында 1-ші орын алды. Міне, Рахат-Би Әбдісағын небәрі 18 жасында талай белесті бағындырып, толағай табысқа қол жеткізді. Ол асатын асу әлі алда. Дарын иесінің асқақ армандары орындалып, қазақ елін әлемге танытуға сіңіретін еңбегі зор. Өнер жолында қанаты қайрылмай, биікке самғай беруіне бәріміз де тілекшіміз.