Алматыдағы трамвай желілерін алып тастау оны қайта іске қосқаннан 7 есе шығынды

Алматыдағы трамвай желілерін алып тастау оны қайта іске қосқаннан 7 есе шығынды

Алматыдағы трамвай желілерін алып тастау оны қайта іске қосқаннан 7 есе шығынды
ашық дереккөзі
Алматыда екі жылдан бері тоқтап қалған трамвай желілерін алып тастау қымбатқа түсуі мүмкін. Қоғам белсенділерінің айтуынша, ол трамвай қозғалысын қайта іске қосқаннан 4-7 есе көп шығын әкеледі. Бұл туралы «Астана» телеарнасы хабарлады. Қала әкімдігі биыл 30 шақырымнан астам шойын жолдың 7,5 шақырымын бұзып, оның орнын қайта абаттандыруды жоспарлаған. Ал балама ретінде салынуы тиіс жеңіл рельсті қоғамдық көлік жобасының құрылысы қашан басталары белгісіз. Трамвайлар қайта-қайта көлік апатына себепкер болған соң, шаһар билігі оларды қолданыстан мүлде шығарған. Трамвай депосының орнына тіл үйрететін жастар орталығы салынатын болды. Ал 30 шақырымды алып жатқан шойын жолдардың тағдырына қатысты шешім жуырда қабылданды. Оған сай темір төсеніштер бұзылып, орны қайтадан жамалады. «Бұл мәселені жіті талқыладық. Арнайы құрылған комиссияның есебін тыңдап, трамвай жолдарын бұзуға рұқсат бердік . Уақыт өз орнында тұрмайды. Сондықтан жолаушыға қолайлы қоғамдық көліктер құрылысы салынуы тиіс деп ойлаймыз», – дейді Алматы қаласы мәслихатының депутаты Нұрия Ниязова. Шойыннан құйылған жолдарды алу туралы шешім қабылданғанымен, оның құрылысына кететін қаражат көлемі белгісіз. Қалалық автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі  басқармасы шығынды есептеп бітпеген. Белгілісі - биыл Шевченко, Қонаев және Өтепов көшелері бойындағы ұзындығы 7,5 шақырым темір жол төсеніші алынып, айналасы абаттандырылады. «Бұл желілер Алматыэлектротранс компаниясының балансында болады. Алынған шойынжолдардың әр метріне дейін есептеліп, арнайы хаттамамен аталған кәсіпорынға өткізіледі. Егер шпалдар шірімеген болса, олардың барлығы қазірше бір жерге жинақталады. Сосын шешім қабылданады», – дейді Алматы қаласы автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі басқармасының бөлім басшысы Қайсарбек Аманжолов. Трамвай желісін толықтай алып тастауға байланысты шешімді қоғам белсенділері де жіті қадағалап отыр. Қоршаған орта үшін таза деп саналатын қоғамдық көлікті түбірімен жоқ қылу дұрыс шешім емес, дейді эколог Абай Еркенов. Шойын жолдарды алып, оның орнын жамау - өте қымбат жоба. Ал оған балама ретінде жеңіл рельсті көліктер құрылысын салу туралы бастама әлі шикі. Абай Ерекенов, қоғамдық белсенді, эколог: –  Бір-бірін жалғап жатқан желілерді, айналасындағы бетондар мен шпалдарды бұзып, орнына асфальт төсеуге  миллиардтаған қаражат жұмсалады. Біздің есебімізше,  бұл трамвай қозғалысын қайта қалпына келтіргеннен 4-7 есе артық шығын. Әкімдік мәселені бір жақты шешпей, қоғамдық тыңдауға шығаруы керек еді. Алматы билігі  биыл жылдам қозғалатын автобус желісін салуды бастамақ. Оның алғашқы дәлізіне 4 млрд теңге бөлінген. Көліктің алғашқы бағыты «Орбита» ықшам ауданынан басталып, Тимирязев көшесіне дейінгі аралықта қатынауы тиіс. Бірақ оның да нақты іске қосылатын мерзімі белгісіз. Сөйтіп шаһарда 80 жыл бойы халыққа қызмет еткен Алматы трамвай желісі тарих қойнауына енді. Қала билігі электрлі көліктің моральдық тұрғыдан ескіргенін және өзін-өзі ақтамайтын жоба екенін айтып отыр. Ал оның орнына балама ретінде салынуы тиіс экологиялық таза көлік желісі тек қағаз бетінде қалып келеді. Соңғы мәліметер бойынша, қала билігі ЛРТ-ны 2021 жылы ғана іске қосуы мүмкін және оған 200 млрд теңгеден астам қаражат қажет.