Журналист Мамайды қолдауды сұрап хат жолдады
Журналист Мамайды қолдауды сұрап хат жолдады
Журналист Мамайды қолдауды сұрап хат жолдады. Алматыда тәуелсіз журналист, қамауда отырған Жанболат Мамайды қолдау комитеті Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Мамайды және және басқа да сотталған белсенділерді қорғауды сұрап ашық хат жолдады.
Белсенділер Алматыдағы «Қазпоштаның» Бөгенбай батыр мен Абылайхан даңғылының қиылысында орналасқан орталық бөлімшесіне жиналды. Журналист Рысбек Сәрсенбай жиналғандар алдында президентке жолданатын хатпен таныстырды. Сәрсенбай оқыған хатта«Трибуна. Саяси қалам» газетінің бас редакторы міндетін атқарушы Жанболат Мамайдың қамауда отырғанына бес айға ұласқаны, комитет мүшелері оны «журналистік қызметі, көзқарасын ашық білдіргені, саясатқа араласқаны үшін қудаланды деп білетіні» жазылған. Оны қамамас бұрын «Трибуна. Саяси қалам» газетіне сот арқылы әлденеше рет қысым жасалғаны айтылады.
«Мамай оппозицияшыл көзқарасынан, бағытынан танбады... Астанаға, әуежайға сіздің есіміңізді беру ұсынысына қарсы шықты» делінген хатта Назарбаевқа қарата.
Хатта сонымен қатар Назарбаевтың таяуда Қазақстанда саяси қуғын-сүргін жоқ деп мәлімдегені, егер солай болса, «ой-пікірлерін еркін білдірген Макс Боқаев, Талғат Аяндың «ұлтаралық араздықты қоздырды», «рұқсат етілмеген митинг ұйымдастырды» деген айыппен бес жылға неге сотталды?» деген де сұрақ қойылған.
Белсенділер Мамайдың жас баласы, қарауында кәрі ата-анасы барын айтып, оған қарсы «саяси астары бар» қылмыстық қудалауды тоқтатуға ықпал етуді, Талғат Аян мен Макс Боқаевтың тағдырына бей-жай қарамауды сұрайды.
Хатқа сол жерде ондаған белсенді қол қойып, оны Астанадағы президент әкімшілігіне жолдады.
Жанболат Мамай 2017 жылы 10 ақпанда сот шешімімен екі айға қамалған. Тергеу тарабы "2009 жылдан бері Еуропада жүрген бұрынғы банкир және оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов БТА банкінен ұрланған ақшаның бір бөлігінің ізін Мамай басқаратын "Трибуна. Саяси қалам" газеті арқылы қаржылық операциялар жасап жасырған" деп күдіктенеді. Журналист бұл айыпты мойындамайды. Ал Мұхтар Әблязов бұл айыптауды "абсурд" деп атап, Мамаймен ешқашан кездеспегенін мәлімдеген.
Сот 31 мамырда Мамайды қамау мерзімін 10 шілдеге дейін ұзартқан. Жанболат Мамай абақтыда өзін соққыға жыққаны туралы хабарлаған соң оны қорғау комитеті құрылған.