Астанада EXPO-2017 қарсаңында пәтерді жалға алу бағасы қымбаттады
Астанада EXPO-2017 қарсаңында пәтерді жалға алу бағасы қымбаттады
Астанада EXPO-2017 көрмесінің ашылуына бір апта қалғанда пәтерді жалға алу бағасы әлдеқайда өсіп кетті. Жалға берушілер "қалаға келушілер көп болады" деп отыр.
EXPO-2017 халықаралық көрмесі үшін Астанада 42 алты және сегіз қабатты тұрғын үй салды. Мұнда барлығы 1300 пәтер бар. Көрме кезінде бұл пәтерлерге әлемнің 20 елінен туристер орналасады деп жоспарланған. Дегенмен Астанаға көрмеге келгендер хостельдерге де орналасып жатыр.
Хостель қожайындары көрме кезінде және қарсаңында жалға беру бағасын өсіру - қалыпты жағдай деп есептейді. Бұған дейін хостельде бір төсек құны шамамен 3900 теңге (12 доллар) болса, көрме кезінде оның бағасы алты мың теңгеге (шамамен 19 доллар) дейін көтеріледі.
Астаналық риелторлар жалдамалы пәтер бағасы қалады бір жарым есеге өскенін айтты. Ал көрме басталған уақытта пәтерді жалға алу бағасы екі есеге дейін қымбаттайды. "Сол жағалауда бір бөлмелі пәтерді бұрын 130 мың теңгеге (400 доллардан астам) өткізсек, қазір 150-170 мың теңге (500 доллардан астам) болды", - деді риелтор Малика Тайшытаева.
Ұйымдастырушылар 10 маусым және 10 қыркүйек аралығында өтетін халықаралық көрмеге шамамен бес миллион турист келеді деп болжайды.