Клинтон һәм Левински (20 жылдан соң...)

Клинтон һәм Левински (20 жылдан соң...)

Клинтон һәм Левински (20 жылдан соң...)
ашық дереккөзі

Ұлыбританияда парламент сайлауының көрігі қызған тұста Америкада алдағы жылғы президент сайлауына дайындық науқаны басталып кетті. Қара нәсілділер қатарынан алғаш рет озып шығып, президент болған Барак Обаманың билікте отыру мерзімі аяқталуға жақын. Обаманың билікке келуі демократияның жеңісі деп бағаланса, енді одан кейін кімнің президент болары тіпті жұмбақ. Себебі, азуын айға білеген Американың ендігі басшысы қара да емес, ақ нәсілді емес, тіпті ер емес, әйел адам болуы мүмкін. Ол кім дейсіз бе? Әлбетте, Клинтон!

Күйеуі Билл Клинтон АҚШ прези­денті болып сайланғанға дейін де Хилла­ридің аты жалпақ жұртқа мәлім еді. Себебі, Билл Клинтонның Арканзас штатында губернатор болып сайлануын­да, одан соң Америка президенті болып таңдалуында Хилларидің еңбегі ерен деседі.

Америка басшысының зайыбы­ әдетте «№1 ханым» санатында жер шарын күйеуімен бірге аралап, іссапар­ларда оған серік болуға, ал ел ішінде қайырымдылықпен айналасып, белгілі бір деңгейде қоғамдық белсенділік танытуға тиіс. Екі жүз жылдан астам тарихы бар мемлекеттің саяси дәстүрі осыны талап етеді. Әйтсе де, «бірінші ханымдар» арасында да өзгелерден шоқтығы биік болғаны, ерекше белсенділікпен көзге түскені немесе елеусіз-ескерусіз қалғандары жетерлік. «Бірінші ханымдар» арасында көзге көрінбес байқау жүргізгендей, оларды бір-бірімен салыстырып, теңестіріп, бақастырып қоятындар бар. Тіпті «бірінші ханымдар» атты арнайы зерттеу жазып, оны кітап етіп те шығарған.

Обалы нешік, Ақ үйді билеп-төстеген «бірінші ханымдар» арасында Хиллари ең ықпалды, әрі белсендісі саналады. Оның билікқұмарлығы, кәсібилігі мен салқынқандылығы саяси қызметте тасының өрге домалауына бірден-бір себеп.

Хилларидің «бірінші ханымдығы» Билл Клинтонның Арканзас штатында губернатор болып тұрған кезінде басталған. Он екі жыл бойы штаттың «бірінші ханымы» білім беру, денсаулық сақтау, балалардың құқығын қорғау саласында қажырлы жұмыс істеді.

Ал «бірінші ханым» дәрежесінен мем­лекеттік хатшы қызметіне дейін көтерілу Хилларидің маңдайына бұйырған бақ екен. Оған дейін бірде-бір «бірінші ханым» жоғары лауазымды саяси қызмет сатысымен өрлемеген.

Қалай дегенмен де, Хиллари­ Клинтон «бірінші ханымдар» арасын­да ойып тұрып орын алған ерек бейне. Онда да өзінің білімді­лі­гімен, кәсібилігімен, саяси тәжіри­бесімен ғана емес, қарапайым әйел­ге тән көнбістігімен және саяси сал­қын­қан­дылығымен тарихта аты қалды. 1998 жылы АҚШ президенті Билл Клинтонды биліктен айыра жаздаған жанжалдан аз-маз саяси сауаты бар әркім-ақ хабардар. Барша ғаламға өз ұстанымын таңатын АҚШ президентінің басындағы жағдай әлемдік деңгейде, түрлі елдегі көптеген ақпарат құралдарында, тіпті ғаламторда егжей-тегжейлі тал­қыланды. Әлі күнге дейін Клин­тонның аты аталған жерде 1995-1996 жылдары Ақ үйде стажер санатында жұмыс істеген Моника Левинскидің есімі қатар жүреді. Осы оқиғадан соң президенттің өзі абыройдан жұрдай болса да, зайыбының беделі арта түсті. Себебі, Хиллари Клинтон барынша ұстамдылық танытып, президент-күйеуінің жанында болып, айдай әлемнің алдында оны қорғаштап бақты, ақыры бұл жанжалдың жалынын басуға үлес қосты.

Шындығында, АҚШ Өкілдер палатасы 1998 жылы президент Билл Клинтонға импичмент жариялаудың аз-ақ алдында еді. Бірақ Сенат 1999 жылдың 7 қаңтарында бұл мәселені дауысқа салып, Клинтонға импичмент жариялау мәселесін тоқтатты. Билл Клинтон 2001 жылға дейін өз орнында қалды.

Дегенмен, күйеуі президенттік өкілеттігін ойдағыдай аяқтап, саяси сахнадан тыс қалған соң, Хиллари Биллді оңаша қалдырып, саяси қызметке біржола ден қойды. 1993-2001 жылдары «№1 ханым» ролін абыроймен атқарып шыққан Хиллари іле-шала жеке-дара саяси қызмет сүрлеуіне түсіп, 2001-2009 жылдары Нью-Йорк штатының атынан сенатор болып сайланды.

Сенаторлық қызметте отырған сегіз жылда Хиллари болашақта президенттікке таласудан дәмесі барын айқын сездірді. 2008 жылғы президенттік сайлауалды науқанында Барак Обамамен тайталасты, жеме-жемге келгенде, додаға түсуден бас тартып, Обаманы қолдап шықты. Бұл еңбегі ескерусіз қалған жоқ, Барак Обама президент болып сайлана салысымен, мемлекеттік хатшы қызметін Хиллари Клинтонға ұсынды. Ол 2009-2013 жылдары АҚШ мемлекеттік хатшысы болған кезі туралы «Hard Choices» («Күрмеуі қиын таңдау») атты естелік жазып та үлгерген.

Енді, міне, 12 cәуірде Хиллари­ Клинтон демократиялық партия атынан 2016 жылғы президенттік сайлауға түсетінін ресми түрде жария­лады. Жариялағанда, арнайы шеру ұйымдастырып әуре болған жоқ, бар болғаны ғаламтор арқылы бейнеүндеу жолдап, әріптестері мен жақтастарына электронды пошта арқылы хат жіберген. Одан соң Айова штатына алғашқы сайлауалды іссапарын бастады. Осылайша, Клинтон либералды демократияны жақтайтын қарапайым американдық екенін танытуға тырысуда. Бірақ оның «қарапайымдылығына» иланатындар өте аз. Себебі, Клинтондардың бақуатты екендігі әмбеге аян. Ал америкалық сарапшылар мен журналистер қазіргі таңда «Клинтон не үшін президенттікке түспек?» деген мәселеге бас қатыруда. Өйткені Хилларидің өзі түпкі мақсаты туралы тіс жармады.

Сондықтан бұл орайда түрлі жорамал жасауға жол ашылды. Қисынға салсақ, ұзақ жылдардан бері Хиллари елдегі ең жоғары лауазымға ұмтылып келеді. Күйеуі Билл Клинтон Арканзас штатының губернаторы болғанда, одан соң екі дүркін ел президенті болып сайланғанда, Хиллари отбасылық мәселелерден гөрі қоғамдық, мемлекеттік мәселелерге көбірек алаңдайтынын жасыра алмады. Қарсыластарының оған қарсы қолданар қаруы да осы болатын. Бұл орайда Билл екеуін салыстыратын, «Ақ үйдің шын қожайыны кім?» деген сұраққа қатысты алып-қашпа әңгіме көп еді. Ал Биллдің өзі Хиллариді «сенімді серіктес» санайтынын журналистерге берген сұхбатында ашып айтқан еді.

Мәселенің ушыққаны соншама, 1993 жылы Америкада мынандай анекдот тарады: «Президент Клинтон Хилларидің күзетін күшейтіпті. Не үшін? Егер Хиллари қастандық құрбаны болса, Билл АҚШ президенті болуға мәжбүр болады ғой».

Ерлі-зайыпты Клинтондардың «сенімді серіктестігі» Левинскиге қатысты жанжалда отбасын сақтап қалуға басты себеп болды. Көзіне шөп шалған күйеуін кіналамақ түгілі, ел алдында оны қорғап шығуы Хиллариді сын садағына іліндіргені де рас.

Міне, енді соншама жыл қажыр­лы еңбек пен темірдей төзімнің арқа­сында президенттік лауазымға ие болуға аз қалғандай... Бірақ әлемге әйгілі болған жанжалдың бас­ты кейіпкері Моника Левински аяқ астынан қайтадан бой көрсетіп, қоғамдық белсенділердің бірі болып шыға келді. Ол өткен айда TED Talks онлайн-конференциясында шаршы топтың алдында жарты сағаттай сөз сөйлеп, өзінің өмірі жайлы әңгімелеп берді. «22 жасымда мен өзімнің бастығыма ғашық болдым. 24 жасымда мен осының бар залал-зардабын тарттым», – деді ол.

Президентке қатысты жанжал­дан соң Моника бұл оқиғадан қал-қадірінше пайда табуға тырысты. 1999 жылы ол «Monica’s Story» («Мониканың хикаясы») атты кітап жазып, бірнеше жарнамалық жобаларға қатысты. Президентпен қарым-қатынасы туралы кітаптың қаламақысы 1,5 миллион долларға жеткен екен. Оның бір ғана ABC телеарнасына берген сұхбатын 70 миллион американдық тамашалаған. Бұл Америка үшін рекордтық көрсеткіш еді. Бірақ Мониканың өзі мұндай «атақтан» әбден жапа шеккенін айтады. Арада жиырма жыл өтсе де, ол әлі толыққанды жұмысқа орналаса алмағанын, жеке өмірін дұрыс арнаға сала алмағанын, тұрмысқа шығып, бақытты бола алмағанын мойындады. Атышулы жанжалдан соң 2005 жылы Моника Левински Лондонға қоныс аударып, әлеуметтік психология саласы бойынша магистрлік диссертация қорғаған.

Былтыр «Vanity Fair» журналында жариялаған «Ұят және Тірі қалу» атты мақаласында Моника президент Биллмен арада болған оқиғаға қатты өкінетінін айтып, өзін «ғаламтордың кесірінен әлемдік деңгейде масқараға ұшыраған бірінші адам» деп атаған. Оған қоса, он жылғы үнсіздіктен соң National Geographic телеарнасына берген сұхбатында өзі туралы «әлемдегі ең үлкен масқараға ұшыраған әйелмін» деді.

Арада жиырма жыл өтсе де, тіпті Моника ел көзінен тасаланып, оқшау өмір сүрсе де, америкалық журналис­тер Левинскидің атын да, оның басынан өткен хикаясын да ұмытқан емес. Левински оқиғасына қатысты қаншама ән шығарылды, қаншама әжуа шығарма жазылды, ал мерзімді баспасөз дүркін-дүркін оның атын саяси мақалаларға қосып қоятын. Бірақ былтырғы мақаласынан соң журналистердің Левински туралы пікірі өзгере бастады. Late Show телеарнасының журналисі Д.Леттерман ел алдында Моникадан бұрынғы әжуа-мысқылы үшін кешірім сұраған. Ал HBO жүргізушісі Б.Мар өзін кінәлі санайтынын ашық мойындады.

TED Talks онлайн-конференциясында сөйлеген сөзін Левинс­ки ғаламтордың кесірінен зардап шеккендерді қолдауға арнады. Оның айтуынша, «интернет қоғамдық масқаралаудың аясын одан әрі кеңейтіп жіберген». Енді ол бұл салада «мәдени төңкеріс» жасауды ұсынады. «Ғаламторға да, мәдениетімізге де өзгеріс енгізетін уақыт жетті», дейді ол. Моника өз сөзінде ғаламторда әжуа-мазақ нысанасына айналып, соның салдарынан өзіне қол жұмсаған студент Тайлер Клементидің оқиғасын мысалға келтірді. Ғаламторда әжуа-мазаққа ұшыраған бірінші адам санайтын Моника өзі сияқты құрбандарды қорғау ниетін анық білдірді.

Левинскидің сөзін нақты тұжы­рым­­дама деп қабылдау қиын, бұл бар болғаны басынан қиын-қыстау күндер күткен адамның жеке пікірі.

41 жастағы Левинскидің бар үміті алда. Ол бұрынғы бақытсыздықтың бәрін ұмытып, жаңа өмір бастаудан дәмелі. Бәлкім, оның да қоғамдық-саяси қызметі енді басталған болар?

1998 жылғы импичмент үрейінен соң Моника қара үзіп, жым-жылас жоқ болғандай еді. Көп жылдық үнсіздікті бұзуға не себеп? Әлде Хилларидің президенттік додаға түсуі Мониканың сахнаға қайта шығуына түрткі болды ма? Мұндай жағдайда Моника Левинскидің бейнесі Хиллари Клинтонның сайлауалды науқанында шешуші факторлардың біріне айналуы әбден мүмкін.

Ал Хиллари тарихта өз атының шалыс басқан Билл Клинтонның зайыбы ретінде емес, АҚШ-ты басқарған алғашқы президент-әйел ретінде қалғанын мұрат етуі ғажап емес. Ол бір сөзінде «2010 жылға дейін Американың президенті әйел адам болады» деген еді. 2008 жылы бұл мұратына жетуіне қара нәсілді Барак Обама кедергі болды. Обаманың екі дүркін өкілеттілігі аяқталуға жақындаған кезде, Хилларидің үміті қайта оянды. Бәлкім, демократиялық құндылықтарды демократияшыл ұрандарға айырбастаған Америка шынымен де келесі жылы әйел-президентті таңдайтын болар? Бәрі мүмкін...

Оның үстіне, қазіргі президент Барак Обама жақында Хиллари Клинтонды «мықты үміткер» деп атап, өз қолдауын ашық білдірді. Ал Хиллари Обаманың саяси бағытын одан әрі жалғастыруы мүмкін.

Иә, бұл – Хиллари үшін президенттікке ұмтылудың алғашқы талпынысы емес. Ең бастысы 67 жастағы Хиллари Клинтон үшін бұл дода – ел басқаруға деген талпыныстың соңғы мүмкіндігі. Алдағы сайлауда жеңіске жеткен жағдайда, оның жасы 69-да болады екен. АҚШ-тағы ең егде жастағы басшы – 70 жасында президент болған Рейган еді, бірақ Хилларидің оған теңестірудің реті келмес.

Әйтсе де, Моника Левинскидің қоғамдық өмірде қайтадан қылаң беруі Хилларидің сайлауалды науқанына әсер етуі әбден мүмкін. Саясаткер әйел «әлемдегі ең үлкен масқараға ұшыраған әйелдің» өмірбаянын өз пайдасына жарата ала ма – Америкадағы алдағы сайлауалды науқанының даулы тақырыбының бірі осы болса, таң қалмаңыз.

Ұлыбритания